Аймақтар • 06 Мамыр, 2022

Хиуаз Доспанованың 100 жылдығына орай көрме ашылды

573 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Есімі аңызға айналған қазақтың батыр қызы» атты көшпелі көрмеде қаһарман ұшқыштың есімі дәріптелді, деп хабарлайды Egemen.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап. 


Хиуаз Доспанованың 100 жылдығына орай көрме ашылды

Алматы қаласындағы мемлекеттік орталық музейде әуеге 300 мәрте көтерілген штурман-ұшқыш Хиуаз Доспанованың ерен ерлігін насихаттайтын көрме ашылды. Арнайы жасалған экспозициялық қабырғаларда «Қанатты қыздың» жеке және отбасы мүшелерімен, туған-туыстарымен, жауынгер достарымен түскен суреттері, майдан хаттары, еңбек еткен жылдарында иеленген марапаттары көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар, жазушы Әбу Сәрсенбаевтың батыр қызға жазған хаттары мен қаһарман тұлға туралы мақалалар топтамасы қойылды. Көрмеге келушілер Хиуаз Доспанованың майданда және өмірде қолданған жеке заттарын тамашалай алады. Көшпелі көрмені ұйымдастырған Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкрелері.

«Көрменің мақсаты – Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың ерлігін жастар арасында кеңінен насихаттау. Көшпелі көрмеге музей қорынан 90-ға жуық жәдігер әкелінді. Жалпы Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде Хиуаз анамыздың 150-ден астам экспонаты бар. Оның 120-сы құжат пен сурет болса, қалған 30-ы өзі өмірде қолданған бұйымы мен заттары», дейді Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының міндетін атқарушы Динара Бейсенбаева.

Көрмеде сондай-ақ неміс-фашист басқыншыларымен болған күресте ерлік көрсеткен мұнайлы өңірдің перзенттері, «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленген Қайырғали Смағұлов, Боран Нысанбаев, Мұса Баймұханов, Георгий Канцев, Мұқат Мусаев, Александр Афанасьев, Филипп Мазуров, Иван Махориндер және «Даңқ» орденінің толық иегерлері Шүкір Еркінов, Ғизат Алипов, Евгений Полынин, Сақып Қызылов, Гаврийл Шаминдер туралы деректер ұсынылды. Айта кетейік, көрме 6 -12 мамыр аралығында болады. Кіру тегін.