Аймақтар • 11 Мамыр, 2022

Өскемен қаласының әкіміне айыппұл салынды

310 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омарға сот шешімін орындамағаны үшін 159 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өскемен қаласының әкіміне айыппұл салынды

Өскемен әкімі мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қатысты сот ісі облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралған. Белгілі болғандай, Аблакетка кентінің тұрғындары қоғамдық көліктің кестеге сәйкес қатынамайтындығына наразылық білдіріп, сот арқылы шағым түсірген.

«Әкімшілік іс тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін бекіту арқылы қаралды. Сол келісімге сәйкес жолаушылар тасымалына қатысты мәселелерді шешу үшін әкімдіктің жауапты бөліміне бірнеше міндеттер жүктелді. Ал сол міндеттердің орындалуын қала әкімі өз бақылауына алуға тиіс болған», деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Яғни, әкімдік 16 наурызға дейін автобустардың уақтылы қатынауын қамтамасыз етуге тиіс еді. Алайда бұл міндет орындалмаған.

«Сондықтан ӘРПК-тің 127-бабы 5-бөлігімен қала әкімі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне 50 АЕК немесе 159 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ», делінген ақпаратта.

Аяна Тоғанбек