Қазақстан • 09 Мамыр, 2022

Amanat партиясы мәлімдеме жасады

506 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Amanat Төрағасы Ерлан Қошанов бейнеконференция байланысы арқылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумды қолдау үшін партияның республикалық штабының алғашқы жиынын өткізді.

Amanat партиясы мәлімдеме жасады

Жиын барысында Ерлан Қошанов Президенттің жалпыұлттық референдум өткізу бастамасын қолдау жөнін­дегі Amanat партиясының мәлім­демесін жариялады.

«Президент Қазақстан халқына жариялаған биылғы Жолдауында ауқымды саяси реформалар ұсынды. Бұл реформалардың мақсаты – халық­тың әл-ауқатын арттыру, супер­прези­денттік басқару формасынан Пар­ламент пен мәслихаттардың рөлі күшейген саяси жүйеге көшу, демократиялық процестер қарқынын үдету, елдегі бірлік пен ынтымақты арттыру», делінген мәлімдемеде.

Партия Төрағасы ауқымды реформалар сайлау, партиялық және сот-құқықтық жүйесін, аумақтық-терри­ториялық құрылымы мен мемлекеттік биліктің бөліну принципін түбегейлі өзгертетінін атап өтті.

«Бұл – Екінші республиканың сая­си іргетасы. Президенттің осы тарихи шешімдері – жаңа әрі әділетті Қазақстан құру жолында жасалған ірі қадам. Мұның барлығы саяси бәсекелестікті күшейтуге жол ашып, Қазақстан азаматтарына жаңа әрі тең мүмкіндіктер береді. Мемлекет басшысы ұсынған кешенді реформаларды жүзеге асыру үшін Конституцияға 33 өзгеріс пен толықтыру енгізу қажет. Аталған өзгерістерді құқықтық тұр­ғыда бекіту үшін Президент рес­публи­калық референдум өткізу­ді ұсынды. Конституцияны жалпыхалықтық да­уыс беру арқылы өзгерту – «мем­лекет­тік биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық» деген принциптің іс жүзінде орындалуының айғағы. Amanat партиясы Конституциялық реформаның маңыздылығын терең түсіне отырып, алдағы референдумды өткізуді толық қолдайды!», деді Е.Қошанов.

Оның айтуынша, бүкілхалық­тық референдум мемлекеттің нақты өзгерістерге бет бұрғанын көрсетіп отыр, сондықтан партия барлық күш-жігерін конституциялық реформаны қоғамдық қолдауды ұйымдастыруға бағыттауға дайын.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыс­тары мен іс-шараларды ұйымдас­тыру үшін партия республикалық және 17 өңірлік штаб құрды. Олар­дың құра­мына орталықтағы және өңір­лердегі Amanat активтері кірді. Бұл жұмысқа Парламент пен мәсли­хат­тардағы фракция депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен спорт қайраткерлері, жастар қанаты мен өңірлердегі филиалдар атсалысады. Партия мүшелері өңірлерде және шалғай елді мекендерде сайлаушылармен кездеседі.

«Мемлекет басшысы ұсынған реформа – Қазақстанның стратегиялық болашағын айқындайтын бастама. Біз ашық, өркендеген, заң үстемдік ететін, теңдік орнаған қоғам құруды көздеп отырмыз. Президент пен халықтың мақсаты ортақ, көздегені бір. Сол себепті референдумға қатысу – бар­лығымызға ортақ борыш! Ел тағ­дырын айқындайтын осынау маңызды кезеңде ешкім шет қалмауға және тарихи таңдау жасауға тиіс. Егемен еліміздің ертеңі – халықтың қолында!», деді Е.Қошанов.

Жиын барысында штабтардың жұмысын жоғары деңгейде ұйымдас­тыруға қатысты бірқатар нақты тапсырма берілді.