Тарих • 06 Мамыр, 2022

Қазақ мергендері 78 жылдан соң «Халық қаһарманы» атанды

13153 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлы Отан соғысы басталғанына үш жыл толу межесіне орай «Социалистік Қазақстан» газетінің 1944 жылғы 18 маусым күнгі санына Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің секретары Жұмабай Шаяхметовтің «Қазақ халқының жауынгерлік дәстүрі» атты мақаласы жарияланыпты. Бұл жазбада республика басшысы қан майданда ерлік көрсеткен қазақ ұландары Т.Тоқтаров, М.Ғабдуллин, С.Баймағанбетов, М.Байсов қатарлы Кеңес Одағы Батырларының ерліктеріне тоқталып, сонымен қатар майданда мергендігімен танылған қазақ жауынгерлері Төлеуғали Әбдібеков пен Ыбырайым Сүлейменов туралы да атап өтіпті.

Қазақ мергендері 78 жылдан соң «Халық қаһарманы» атанды

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Мергендік өнер қазақтың қа­нында бар. «Тобыршықты биік жай салып, Дұшпан аттым өкінбен» деп Доспанбет жырау айтқандай, жоғарыда аты аталған қос мергеннің бірі Т.Әбдібеков бір өзі 397 жауды жер жастандырса, екінші мерген Ы.Сүлейменов жайлы генерал-лейтенант Ф.Лисицынтің естелігінде, осы бір қазақ азаматының қолынан 250-ден астам фашист қаза тапты («Битва за Москву», М., 1958, с. 290-бет) делініпті. Осы орайда орыстың майдангер-жазушысы Илья Эренбург 1942 жылы «Правда» газетінде жарық көрген мақаласында майдандағы қа­зақ жауынгерлерінің батырлығы мен мергендігі жайлы тамсана жазып, сөзі­нің соңын «Олар үшін ар-намыс бәрінен жоғары», деп түйіндеуі бекер емес.

«Со­циа­листік Қа­зақ­стан» газетінің 1944 жылғы 18 қаңтар күнгі санында лейтенант Қазбек Сүлейменовтің «Мер­гендер» атты көлемді дүниесі жария­ланыпты. Осы мақалада со­ғыстан бұрын, яғни 1938 жылға дейін әскер қата­рын­да болған атақты мерген Әбіл Нүсіпбаев жайлы мәлімет келтіріпті. Әбіл мерген тіп­ті соғыс басталмай тұрып-ақ, арна­йы дайындықтан өткен және ерекше тап­сырма орындағаны үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған екен. Ол соғыс басталған тұста май­дан­ға шақырылып, 19 адамдық тек қазақ­­тардан құралған мергендер тобын жасақтаумен қатар, оларға ұстаздық етіпті. Оның шәкірт­терінің бірі мақала басында сөз етіп отырған – Төлеуғали Әбдібеков екен.

Бұл мақаладан үзінді келтірсек: «Әбіл үйреткен 19 мерген аз ғана уақыт­та 1173 немістің көзін жойды. Ат­қыш батырлар Төлеуғали Әбдібеков – 311 немісті, М.Асанов – 150 немісті, Т.Шабданов – 65 немісті, О.Орманов – 67 немісті, Е.Мұсабеков – 56 немісті, ал Әбіл­дің өзі 113 немісті өлтірді. Әбіл биыл жаңадан 28 снайпер дайындауда. Осылардан Масабаев – 24, Шалатаев 4 неміс өлтірді» депті.

Келесі жазба «Социалистік Қазақ­стан» газетінің 1944 жылғы 4 сәуір күнгі санына «Сұр мерген» деген тақы­­рыппен жарияланыпты. Мақала авторы – үлкен (аға) лейтенант Жекен Жұма­қанов. Кейіпкері – жоғарыда аты аталған қос мергеннің бірі – Ыбырайым Сүлейменов. Деректі жазбадан үзінді келтірсек: «Сапта тұрған снайперлерге оқты бұл жолы гене­ралдың өзі үлестіріп жатып, алыстағы қазақ даласының жұпары аңқыған жігіттің түріне сұқтана қарап «Атың кім?» деді. «Ыбырайым Сүлейменов». Ол генерал берген 8 оқты 600 метр жердегі нысанаға қатарынан қондырды. Бірінші орын алды... Оның сүйекті денесінде күш атасының неше түрі бар. Немістермен қоян-қолтық ұрысқа кіріскенде Ыбырайым бірер минутта 16 граната лақтырып үл­ге­реді. Оның алдында 40-50 неміс жусап жатады. Көздері нұр жайнап, беті гүлдей құлпырып тұратын ол бала күнінде түстік жерден қой болжайтын қырағы болыпты» деп жазылыпты.

