Қызылорда қаласындағы Қызылжарма ауылында орналасқан № 55/47 әскери бөлімінде оқыс оқиға орын алды. 13 сәуір күні таңертең бір сарбаз командиріне дене қызуының көтеріліп, басы айналып, жүрегі айнып, әлсіздік болғанын айтқан. Жедел-жәрдеммен ауруханаға жеткізілгенде сарбаздың уланғаны анықталған. Аталмыш оқиғадан соң әскери бөлімде осындай диагнозбен ауырған сарбаздардың саны артқан. Ақыры 35 сарбаз бен 1 офицер жұқпалы аурулар ауруханасына түскен.
Сарбаздардың улануына қатысты облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Қарагөз Балабекова мен № 55/47 әскери бөлімінің тәрбие ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Евгений Пак баспасөз мәслихатын өткізді. Мұнда ауыз толтырып айтарлықтай ақпарат жарияланған жоқ. Мінберден сөз алған кісілер сарбаздардың неден улануы мүмкін екенін, жаппай улану сипатының неліктен белең алғанын айтпады. Дәл қазір тексеру жұмыстарының жүріп жатқанын баян етіп, мәселенің мән-жайы алдағы бірер күнде белгілі болатынын жеткізді.
– Ауруханаға алғашқы түскен сарбаздардың жағдайы қалыпты. Ал кейіннен келген жауынгерлерді емдеп жатырмыз. Барлық сарбаздан қажетті сынамалар алынды. Бүгінде эпидимолог мамандар тексеру жұмыстарын жүргізіп, жаппай уланудың неден болғанын анықтауға күш салуда, – деді бас дәрігер.
Ал әскери бөлім басшысының орынбасары сарбаздарға тамақтың белгіленген тәртіпте берілгенін, аспаздардың күнделікті тексеруден өтетінін айтты. Сонымен қатар, уланған жауынгерлердің барлығы бір бөлімшеден емес екені жеткізілді.
Улану салдарының неден болғанын тап басып айту оңай емес. Егер тамақтан уланса, онда тұтас әскери бөлімнің ауруға ұшырауы мүмкін еді. Ауыз судан себеп іздесеңіз, онда әскери бөлім орналасқан Қызылжарма ауылының халқы да мұндай оқыс оқиғадан шет қалмауы керек-тін. Сондықтан мамандардың нақты сараптамасын күткеннен басқа лаж болмай тұр. Бастысы, бұдан басқа уланған сарбаздар мен ауыл тұрғындары жоқ.
P.S. Бет қатталып жатқанда ІІМ баспасөз қызметінен мынадай ақпарат келіп түсті. Аурудың себебі, бөлім аумағына қалалық су құбыры торабы арқылы келетін судың санитарлық нормаларына сәйкес келмеуінен болған. Осыған байланысты қалалық гарнизон әскери прокуроры «Горводоканал» АҚ-на қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес іс жүргізу шешімін қабылдау мәселесін қарастыруда.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
ҚЫЗЫЛОРДА.