15 Сәуір, 2014

Ең қысқа өткен съезд

316 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Айман Мұсақожаева Қазақстан Музыка қайраткерлері одағының төрайымы болып сайланды

Кеше Алматыда Қазақстан Музыка қайраткерлерінің одағы кезектен тыс съезд өткізіп, бір ғана мәселені күн тәртібіне шығарды. Өйткені, бұл одақты 25 жыл бойы басқарып келген КСРО-ның халық әртісі, КСРО мен Қазақстан мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, профессор Ермек Серкебаев өмірден озғаны баршамызға аян. Осылайша, біраз уақыт басшысыз қалған одақтың барлық дерлік мүшесі дүйсенбі күні Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясына жиналып, бірауыздан елге белгілі өнер майталманы Айман Мұсақожаеваны төрайым етіп таңдады. Одақ мүшелері дауыс бергенге дейін кезектен тыс съезде осы одақты құрылған күнінен бастап білетін, Қазақ КСР-інің Мәдениет министрі болған, Қазақстанның өнеріне еңбек сіңірген қайраткер Жексенбек Еркінбеков сөз алып, аталмыш одақтың құрылуына тоқталды. Қазіргі Қазақстан Музыка қай­­рат­­керлерінің одағы бас­тап­қыда Қазақ КСР-інің музыка­лық қоғамы ретінде 1987 жылы КСРО-ның Бүкілодақтық музы­­калық қоғамының құры­лым­дық бөлімшесі ретінде ұйымдас­тырылған. Оның басшысы КСРО-ның халық әртісі, Социа­лис­тік Еңбек Ері, Ленин және Мем­ле­кет­тік сыйлықтардың лауреаты, академик Ирина Архипова болыпты. Тәуелсіздіктің елең-алаңын­да, яғни 1991 жылы бұл қоғам Қазақстан Республикасы Музыка қайраткерлерінің одағы деп қайтадан өзгертіліп, оның І съезі сайлауының қорытындысы бойын­ша басқарма төрағасына айтулы тұлға Ермек Серкебаев сайланады. Содан бері одақ ұжымы кәсіби және өнерпаздық музыка өнерінің барлық бағыттарында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Мәселен, соңғы бес жылда аталмыш одақ халықаралық опера және балет өнерінің фестиваль­дерін, оның ішінде Дж. Верди­дің 200 жылдығын, ел Тәуелсіз­дігінің 20 жылдығын, «Ермек Серкебаев шақырады», Павлодар және Ақтөбе қалаларында респуб­ли­калық хор фестивалін, Алматы қала­сында республикалық камера­лық ансамбль мен оркестр фести­валдерін өткізуге ұйытқы болды. Сонымен, музыка қайрат­кер­лерінің кезектен тыс өткен съезін Мәдениет министрінің орынбасары Асқар Бөрібаев ашып: – Осындай ауқымды және аса маңызды шараны өткізу елдің жетекші ұжымдарының шығар­ма­шылық белсенділігін арттыратын, музыканттар мен орындаушыларды бір ортаға бірік­тіретін бірегей іс деп санай­мын. Бұл ұйымды 25 жыл­дан астам уақыт қазақ класси­калық өнерінің корифейі Ермек Серкебаев басқарды. Осы аралықта ол музыканттарымыздың шығар­машылық әлеуетін арттыру мен кәсіби тұрғыда өсуі үшін жан-жақты мәдени саясат жүргі­зіп келді. Ендігі басшылық та осы үрдістен айнымайды деген ойдамын. Бәріміздің ортақ мақсатымыз – отандық мәдениет­ті, орындаушылық шеберлікті ең жоғары деңгейге жеткізу. Бұл жолда біз ғаламат әлеуетке және Мемлекет басшысының қол­дауына иеміз, – деді министрдің орынбасары. Сонымен, аталмыш одақтың жаңа басшысын сайлау ұзақ уақыт алған жоқ. Шығармашылық одақтар жүргізген съездердің ішіндегі ең қысқасы болды. Белгілі скрипкашы, Қа­зақ­станның халық әртісі, Халық­аралық шығар­машылық акаде­мия­сы­ның ака­демигі Айман Мұсақо­жаеваның кандидатурасы аталып, одақ мү­шелері бір кісідей дауыс берді. Бұдан кейін мінберге одақ­тың жаңа сайланған төр­айы­мы кө­те­ріліп, өзіне үлкен сенім арт­қан әріптестеріне шынайы алғы­сын білдірді. Осыдан кейін одақ­тың алдағы жоспарлары­на қыс­қа тоқ­талып, негізгі ба­ғыт­тар­ды атады. – Елбасы айтқандай, мәде­ниет­ке мәдени саясат керек. Біз осы мәдени саясатты қалып­тасты­руымыз қажет. Мен үшін әлем­д­ік ауқымдағы жұлдыз Ермек Сер­кебаевтың еңбегін лайықты жал­ғастыру – үлкен мәртебе! – деді Айман Мұсақожаева. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.