Қоғам • 11 Мамыр, 2022

1700 шақырым жаяу жүрген 72 жастағы саяхатшы Алматыға жетті

678 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанды жаяу аралап шығуға ниеттенген Ұлытаудың 72 жастағы тұрғыны Сәрсенбай Қотырашов өз сапарын жалғастыруда. Бүгін ол 1 700 шақырымды артқа тастап, Алматы шаһарына жетті. Бұған дейін ол 5 қаланы жаяу аралап шыққан, деп хабарлайды Egemen.kz.

1700 шақырым жаяу жүрген 72 жастағы саяхатшы Алматыға жетті

Саяхатшы алматылық студенттермен кездесті. Ол жолдағы ең күрделі аумақ – Жезқазған-Қызылорда арасы мен Таразға дейінгі тау асулары болғанын айтты. Алыс сапарға ауа райы да кедергі келтіретінін жеткізді. Дегенмен, ешбір кедергіге қарамастан, ақсақал өз сапарын жалғастырып келеді.

Ол «Ұлытауда болдың ба?» атты марафонға жеті жыл дайындалыпты. Қарияның мақсаты - қараша айының басына дейін Қазақстанның 17 қаласын жаяу аралап шығу. Ол үшін жалпы алғанда 8 000 шақырым жүру керек.

«Жолда кездескен адамдар жиі тоқтап, мені біраз жолға дейін жеткізіп тастауды ұсынды. Бірақ, мен өзіме бүкіл қашықтықты жаяу өтіп шығамын деп серт бергенмін. Мен осы сертімді сақтауым керек», деді Сәрсенбай Қотырашов.

Артта қалған 5 бес қаланың тұрғындары саяхатшыны қуанышпен қарсы алып, қолдау білдіріп жатыр. Қаржылай да, азық-түлікпен де көмек көрсеткендер болған. Қария бұндай ерекше ілтипат оған саяхатын жалғастыруға жігер беретінін айтады.

Марафоншы Алматыдан Қонаев, Талдықорған, Аягөз қалаларына жол тартады, одан әрі Ақтауға жетуді жоспарлап отыр.

«Мен шетелде ешқашан болған емеспін. Осы сапардан соң, келесі жылы Мекке мен Мединаға жаяу баруды армандаймын», дейді ол.

Айта кетсек, ақсақалдың қолдаушы тобы да бар. Онымен бірге Ұлытаудан Қызылордаға дейін, Шымкенттен Алматыға дейін топ жетекшісі, өлкетанушы Бахтияр Қожахметов еріп жүрді.

«Мен оған таңғы ас жасауға көмектесем. 20 шақырымды көлікпен жүріп өтем, бұл аралықты ол шамамен түске дейін жүріп өту керек. Сол жерде мен шайхана, кафе, ас ішетін жерді іздеймін. Егер олар табылмаса, оған түскі асты өзім дайындаймын. Арықарай осы схема бойынша тағы 20 шақырым жүрем де, түнеп шығатын орынды іздеймін», деді Бахтияр Қожахметов.

Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай-қорығының қызметкері, еңбек ардагері Сәрсенбай Қотырашов өз сапарын 31 наурызда бастаған.