Қазақстанның Германиядағы елшісі Нұрлан Онжанов осы елдің бұрынғы канцлері Герхард Шредермен кездесіп, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың неміс саясаткерінің жетпіс жасқа толған мерейтойымен құттықтауын тапсырды, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Жүздесу барысында казақстандық дипломат Герхард Шредердің екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мен тереңдетуге салмақты үлес қосқанын, оның арқасында екі ел арасында көпжақты өзара тиімді қатынастардың негізі салынғанын атап өтті.
Өз кезегінде неміс саясаткері Елбасының құттықтауларын алғыс сезіммен қабылдап, Қазақстанға және оның басшысына аман-саулық пен толағай табыстар тіледі. Ол елімізге жасаған сапары мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен болған сенімді және ашық сұхбатты еске алды. Герхард Шредер қазақ-герман саяси үнқатысуын одан әрі нығайтуға және сауда-экономикалық қатынастарды кеңейтуге қолынан келгенше жәрдемдесуге ниетті екенін жеткізді.