15 Сәуір, 2014

Кәсіп ашқысы келгендерге көмек болмақ

340 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жұмада Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысын өткізіп, онда отандық кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелерін талқылаған болатын. Сол жиында айтылған Елбасы тапсырмаларына орай сенбі күні Орталық коммуникациялар қызметі арнайы брифинг ұйымдастырды. Оған Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов қатысты. Брифинг барысында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасы Президенттің бизнесті дамыту бағытындағы тапсырмаларын орындау жоспары 10 күн ішінде дайын болатынын жеткізді. «Бұл жоспарға шұғыл, таяу 2-3 айдың ішінде шешілуі тиіс тапсырмалар енгізіледі. Жоспар жобасы кеше Өңірлік даму мининстрігінде қаралды, қазір нобайы бар»,  деді ол. Бұл ретте арнайы жұмыс тобы құрылмақ. Оған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев жетекшілік жасайды. Жұмыс тобының құрамында кәсіпкерлер де болмақ. Іс-шаралар жоспары бірінші кезекте кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған барлық бағдарламаларды қамтуы тиіс. Бұл бағдарламаларды топтастыру үшін саралап, тексеру қажет,  деді басқарма төрағасы. Сондай-ақ, осы аптада Ал­ма­тыда кәсіпкерлермен үлкен басқосу өткізуді жоспарлап отыр­ғандығын мәлімдеген А.Мыр­зах­метов мұндай отырыс­тар барлық өңірлерде жалға­сын табатындығын айтып өтті. Онда кеңес отырысында ай­тыл­ған Елбасы тапсырмалары кә­сіпкерлерге егжей-тегжей­л­і тү­сін­діріліп, жер-жерде талқыланады. Шағын және орта биз­несті дамыту – Елбасының «Қа­зақстан-2050» Стратегиясындағы басты мін­деттердің бірі. Кә­сіп­керлікті дамыту арқылы орта тапты,  ау­қат­тылар қатарын аттыруға мүм­кіндік бар. Яғни, кәсіпкерлік ар­қылы ел экономикасын көтеріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға жол ашылмақ. Осыны меңзеген Ұлтт­ық кәсіпкерлер палатасы бас­қармасының төрағасы кәсіп­кер­лікпен айналысамын деген барлық азаматтарға жағдай жасау басты міндетіміз дейді. Бұл жалпы билік саласындағылардың, сондай-ақ, өздері сияқты мемлекеттік емес ұйымдардың негізгі идеологиясы, күнделікті жұмысының өзегі болуы тиіс. Бұдан әрі Ұлттық палата төр­а­ғасы Елбасының кеңес отырысында берген тапсырмаларына жеке-жеке тоқталып, соған орай қолға алынатын іс-шаралар легімен бөлісті.  Оның ішінде бұқаралық кәсіпкерлік, ауылдық бизнесті дамыту және дуалды білім беру жүйесінің негізінде кәсіптік-тех­никалық білім беруді дамыту мәсе­лелерін кеңінен әңгімеледі. Елбасының Ұлттық палатаға жүктеген тағы бір тапсырмасы алдағы ЭКСПО-2017 көрмесі нысан­дарының құрылысына қазақ­стандық бизнесті тарту бойынша арнайы бағдарлама дайындау болатын. Осы бағытта да палата бірқатар іс-шараны жоспарлап, бүгінде оның кейбірін бастап та кеткендігін айтты. Сонымен қатар, А.Мырзахметов өңірлік бизнесті дамыту, өңірлік электронды картаны жасау туралы баян­дады. Ауылдық биз­несті дамытуда бүгінде негізгі мәселе қаржы мен кепілдікке қолжетімділіктің болмауында болып отыр, дейді А.Мырзахметов. Бұл мәселеге талдау жасай келіп, Кәсіпкерлер палатасы өз бизнесін ашуға ниеті барлар үшін Кепілдендіру қорын құрып, Түркиядағы әріптестердің тәжірибесін пайдалануды ұсынып отыр. А.Мырзахметов тоқталған тағы бір мәселе – кейбір өңірлік  ше­неу­ніктер бизнес өкілдерімен кез­десуге, олардың проблемасын талқылауға мойын бұрмай отырғандығы. Оның айтуынша, шенеуніктер бизнесмендермен кездесуге уақыттары жетпей­тін­діктерін айтып сылтауратуда. Бірақ бұл мәселе болашақта қатаң бақылауға алынбақ, тап­сыр­маны орындамағандар тіпті жазалануы мүмкін. Себебі, биз­несті дамыту – Елбасының тіке­лей бақылауындағы маңызды стра­тегиялық міндет. Брифинг барысында А.Мыр­зах­метов журналистер тарапынан қойылған кәсіп ашуға ниеттенген адамдар үшін «Даму» қорынан субсидия алу неге қиын деген сұраққа қатысты да пікірін білдірді. «Даму өзінің пайдалы жұмыстарын жасап та жатыр. Бірақ, өкінішке орай, соңғы 3-4 жылда даму институттары даму емес, тек қана бір жерден ақшаны алып, екінші жерге салатын, соның арасында тапқан депозитке өмір сүретін институт болып кетті. Оны жасыратын ешнәрсе жоқ», деді А.Мырзахметов. Ол «Даму» қорының субсидияның арқасында 4 мыңға жуық кәсіпкер өз бизнесін дөңгелетіп отырғандығын алға тарта келе, алайда, бизнесін енді бастағысы келген кәсіпкерлерге қор қаржылай көмек бере алмайтынын айтты. Себебі, оның субсидиясы кәсіппен айналысып жүргендердің ісін одан әрі дамытуға арналған. Сондықтан Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы кәсібін енді бастайтын азамат­тарға қаржылай қолдау білді­ретін арнайы қор құру мәселесін Үкіметке ұсынуда. Ол – жоғарыда аталған Кепілдендіру қоры. «Алдағы уақытта, Үкіметке өз ұсы­ныстарымызды жеткізетін бола­мыз. Бұл бастама «Даму» қоры­мен, банктермен бірге жүзеге асырылмақ», деді А.Мырзахметов. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».