Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің Жарлығымен қайраткер ақын А.Джавадтың 130 жылдық мерейтойы Бакуде басталардан бір күн бұрын ұйымдастырылған «Азаттық ұраншысы» атты еске алу жиыны бауырлас түркі елдерінің Исмаил Гаспралы айтқандай, «тілде, пікірде, ойда бірлігі» бекем екенін көрсетсе керек. Осы жолда ғұмыр кешіп, репрессия құрбанына айналған Ахмед Джавад мемлекеттік егемендік пен халқының бостандығы үшін күресті. Түркі халқы үшін ерліктер жасады және ұлттық қоғамдық сананың өсуіне айтарлықтай үлес қосты. Халықтың ұлттық сезімін, түркілік сананы оятатын шығармалар жазды. 1914 жылы жазылған «Қаратеңіздің толқындары» шығармасы түркі әлеміне үміт сәулесін түсіргенін айтады білетіндер.
«Азаттық ұраншысы» атты еске алу жиынына Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшіcінің кеңесшісі Ровшан Казымов, Мемлекеттік тарих институтының директоры Еркін Әбіл, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Түркітану кафедрасының профессоры, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Амантай Шәріп, «Алжир» мемориалды-мұражай кешенінің директоры Самат Тергембаев, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, әзербайжан диаспорасының өкілдері, сонымен қатар ұйым басшылары, зиялы қауым өкілдері мен көрнекті ғалымдар қатысты. Жиында сөз сөйлеген Академия басшысы Д.Қыдырәлі А.Джавадтың түркі әлеміндегі орны туралы баяндады:
«Бүгінгі іс-шараның «АЛЖИР» мемориалды кешенінде өтуінің символикалық мәні зор. Ахмед Джавад саналы ғұмырын әзербайжан халқының азаттығына арнаған әрі сол жолда қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткер. А.Джавад тек әзербайжан халқының ғана емес, түркі әлеміне ортақ тұлға. Ол Ахмет Байтұрсынұлы, Мырза Фатали Ахундзаде, Гасан бек Зардаби, Мұстафа Шоқай, Ишеналы Арабаев сынды түркіге тұтқа болған тұғырлы тұлғалардың бірі. Ол 26-28 жасында азаттық ұраншысы ретінде бауырлас Әзербайжанның мемлекеттік әнұраны сөздерін мәңгіге таңбалады. Оның өміршең шығармалары түркілік сана-сезімнің қалыптасуына зор ықпал етті.
Оның аяулы жары Ахунд-Заде Шукурия Сулейманқызы да Қазақстанға жер аударылып, 1938-1945 жылдары «АЛЖИР» лагерінде жазықсыз 8 жыл отырған. Ақынның жарымен бірге жер аударылған 44 әзербайжандық әйелдің қатарында 1918-20 жылдары Әзербайжан Демократиялық Р+еспубликасының Премьер-Министрі Хойский Фатали ханның қызы Тамара ханым да болған. Сондықтан ұлы ақынның мерейтойы аясында Ахмед Жавадпен бірге жазықсыз қуғын-сүргін құрбандарын да еске алып, рухтарына тағзым етеміз. Мұндай зұлматты ұмытуға болмайды», деді.
Сонымен қатар, қонақтар назарына көрнекті қайраткер А.Джавадтың өмірбаяны мен жары Ахунд-Заде Шукурия Сулейманқызының естелік сұхбаты туралы деректі фильм ұсынылды.
Іс-шараға қатысушылар қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етіп, «Еске алу қабырғасына» гүлшоқтарын қойды.
Бұдан кейін қатысушылар музей экспозицияларымен танысып, «АЛЖИР» лагерінде жазасын өтеген әзербайжандықтар туралы тақырыптық көрмені тамашалады. Олардың қатарында А.Джавадтың 1938-1945 жыл аралығында Қазақстанға жер аударылған жары Ахунд-Заде Шукурия Сулейманқызына арналған экспозиция да бар.
Жиын соңында қуғын-сүргін құрбандарының рухына Құран бағышталды.