15 Сәуір, 2014

Мемлекеттік тілді меңгергендер орыс тілінде оқытатын мектеп оқушылары арасында жиі кездеседі

372 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
20140414_110830 Соңғы жылдары Шығыс өңірінде мемлекеттік тілді үйренуге ынта мен ықылас артып келеді. Мұны орта білім беру мекемелерінен байқауға болады. Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының мәліметтеріне жүгінсек, өңірде 687 мектеп, оның ішінде орыс тілінде оқытатын – 158, аралас – 178, мемлекеттік тілде оқытатын 351 мектеп бар. Оқыту орыс тілінде жүргізілетін мектептердегі қазақ тілі пәні бойынша ҰБТ нәтижесі облыста 70,2 пайызды құрайды. Басқарманың мектепке дейінгі, жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Динара Шаухинаның айтуынша, қазақ тілі пәніне ҰБТ сараптамасын жүргізу барысында оқушылардың қателерді жіберу себептері анықталды. Оның негізгі себебі, оқушылар сөздік қорлары кедей болғандықтан грамматикалық ережелерді жаттанды түрде меңгеріп, мемлекеттік тілде емін-еркін сөйлей алмай жататындығынан екен. Орыс тілінде оқытатын мектептегі мемлекеттік тілді оқыту барысымен танысу мақсатында Өскемендегі №10 мектеп-гимназиясына арнайы барып, оқушылардың тілді меңгеру деңгейіне куә болдық. Мектеп директоры Наталия Нестеренконың айтуынша, оқу орнында қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдері оқытылады. Мектепішілік іс-шаралар қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Оқушылар қазақ, орыс және шет тілін бірінші сыныптан бастап үйренеді. 7-сыныптан бастап бағдарламаға екінші шет тілі қосылады. Барлық тіл үйрену пәндері тілдерді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама негізінде оқытылады. – Қазақ тілін еркін меңгеру – оқушыла­ры­мыздың еліміздегі кез келген ортада өзін ер­кін сезінуіне мүмкіндік береді, – деді Н.Нес­те­­ренко. 11 «А» сынып оқушыларының сабағына қатыстық. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ардақ Жансейітова: – Оқушыларымның басым бөлігі өзге ұлт өкілдері. Олар мәтінмен, аудармамен жұмыс істей алады. Қазақ тілінде сұрақ қоюды біле­ді. Биыл оқу жылы басталғаннан бері ҰБТ тап­сыруға дайындық жүргізіп жатырмыз, – дейді. Мектеп-гимназияда әр сәрсенбі қазақ тілі күні болып белгіленген. Бұл күні мұғалімдер мен оқушылар қазақ тілінде сөйлеседі. Соның нәтижесі болар, аталған мектептің түлегі Екатерина Сенельникова қазақ тілін таза меңгеріп шықса, 8-сынып оқушылары Екатерина Сенешина Өскемендегі Қазақ-Америка еркін университетінде өткен «Полиглот» байқауынан бірінші орынды, Ксения Кудрина қалалық олимпиададан екінші орынды иеленген екен. Ал 10-сынып оқушысы Эрода Ибрагимова деген өзбек қызы қазақ тілін жатық меңгеріп, қалалық олимпиададан екінші орын алыпты. Бүгінде мектепте «Дамыта оқыту технологиясы» бойынша қазақ тілі пәнінен білімін жетілдіруге күш салып жатқан оқушылар да бар. Мектеп-гимназия интерактивті тақталарда пайдаланатын 1-11 сыныптарға арналған электронды оқулықтармен, кестелермен, қосымша құралдармен, биылғы оқу жылында 8-9 сыныптар «Қазақ тілі», 5-9 сыныптар «Қазақ әдебиеті» пәнінің жаңа оқулықтарымен қамтылған. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.