Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Жақсылықовпен әңгіме
– Тимур Мекешұлы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан дәл жиырма жыл бұрын М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде айтқан Еуразиялық одақ туралы идеясы жүзеге асар күн де алыс емес. Әңгімені осы мәселеден бастасақ... – Оныңыз рас. Таяудағы тарих беттеріне үңілер болсақ, Елбасымыз ТМД-ға мүше елдердің Еуразиялық одағын құру туралы идеясын 1994 жылдың 29 наурызында жариялағанын көреміз. Міне, арада жиырма жыл өткенде Қазақстан басшысының өміршең идеясы өзінің нақты нәтижелерін бере бастады. Осы ретте бұл бастаманың оңайлықпен жүзеге аспағанын да айта кеткен жөн. Кедергілер аз болған жоқ. Әсіресе, одақтас республикалар өз тәуелсіздіктеріне ие болып, дербес мемлекет құруға кіріскен сол жылдары қандай да бір одаққа бірігу туралы айтудың өзіне де үлкен дәлел керек болатын. Өйткені, ол уақыттарда одақ құру туралы қандай да бір идея көпшілік үшін бұрынғы КСРО-ға қайта оралумен бірдей болып көрінетін. Дегенмен, уақыт Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендікпен айтқан сөзінің өте орынды екенін дәлелдеп берді. – Кейбір сарапшылар мүмкін деген зардаптарға шынайы баға берместен, Еуразиялық экономикалық одаққа ену Қазақстанның Ресей алдындағы саяси, ақпараттық және экономикалық тәуелділігін күшейте түседі деген болжамдар жасауда. Бұл туралы не айтар едіңіз? – Ресейге тәуелді болу мәселесіне қатысты көптеген дәйектер келтіре отырып-ақ бұл теорияны теріске шығаруға болады. Біріншіден, еуразиялық интеграция – ол ең алдымен, саяси егемендікке ешқандай нұқсан келтірместен, тауарлардың, қызметтердің, инвестициялардың, еңбек ресурстарының кәсіпкерлік белсенділіктің алға басуы үшін кедергілерді алып тастау мақсатын көздейтін экономикалық бірлестік. Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдары ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда сезімтал мәселелердің қатарына жатады, сондықтан ол экономикалық интеграция құралы болып табылмайды және ешқандай түрде құрылатын одақтың құзырына берілмек емес. Бұл Қазақстанның ұстанымы болатын, түптеп келгенде ол біздің барлық әріптестеріміз тарапынан да қолдау тапты. Үшіншіден, жоғары технологиялық салаларды, бірінші кезекте телекоммуникацияны интеграциялау үшін жақсы алғышарттар қаланбақ. Ақпараттық технологиялар саласының мейлінше шапшаң дамитыны баршаға мәлім. Әлемдік брендтер тәжірибесін пайдалана отырып, бірлескен жобалар құру барысында осы жайтты тиімді пайдалану қажет. Агроөнеркәсіп кешенінің де азық-түлік қорларын қалыптастыруда және тамақ өнімдерін Еуропаға, Парсы шығанағы елдеріне, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Қытайға экспорттауда орасан зор әлеуеті бар. Астық және майлы дақылдар өндірушілердің де өзара бірігетініне еш күмән жоқ. Осылайша, біртұтас экономикалық кеңістікте майлы дақылдарды өсіру және өңдеу жөнінен бүтіндей бір кластердің құрылуы да әбден мүмкін. Ресейлік және қазақстандық металлургия өнімдерін машина жасау ісінде пайдалануда да үлкен перспективалар бар. Бұл орайда, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының кәсіпорындарын Ресейдің Оралдағы зауыттармен өндірістік кооперациялауда кең өріс ашылмақ. Ресейлік технологиялардың базасында біздің дербес машина жасау өнімдері өндірісін дамытуымызға болады. Сол арқылы өнімдерді ішкі рынокта пайдалануға да, сонымен бірге экспортқа, мәселен, Қытайға шығаруға да мүмкіндіктер тумақ. Осының бәрі