Аймақтар • 11 Мамыр, 2022

Аднан Мендерестің атында көше бар

597 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығындағы 30-шы көше бұдан былай Түркі әлеміне танымал қайраткер Аднан Мендерестің атымен аталады.

Аднан Мендерестің атында көше бар

Қазақстан мен Түркия елдерінің зиялы қауым өкілдері қатысқан салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тарихи тұлға туралы баяндап, бауырлас елдер байланысы тереңдеп келе жатқанын атап өтті. «Өткен ғасырдың 50-жылдары отандастарымызға қамқорлық танытып, Түркияға көшуіне, орнығуына үлес қосқан Аднан Мендерестің есімін жаңғырту қос мемлекетке ортақ мүдде деп білемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласындағы көшелердің біріне Аднан Мендерестің есімін беру туралы тапсырма берген болатын. Тапсырма аясында заңға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылып, біз бүгін сол көшенің ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, Түркістан – бір халықтың ғана емес, күллі Түркі елдерінің рухани ұстыны ретінде әспеттеледі. Сондықтан қос елге ортақ тұлғаның атындағы бұл көшенің Түркістан қаласынан ашылуы – заңдылық. Сондай-ақ бұл бастама қазақ-түрік арасындағы достықтың одан сайын нығаюына жол ашады деп сенемін», деді Өмірзақ Естайұлы.

Түркия Республикасы Дін істері басқармасының басшысы, бас мүфти Али Ербаш тұлғаға құрмет көрсеткен қазақ еліне алғысын білдірді. Қос ел арасындағы бауырластық қарым-қатынас нығая түскенін, Түркістан төріндегі маңызды іс-шаралар Түркі әлемін біріктіруге серпін беретінін мәлімдеді.

Саяси қайраткер, Түркия Респуб­ли­касының Премьер-министрі қыз­метін атқарған Аднан Мендерестің қазақ халқына сіңірген еңбегі мол. Ол өткен ғасырдың 50-жылдары қазақ­тардың Түркияға қоныстануына себепкер болып, 4 жылға жуық со­зыл­ған қоныс аудару процесіне қол­дау көрсеткен. Тарихи тұлғаның 1952 жылғы қаулысынан кейін қа­зақтар Пәкістаннан Түркияға қо­ныс аудара бастады. Пәкістандағы қазақтардың алғашқы легі 1952 жыл­дың қыркүйек айында келсе, соңғы легі 1956 жылы түрік жеріне жеткен.

 

Түркістан облысы