Қазақстан • 06 Мамыр, 2022

Хал қалай, Қазақ әлемі?

13192 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Құдай тағала жаратқан 18 мың ға­лам­­­ның бір бөлшегі – Қазақ әлемі. Осы­нау Қазақ әлемі жарқырап тұрған жоқ, жұ­пы­ны да емес, бірақ «әттеген-ай­ла­ры­мыз» көп.

Хал қалай, Қазақ әлемі?

Бүгінгі Қазақ әлеміне көңілі толмайтын жамағаттың қарасы қалың. Олардың арасында іштей күйіп-жанып, бықсып-басыла іштен тынатындарды да, мазалаған мәселесін жалпақ жұртқа мұңын шаққандай болып ашық айтып жүргендерді де күнде көресің. Олардың қазіргі Қазақ әлеміне ызасы келеді әрі шын жаны ашиды. Ең өкініштісі сол – қазақ баласының жартысы өзге әлемде жүр. Бүгінгі тартып отыр­ған тақсіретіміздің үлкені де осы. Беті бері бұ­рыл­мағандарды аяғың келмейді, оларға қа­рап ашуланасың. Өйткені олар бүгінгі қазақ қоғамын қолдаудың орнына қарсы тараптың қолжаулығы, қолшоқпары болуда. Олардың осындай кепте жүргендерін зарлап түсіндіргің, ненің жөн екенін ұқтырғың келеді. Бірақ ұқпайды ғой, ұқпайды. Иә, ұқпайды, алайда сол үшін олар ғана кінәлі ме? Жо-жоқ. Осы тұста бір кілтипан бар, ол – оларды өзімізге тарта алмай, жан дүниеміздегі риясыз пейілімізді, істің дұрыс бағытын түсіндіре алмай жүрген әлсіздігіміз. Қазақ әлеміне өзге жұрттың рухани кеңістігінде «семірген» қаракөздерімізді көптеп тартуға дәрменсіздігіміз, шарасыздығымыз қашанға дейін созылатыны тағы белгісіз.

Бүгінгі қазақты өзгенің жетегінде кетуге бейім тұрар ермелігіміз әбден әурелеуде. Мына алмағайып, беталысы беймәлім заманда «Өзіңе өзің берік бол, көршіңді ұры тұтпа», деп іс қылуға еркіміз жоқ секілді. Бұл еркімізді ермелігіміз шынжырлап тастағандай.

Қазақ әлемінің бүгінгі кейпіне сана көзімен үңілсеңіз, ит жұлмалап тастаған тоқтының терісіндей. Кім көрінгеннің ойыншығына айналғандай. Қазақ әлемінің рухани шекарасы, рухани кеңістігі ашық-шашық. Күзетсіз қалған, шарбағы аңғал-саңғал бау-бақша тәрізді. Иесі көшіп кеткен ескі үйдей үңірейеді. Қазақ әлемін шығыстан не батыс­тан соққан ызғырық жел астаң-кестең етіп жатыр. Қазақ әлемінің «ернін» оңтүстіктен не солтүстіктен ентелеген аңызақ кептіріп барады. Бірақ оларға қарсы әрекет жоқ.

Бізге қазір көзі күлген, жылмиып әйел­дер­ше киінген корей не жапон әлемі қызық әрі сүйкімді. Бізге қазір тісі ақсиып өтірік күлген қытай әлемі де қадірін арттырғысы келіп жанығуда. Дінін бұлдап, дін қарындастығын алға тартып, бүркеніп алып бұртиып, жалған сыпайы түр танытып түрленген парсысы бар, арабы бар өзара ұқсастау келген бір әлем өзінше жөн сілтегісі келеді. Сырты жылтырап, өнері мен озық дүниесіне пәлсініп, өзінің ыңғайына көндіріп, ерік берсең жүндей түтіп, түте-түтеңді шығарудан өзге ойы жоқ Батыс әлемі мияулап миды ашыта, сен қаласаң да қаламасаң да ішіңе еніп алып білгенін істеп бағуда. Батыс әлемімен таным-түсінігі алшақ емес, бейпіл ауыз, қит еткенге пышағын ала жүгіретін тентек бала секілді, өзімізге таныс тағы бір әлем бірде күліп, бірде бедірейіп берекені алумен жүйкеге тиіп-ақ бітті. Ал осынау тараптардан қағажу көрген Қазақ әлеміне кім болысады, оу, ағайын?

Қалай десек те Қазақ әлемі өз жерінде, өз кеңістігінде қағажу көруде. Бұлай демеске лажымыз жоқ. Ең сорақысы – Қазақ әлеміне өзге емес көп қандасымыз шекесінен қарауда. Мұндайдың бұлтартпас дәлелдерін күн са­йын кездестіреміз. Мәселен, таяуда ғана еңселі деп жүрген елордамызда қазақтың жап-жас аналары қазақтілді мектепте орыстілді сыныптар ашуды талап етіп тепсінді. Ал керек болса. Мұндайлар мыңдап саналады. Жағдай шынында мәз емес. Осы «тепсіну» басқа емес, дәл өзіміздің қаракөздеріміздің тарапынан туындағанын ойлағанда қалай күйінбессің? Ойбай-ау, қазаққа қазақтың осылайша қарсы келуі ұят емес пе. Міне, бұл нағыз батпаққа бату. Бұл отыз жылдан астам уақыттан бері тәуелсіздіктің шапағатында келе жатқан хал­қымызға да, атқарушы билікке де үлкен сын. Есті жұрт өз әлемін қызғыштай қорғау керек еді, олай болмай тұр. Өзін өзі сыйлайтын ел ата-бабасының ұлы жолына түсуде ештеңеден аянбай, бүгіні мен болашағын осынау тереңнен тамыр тартқан дара жолға бағыттауды басты мұрат етсе керек. Ал біз әлі күнге өзгенің жасығына жанасып, жаманын мақтап, жарымжан көңіліміздің қуысын басқаның баянсыз дүниесімен толтыруды доғарар түріміз жоқ.

Бар қазақтың жан дүниесі, жан қалауы бір арнада тоғыспай іс оңбайды. Жеме-жемге келгенде бұл қауіпсіздік, тәуелсіздікті сақтап қалу мәселесі. Сондықтан Қазақ әлемін тас-түйін, біртұтас әлем етпей ұйқымыз тыныш болмауға тиіс. Әйтпесе, күндердің күнінде қазақтың көптеген баласы әркімнің қолшоқпары, қолжаулығы, өз анасына қол көтеруден тартынбайтын мәңгүрт болып кететініне күмәніңіз болмасын.