Қазақстанның Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік бойынша әріптестерімен қатар әлемдік рынокта бәсекеге қабілетті жоғары технологиялық тауарлар шығарушы ел атануына кең жағдайлар жасамақ. – Осы орайда, Кеден одағы шеңберіндегі уағдаластықтар Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына өтуіне кедергі келтіреді деген пікірге қатысты не айтар едіңіз? – Жоқ, ол пікір дұрыс емес. Кеден одағында ойынның өңірлік ережелері бар болса, Дүниежүзілік сауда ұйымында халықаралық ережелер әрекет етеді. Олар бір-біріне қарама-қайшы келмейді, керісінше, Кеден одағының заңнамалық базасы әлемдік тәжірибелер мен ДСҰ нормаларын ескере отырып жасалғандықтан, бір-бірін толықтыра түседі. Кеден одағын құру Қазақстанға өзінің тарихи әріптестерімен бір одаққа біріге отырып, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік туғызса, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына өтуі отандық бизнестің осы ұйымға мүше елдермен бірдей жағдайда халықаралық рыноктарда бәсекелестікке түсуіне мүмкіндік береді. Кеден одағы шеңберінде қабылданған барлық құжаттар ДСҰ нормаларына толық сәйкес келеді. Сондықтан Кеден одағына мүше болу Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына өтуіне ешқандай кедергі келтіре алмайды. – Кей кезде интеграциялық келіссөздер үдерісінде қазақстандық шенеуніктердің селқостығы орын алып жатады деген әңгімелер де естіліп қалып жүр. Ол жөнінде сіз не айтар едіңіз? – Көпжақты келіссөздер – ол әр мемлекет өз мүдделерін қорғауы тиіс болатын өте күрделі механизм. Сондықтан кейде қандай да бір тараптың енгізген ұсыныстары бір-біріне барынша қарама-қайшы болып жатады. Өйткені, олардың артында әркімнің өзіне тән түсінігі мен көзқарасы бар. Осыдан келіп, кейде қол қойылып кеткен қалың-қалың келіссөздерді қайтадан қопарып, олардың белгілі бір ұстанымдарға сәйкестігін екінші рет тексеруге тура келетін жағдайлар болады. Дегенмен, бүгінде келіссөздерге қатысып жүрген қазақстандық команданың шыңдалған күрескерлер, сенімді де сауатты мамандар екенін атап көрсету қажет. Олар әр кездесуде өз ұсыныстарын білікті жеткізіп, көзқарастарын дәйектілікпен қорғай білуде. Соның арқасында ең бір қажетті деген сәттерде түптеп келгенде, біздің тараптың ұстанымдары қолдау тауып, қабылданып жатады. Сөзімнің соңын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылдың 25 қазанында «Известия» газетінде жарық көрген «Еуразиялық одақ: идеядан болашақтың тарихына дейін» деп аталатын мақаласындағы мына бір сөздермен аяқтағым келеді. «Біз Еуразиялық одақты ашық жоба ретінде қарастырамыз. Оны мысалы, Еуроодақпен, басқа бірлестіктермен қоян-қолтық қарым-қатынассыз көзге елестете алмаймыз. Алайда, біз бұрынғы КСРО-ны қайта қалпына келтіруді ойлап отырған жоқпыз. Бұл – бар-жоғы өткенді аңсайтындардың қиялы, болжамдары және бас пайдасы үшін пайдаланып қалғысы келетін іс-қимылдары ғана. Ең бастысы, бұл жерде біздің көзқарасымыз Ресей, Беларусь және басқа мемлекеттердің ұстанымдарымен толық сәйкеседі», деп атап көрсеткен болатын онда Қазақстан басшысы. Осы сөздерден-ақ құрылғалы жатқан Еуразиялық экономикалық одақтың қандай сипатқа ие болатынын жақсы түсінуге болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан».Семейде Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткіші бой көтерді
Әдебиет • Бүгін, 09:20
Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Кеше
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Кеше
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Кеше