Қыздар университетінің аруы анықталды
Байырғы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті дәстүрлі «Университет аруы» байқауын ұйымдастырып, ең көркем қыздарын анықтады.
Қазақ қыздарының аяулы да сұлу болмысын, бүгінгі рухани ұлт дәстүрі мен мәдениетін бойына жинақтаған, ақылына көркі сай бойжеткендерді насихаттау мақсатында өткен байқауға әр факультеттен бір үміткерден, сан өнерді тал бойына тоғыстыра білген, ақылына көркі сай, бұрымды қыздар қатысты.
Алдымен арулар жиналған қауымға арнайы дайындалған бейнебаян арқылы өздерін таныстырып, арман, мақсаттарымен бөліссе, екінші кезеңде өз өнерлерін паш етті. «Өнерлінің өрісі кең» атты өнер байқауында бірі әншілігін, бишілігін көрсетсе, енді бірі бүгінгі қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі болып табылатын жетімдер мәселесін көтеріп, «Жетім баланың мұңы», «Ана мен баланың сырласуы» деген тақырыптарда монолог оқып, актерлік шеберліктерін алға тартты. Үшінші «Ақылы – көркіне сай, тағамы – дәстүріне сай» кезеңінде бойжеткендердің білім деңгейі мен жасаған тағамы арқылы аспаздық шеберліктері сыналды. Байқауда қыздар бүгінде ұмыт болған «Әсіп» (қой ішегінен жасалған) және «Қарма» (балықтан жасалған) деп аталатын ас түрін ұсынды.
Ұлтымыздың танымал өнер адамдарынан құралған қазылар алқасының шешімімен өнер және мәдениет факультетінің 1-курс студенті Сәбина Қойшанова университет аруы атанды. «Университет аруы» тәжін 2013 жылдың аруы атанған Әйгерім Сопыбекова салтанатты түрде табыстап, басына кигізді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
––––––––
Суретте: «Университет аруы-2014» Сәбина Қойшанова.