Руханият • 06 Мамыр, 2022

Түркістанда түркі мемлекеттерінің мүфтилері бас қосты

330 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістанда «Ислам өркениетінің дамуына түркі халықтарының қосқан үлесі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр. Келелі басқосуда түркітілдес елдердің ортақ мұраларын дәріптеу мен Ахмет Ясауи мұраларын насихаттау мәселелері талқыға түсті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістанда түркі мемлекеттерінің мүфтилері бас қосты

Халықаралық конференцияға Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әмреев пен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі қатысып жатыр.

Сонымен қатар, Түркі мемлекеттері ұйымы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адырбекұлы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы шақырылған. Жиында Түркия Республикасы Дін істері басқармасының басшысы, Бас мүфти Әли Ербаш пен Кавказ, Қырғызстан, Өзбекстан мұсылмандары басқармасының басшылары өз пікірін ортаға салып жатыр.

Конференцияда түркі дүниесіне ортақ Қорқыт ата, Ясауи, Мәуләна, Нәуәуи, Манас мұраларын дәріптеу, Матуриди сенім мектебі мен Әбу Ханифа мәзһабын халыққа жеткізу мәселелері сөз болды. Діни оқу-ағарту саласы бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру, жаһандық сын-қатерге жауап беруде мұсылман үмбетінің өзара ынтымағын арттыру жайы ортаға салынды.

Діни мерекелерді бір күнде атап өту мен ортақ пәтуалар қабылдау, деструктивті діни ағымдардың теріс үгіт-насихат жұмыстарына жол бермеу талқыланды.