15 Сәуір, 2014

Ешкім де ескерусіз қалмайды

298 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Ат­басарда су тасқынының орын алуына байланыс­ты өңірге жұ­мыс сапарымен келді. Ол қала тұрғын­дарымен кездесіп, су шайған тұр­ғын үйлерде, көшелер мен көлік инфра­құрылымдарында болды. – Маған облыс әкімдігінен бе­рілген дерек бойынша 44 үй қалпына келтіруге жарамайды. Баспанасыз қалғандар үшін жаңа тұрғын үйлер салынатын болады, зардап шеккен өзге азаматтарға комиссияның қорытынды шешімімен тиісті қаржы бөлінеді. Ешкім де назардан тыс қалмайды. Біз бұл жағдайларды тез арада шешуге тырысамыз. Мемлекет басшысы Атбасардағы жағдайды бақылауда ұстап отыр, – деді ол жұрт­шылықпен кездесуде. Бақытжан Сағынтаев Атба­сар­дағы жедел штабта  Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов,  Қаржы, Көлік және коммуникация вице-министрлері Берік Шолпанқұлов, Мереке Пішембаев, Өңірлік даму министрлігінің комитет төрағасы Владислав Галлиев пен Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі комитет төрағасының міндетін атқарушы Болат Бекнияздың қаты­суымен мәжіліс өткізді. Онда облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов пен Төтенше жағдайлар министрі Вла­ди­мир Божконың ағымдағы жағдай­ларға қатысты есептері тыңдалды. –Тұрғындарға медициналық және пси­хо­логиялық көмек көр­сетілуде, –деді өңір бас­шысы Қ.Айт­мұхаметов. – Аулалар мен кө­шелерді судан тазарту, тәртіпке келтіру жұ­мыс­тары жүргізілуде. Бүгінгі күні эва­куа­ция­лық пунктте 19 адам тұрып жатыр. Осыған қатысты, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары өңірде су тасқынынан белгілі дәрежеде күрделі жағ­дай қалыптасқанын атап өтті. Үкімет пен облыс әкімдігі тарапынан зардап салдарын жою жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда тіршілікті қамтамасыз ету мен қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауда ұсталуы қа­жет. Сондай-ақ, Бақытжан Сағын­таев тиісті министрліктер мен облыс әкімдігіне табиғат апатынан зардап шеккен ғи­ма­раттарды қалпына келті­руге жұм­салатын қаржы бөлінуі жө­нінде ұсыныс дайындауды тапсырды. Облыс әкімі Қосман Айт­мұхаметовтің мәлімдеуінше, алғашқы кезекте жарты мил­лиард теңге қаржы қажет. Оның есептеуінше, 490 миллион теңге 44 жаңа тұрғын үй салуға және 10 миллион теңге инфрақұрылымды қалпына келтіруге жұмсалмақ. Зерттеу жұмыстарынан кейін суда қалған тағы да 146 үйге қатысты қосымша есеп жүргізіледі. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Б.Сағынтаев қаржы тиісті құжаттамалық негізге сай бөлінетінін айтты. Бүгінгі күні Атбасар қала­сында апат салдарын жою жұ­мысымен 500 адам, 87 техника мен су сорғыш құралдар тәу­лік бойы айналысуда. Көмек қоры құрылып, арнайы есепшот ашылған. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.