Тағы бір жазба-дерек аталмыш ба­сылымның 1944 жылғы 1 мамыр күнгі санына «Ердің есебі» деген та­қы­рыппен жарияланыпты. Мақала авторы – Асқар Тоқмағамбетов. Бұнда Абдрахман Өміржанов атты жас мерген жайлы мәлімет жария­ланыпты. «Август айының соңғы күні ердің есебіне 16 немістің өлігі тіркелді де сентябрдің 10 күні 5 неміс, осы айдың ақырында 23 неміс, сөйтіп, өткен ай мен бұл айдың есебі 39 болды. Октябрь айын­­­да ердің есебіндегі өлген неміс – 58, ноябрь айының алғашқы 6 күнінде 15 неміс жазылды. Қапыда жараланған Абдрахман келесі жылдың май айының 10 күні есебін қайта бастап, айдың аяғына дейін 53-ін өлтірді. Июнь айында есеп – 72-ге жетті. Сөйтіп, 1942 жылдың 21 август айында басталған есеп, 1943 жылдың 21 июлі күні тоқ­тал­ды. Алматы облысы Кеген ауданы Жалаңаш ауылы кеңсесіне қарасты «Облатком» атындағы колхоздың мү­ше­сі А.Өміржанов 280 немісті есебіне жазды» делініпті мақалада.

Төртінші дерек «Социалистік Қазақ­стан» газетінің 1944 жылғы 4 сәуір күнгі санына «Мерген жігіт» деген тақырыппен жарияланыпты. Мақала авторы – Дихан Әбілов. Бұл жазбада Жұман Есіркеев атты мергеннің майдан­дағы ерлігі қағаз бетіне түсіріліпті: «Жау­­дың қыр үстіне құрып тастаған пу­ле­меті оқты жаңбырдай жаудырып бас көтертер емес. – Қап, бәлем сенің ызаң өтті-ау, - деп қызыл шырайлы жігіт еңбектей жөнелді. Атып жатқан немістің маңдайы анда-санда қылт етіп көрінеді. «Соның да жетеді» деп мерген басып салды. Пулемет үні өшті. Аздан соң қайта сақылдады. Мерген екінші немістің маңдайына оқ қадады. Бұл жігіт Жұман Есіркеев еді. Ін түбінде жатқан екі немісті бір-бір атып жаяу әскерге жол ашқан гвардия старшинасы Ж.Есіркеевтің есебі осы жолы 100-ге толды».

Бесінші дерек басылымның 1944 жылғы 10 желтоқсан күнгі санына «Мер­ген­нің есебі» деген атпен жарияланыпты. Мақала авторы – Қ.Жұматаев. Бұл жазбада неміс мергенімен жекпе-жек атысқа шыққан Қуанай атты қазақтың ерлігі жайлы былай делініпті: «Қуанай мерген түн қараңғысы серпілген кезде неміс мерген жатқан жерден үш жүз метрдей шұңқырға бекініп алды. Қанша бақыласа да жау мергені еш белгі бермеді. Екі мерген бірін-бірі аңдумен болды. Қуанай неміс мергені жауап қайтарар деген оймен шоқ бұтаны көздеп бір-екі атты. Ойлағандай-ақ ол да ата бастады. Ұшқан оқ Қуанайдың төбесін жанай тызылдап өтіп жатты. Сол кезде Қанай құлақшынын басынан алып, қасындағы бұтаға іле қойды. Жау оны қағып түсірді. Қуанай үнсіз жатып алды. Жау оны өлді деп ойлап, тұрып қарай бергенде Қуанай қақ жүректен дәлдеп басып салды. Қуанай жойған немістің саны аз күнде 373 болды». Бір өкінерлік жағдай мақала авторы Қуанай мергеннің фамилиясын атау­ды ескермепті.  

Бет қатталып жатқанда: мақалаға арқау болған қазақтың қос мергені – Төлеуғали Әбдібеков пен Ыбырайым Сүлейменовке Мемлекет басшысының Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді. 78 жылдан соң әділеттілік орнап, қазақ батырларының ерлігі лайықты бағаланды.