15 Сәуір, 2014

Бесоба: тағы қауіп туды

431 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазір қарағанды­лықтар­ды алаң­датқан бұл хабар «шиқан үстіне қотыр» деген сөзді еске түсірер­дей. Апырай, сол сан соқтырған са­лақтық бір емес-ау, тағы таз қалпы­­нан таймапты. Түзеліс, өзгеріс­тің «ұштығы түгіл, пұштығы жоқ» болып қалыпты. Айтайын деп отырған мәсе­ле­міз дүйім жұртқа мәлім болған жайдың жалғасы. Қарағандының «Бесоба» атты аймағында бұрна­ғы жылы құлап түскен үйдің орнына салынып жатқан жаңа­сы­ның құрылысынан да шикі­лік шықса, бұлай демеске не лаж. Атауы «Бесобадан» «Шапа­ғат­қа» ауыстырылған онда тұрғы­зылған сырты әп-әдемі көп пәтерлі мекенжайдың сапасы баяғы басы бапан, аяғы сапан күйге еніпті. Құрылыс және ком­му­­налдық шаруашылық істері жөніндегі комитет тексерушілері анықтағандай, құрылыс талабынан біраз ауытқулар бар, бұрын­ғысынша арзанқолды, көпке шыдас бермейтін материалдарды қолдану қайталанған көрінеді. Ал осылайша анадан да, мынадан да үнемдеп көтерген «Бесобаның» ақыры не болғаны белгілі. Кешегі кінәраттың ізі суымай жатып-ақ түк болмағандай, көзді жұмып үй салушылардың айылын жимауы қалай?. Солай бола бере ме? Алды « Шапағатқа» амалсыз асығыс қоныстанғандар, соған дайын отырғандар тағы қапыда қалуларына қорқады. Құрылысшылар ше? Белгісіз. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.