Көп қабатты үйлердің «көлігі» – лифт. Ақтаудағы лифтілердің жағдайы біраз жылдар күрделі мәселеге айналған-ды. Орындары қирай тозып, қаңқалары қалқиған лифтілерден де, ол мәселенің шешілуінен де жұрт күдерін әбден үзгендей еді. Бірақ, өткен жылы Ақтау қаласының әкімі Е.Жаңбыршин лифтіге байланысты жақсы жаңалықты жұртшылыққа жария етті.
«Ақтаудағы көп қабатты үйлердегі жұмыс істемей тұрған лифтілер жаңартылады». Қала әкімі тарапынан айтылған жаңалық жұртшылыққа тез тарады. Уәде орындалуымен жақсы емес пе, былтырдың өзінде қалада төрт жаңа лифт іске қосылып, тұрғындарды қуанышқа бөледі. Лифтілендіру ісі биыл да жалғасын тапты. Өйткені, 2014-2018 жылдар аралығында Ақтау қаласының тұрғын үйлеріне жаңа лифтілерді орнату бойынша жасақталған іс-шаралар жоспары бұл іске дем берді.
Лифт арзан дүние емес, ал оның байырғы шахталарға жарайтын түрін табудың өзі қиын екен. Кезінде лифтілер Ақтауға сол кездегі Ленинград қаласындағы зауыттан әкелініпті. Бұл жолы да ақтаулық үйлердің шахтасына ыңғайлы лифтілер лифт жасауға машықтанған Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы зауыттан сатып алынды. Биыл Ақтауда 23 лифт қондыру жоспарланыпты.
Жуырда 2013 жылдың желтоқсан айында сатып алынған 8 лифтіні 7 қабатты екі үйге, 9 қабатты төрт үйге және 11 қабатты екі үйге орнату үшін мердігер мекеме анықталып, монтаждау жұмыстарын бастап кетті. «Ақтау қалалық лифт» ЖШС монтаждауды үш ай ішінде аяқтап беруге уәде етіп отыр. Ал қалған 15 лифтіні орнату үшін жұмысты жауапкершілікпен мойнына алып, жүргізетін мердігер мекемелерді анықтау конкурстары өтуде.
– 2018 жылға дейін лифт қажет етілетін 108 үйге толықтай орнатылады деп күтілуде. Оларды орнату кезегі Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен алынған мәлімет негізінде мүгедек жандардың санына қарай жүзеге асырылады, – дейді Ақтау қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Батыр Жайлауов.
Көп қабатты үйлерде бірнеше жылдар бойы аңғал-саңғал болып тұрған лифт орындары жаңарып, жаңғыруда. Қызығын көретін тұрғындар, сондықтан оның бала-шаға мен тентек-телілердің тепкісінен, жазу-сызу, шимай-шатпақтан таза болуына тұрғындар атсалысса ғой!
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АҚТАУ.