Аймақтар • 11 Мамыр, 2022

Павлодар облысындағы үш ауданда жайылымдық жер тапшы

518 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауылдағы ағайын ерте көктемнен қара күзге дейін төрт түлігін жаятын жер таппай дал болады. Сондықтан кейбірі қой мен ешкісін, жылқы мен сиырын ала жаздай қорада қамауға мәжбүр. Енді бірі малды қараусыз жібере салады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Павлодар облысындағы үш ауданда жайылымдық жер тапшы

Атап айтқанда, Павлодар облысындағы Тереңкөл, Шарбақты және Павлодар аудандарындағы 36 ауылда мал жаятын жер жоқ. Басқа аудандарда да жайылымның аздығы айтарлықтай байқалады. Мәселен, Успен ауданының тұрғыны Мұхтар Баймамыров қорасындағы азды-көпті қой мен жылқысының санын арттыруды қалағанымен, қолы байлаулы.

«Аудандағы бос аумақтың барлығына егін егіледі. Әрине, астық өсірген дұрыс. Оған еш қарсылық жоқ. Бірақ бұл мал шаруашылығын шетке ысырып қою қажет дегенді білдірмесе керек. Төрт түлік ұстап отырған біз сияқты қарапайым тұрғындарға да жағдай жасалса екен дейміз. Қазір аудан орталығының маңында жайылымдық жер жоқтың қасы. Күнде таңертең қой мен жылқының жолдың ар жағына шығарып, кешқұрым қайта қораға әкеліп, қамаудан басқа амал болмай тұр. Шаруалар егін еккен соң жағдай тіпті қиындайды. Жыл сайын осы мәселені көтеріп, жайылымдық жер сұрағанымызбен, мәселе шешілмей келеді», дейді Мұхтар Баймамыров.

Павлодар облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Руслан Дәуітбаевтың айтуынша, биыл бұл бағытта ілгері қадамдар жасалады. Атап айтсақ, қарапайым халықтың қажеттілігі үшін 380 мың гектар жер пайдалануға беріледі.

«Жайылымдық жерлердің тапшылығы өткір тұр. Мысалы, Шарбақты ауданында аумақтың басым бөлігін орман, ал Павлодар мен Тереңкөл аудандары Ертіс өзенінің жағасында орналасқандықтан суармалы алқап алып жатыр. Бұл мәселені шешу үшін жалпы аумағы шамамен 100 мың гектар болатын 200-ге жуық жер учаскесі мемлекетке қайтарылады. Сондай-ақ жайылымдар көлемі жер қорының есебінен артады. Осылайша, 380 мың гектар аумақ электронды сауда арқылы немесе жер комиссиясы шешімімен тұрғындар мен шаруаларға ұсынылады», дейді Руслан Дәуітбаев.

Жыл басынан бері барлығы 20 мың гектар жайылым үлестірілді. Барлығы Павлодар облысында 8,3 млн гектар мал жаятын жер бар. Оның 4,7 млн гектар ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің игерілуіне берілген.