Жас орындаушылардың республикалық ХХІІІ «Жас қанат» байқауының бас жүлдесін астаналық өнерпаз жеңіп алды.
Бәйгеде топ жарып келген жас өнерпаздың жеңісіне қуанып жатырмыз. Әншілердің аламан додасында мәреге бәрінен бұрын жеткен балауса өреннің өнердегі қанатқақты табысы құтты болсын! Республикалық жас орындаушылардың ХХІІІ «Жас қанат» байқауында бағы жанған жерлесімізге жүректегі жылы лебізімізді жеткізіп алған соң, соңғы турдағы бәсекенің ешкімге оңай соқпағанын айтып өткіміз келеді. Әр аймақтың бәйгеге үкілеп қосқан 14 өнерпаз өрені өзара бақ сынаса келіп, араларынан 6 қатысушы қара үзіп алға озды. Олар – оралдық Нұрсұлтан Қарабалиев, талдықорғандық Рухия Байдүкенова, қызылордалық Шоқан Әбдіхан, астаналық Елдар Омаров, семейлік Әлия Әукенова мен астаналық Батыржан Бағдат еді. Жыл сайын өтетін дәстүрлі жас әншілер байқауы салтына сай әуелі қатысушылардың орындауында «Жас қанат» байқауының әнұраны шырқалды. Қазылар алқасы мен жасқанаттықтарды таныстыру салтанаты өз алдына бөлек мереке. Сахна түрлі жарықтармен құлпырып, құрақтай әсем үндер құлақ құрышын қандырды. Байқауға қатысушылар алғашқы айналымдағы әндерін шырқады. Төрге әуелі Оралдан келген Нұрсұлтан Қарабалиев көтерілді. Сосын Жетісу өңірінен сайысқа қатысып жатқан Рухия Байдүкенованың әсем даусы әуелей жөнелді. Одан кейін Сыр елі – жыр елінің дүлдүлі Шоқан Әбдіхан даусы маржандай төгілді. Ал елордалық Елдар Омаров төбе көрсеткенде залдағы жұрт дүр сілкінді. Астананың намысын жыртып сахнаға шыққан балауса әншінің үні осы қошемет пен құрметке әбден лайық еді. Финалдық бәсекеде төртінші болып өнер көрсеткен ол Қайрат Нұртастың «Эх, қарындас» әні мен француз тілінде таңдаулы бір ән орындады. Бұдан кейін Семей жерінен келген Әлия Әукенованың әуелеген үніне зал ұйып құлақ түрді. Алтыншы болып сахнаға көтерілу Батыржан Бағдатқа бұйырды. Ал екінші айналымда қатысушылар өздері әзірлеген 3-ші әнді орындап шықты. Қазылар алқасының мүшелері белгілі әншілер Бақыт Шадаева мен Ерлан Көкеев өнері балауса қанаттарын баптаған өрендерге үлкен шеберлік сыныбы сынды әсер қалдырды. Өткен жылы «Жас қанат» байқауының «Алтын қанатын» иеленген, «Шығыс базары» халықаралық байқауының бас жүлдегері, ақтөбелік Димаш Құдайберген Ақан серінің «Қараторғай» әнін заманауи үлгіде тамаша шырқады. Байқау жеңімпаздарын марапаттау сәтіндегі сахналық бояу көз тоймастай ғажап. Қатысушылар сахна төріне шақырылды. Өнерге көмек қолын созуды азаматтық парызы санаған жанкүйер демеушілер сый-сияпаттары маздаған көп үмітті қайта тұтатуда. Мұрат Құсайынов тапсыруындағы «Қола қанат» тағы бір астаналық жас әнші Батыржан Бағдатқа тисе, Юрий Аравин қолындағы «Күміс қанаттың» оралдық Нұрсұлтан Қарабалиевтің еншісіне бұйыруы тегін емес. Елордалық Елдар Омаров «Алтын қанатты» белгілі композитор Кеңес Дүйсекеевтің қолынан алып тұрып қатты толқыды. Адамның өз-өзін бір сәт көктегі жарық жұлдыздай асқақ сезінуі қандай керемет күй десеңші. Жұлдыздар аспанда ғана емес, сахнада да самаладай жарқырап туады екен-ау? Талдықорғандық Рухия Байдүкенова, семейлік Әлия Әукенова мен қызылордалық Шоқан Әбдіхан байқаудың дипломаттары атанып жатыр. Бір кеште бірнеше мөлдір бұлақтың көзі ашылды. Өнердің тұнық бастауы – «Жас қанаттың» талмай самғай беруін тіледік біз де. Аида АХМЕТЖАРОВА. ––––––––––––––––– Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.«Жастар» Сарайының жарты ғасырлық мерейтойы тойланды
Елорда • Бүгін, 22:33
«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі «Дарын» сыйлығын иеленді
Мәдениет • Бүгін, 21:54
Алматы облысы – инвестициялар мен халықаралық бизнес орталығы
Алматы • Бүгін, 21:46
Алматы • Бүгін, 20:40
Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Бүгін, 19:55
Президентке жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдер таныстырылды
Президент • Бүгін, 19:13