Бізге ертең емес, бүгін бай-қуатты болатын ел керек! Өз жерінде Менделеевтің күллі элементі бар біздің ел Тәңірінің мейіріне бөленіп, шат-шадыман өмір сүруге әбден лайықты! Қазақ ғаламдағы ең жас халықтардың бірі һіәм бірегейі! Оның материалдық және рухани потенциалы орасан бай! Тәңірі оған Атыраудан – Алтайға дейінгі ұшы-қиырсыз аймақты сыйлаған. Асты да, үсті де – алтын!
Іске сәт! Алға Қазақстан!
ҚАЗАҚ
(ХV-ХХІ ғ.ғ.)
Қу басты – қой!
Жұрттың қамын жегенмін,
Көргеннен соң күйкі түрін мен елдің:
«Малым – жанымның садақасы!
Жаным – арымның садақасы!», –
Дегенмін!
Осы күнге бізді Тәңірі жеткізді.
Жеткізді де, өзіне тәу еткізді.
Мына Дүние сүйген...
Сүйе береді –
Тоныкөктің бір тұяғы деп бізді!
Адамзаттың баласына туа бәйік болғам-ды,
Көздерімнің шарасына,
Түңіліп, –
Қан толған-ды;
Өксігенмін өзіме өзім тең таппай,
Қорғанды да көріп,
Қалың орманды!
Кемел!
Шоң! –
Уытты бір ұрпақ келер менен соң,
Жан-дүнием бекзат нұрға бөленіп:
«Малым – жанымның садақасы!
Жаным – арымның садақасы!», –
Деген соң!!
Шығарды да төріне ылғи тексізді,
Ескі ғасыр есіркеген жоқ бізді.
Арқамызға қонды-дағы аруақ,
Қыл көпірден Алашты Алла өткізді!
Аттан түсіп, сары жұртқа қонғанда,
Жаңа ел келер сол маңда:
«Жаны – малының садақасы,
Ары – жанының садақасы!"-
Болғанда...
Серік Ақсұңқар,
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Қарағанды облысы