
Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Осы орайда ұлылардың бесігі, мәдениеттің алтын қақпа есігі болған бұрынғы Семей өңірін қайта түлетіп, оның аумағында Абай облысын құру туралы байлам өңірдің адамдарын ғана емес, барша қазақ елін ерекше қуантқан тарихи маңызы бар жаңалық болды. Иә, ел Президентінің бұл шешімі көрмегенді көріп, тоталитарлық жүйенің небір сұмдығын басынан өткерген өңірдің адамдары үшін үлкен рухани қолдау болды.
Семей облысы тарап, Өскемен өңіріне қосылып, Шығыс Қазақстан облысы құрылғанда оңтайландырудың өткір қайшысына ілініп, қысқартылған аудандардың бірі Шұбартау ауданы болды. Ол шығысында іргелес жатқан Аягөз ауданына қосылған тұста оның ауылдары жаңа аудан орталығы Аягөз қаласына 350-400 шақырым қашықтықтан қатынауына тура келді. Бұл жағдай сол кезде жұртшылыққа оңай соқпады. Бір ғана жағдайды айтайық. Мәселен, бір жапырақ анықтама қағазын алу үшін алыстағы ауылдан аудан орталығына сабылған жұрт барып-қайтқан жолы үшін 3-4 мың теңге ақша төлеуіне тура келді. Оған барған шаруасы бітпей қалған жағдайда жатын орын мен тамағына кететін тағы да 2-3 мың теңгені қосыңыз. Қолындағы он шақты қой-ешкісі мен төрт-бес ірі қарасына қарап отырған қарапайым халық осындай қиындықтарға шыдай алмай атақоныс, туған ауылдарын амалсыз тастап қалаларға көшуге мәжбүр болды. Сол көш тоқтаса енді тоқтар деген ойдамыз.
Иә, Шұбартау – Шыңғыстаудың күнгейіндегі өңірдің атауы. Бұл өңірден де айтулы адамдар шыққан. Оған ақын Абай айтқыштығын ерекше бағалап, «Керейдің қызыл желі» атаған Бегеш шешен, Абайдың ақын шәкірттерінің бірі әнші, композитор Уәйіс Шондыбайұлы, халық ақыны Төлеу Көбдіков, көрнекті композитор Еркеғали Рахмадиев, қазақ әншілерінің атасы Бекен Жылысбаев, бүгінгінің Мұхтары делініп жүрген қарымды қаламгер Мұхтар Мағауин, айтулы ақын Несіпбек Айтұлы сынды ел таныған таланттарды тілге тиек етсек те жеткілікті.
Оңтайландыру жылдарында тарап, Аягөз ауданына қосылған бұл өңірдегі ауданның бұрынғы аты да Шұбартау. Оның жері қарт Шыңғыстың күнгейіндегі қоңыр бұйраттардан басталып, солтүстік батыс бөлігінің бір шеті сонау бір жылдарда атом жарылысының ауыр азабын басынан өткерген аяулы мекен Абыралы өңіріне, одан батыс пен оңтүстік батысқа қарай бүгінгі және бұрынғы Қарағанды, Жезқазған облыстарының Ақтоғай, Қарқаралы, Тоқырауын, Балқаш тәрізді өңірлерімен шектеседі. Ал солтүстігі ұлы ақын атындағы Абай ауданымен, шығысында Ақшатау арқылы ежелгі Аягөз жерімен шендесіп, оңтүстік шығысы мен түстігінде бұрынғы Көкше теңіз, қазіргі Балқаш аталатын айдынға тірелетін атырапты алып жатқан ұлан дала – сол бұрынғы Шұбартау аталған ауданға тиесілі жер. Көлемі 3,5 млн гектар жерді қамтитын осынау жортқан аңның тұяғы, ұшқан құстың қанаты талатын Арқаның сары даласы – бір кезде төрт түлік малға өріс, сол малды бағып-қағып, өз төлі есебінен өсірген жұрттың құтты қонысы болған бақ мекен, байсын жер.
Жалпы, оңтайландыру, ірілендіру кезінде халық біршама аласапыран күнді бастан кешірді. Соның салдарынан сергелдеңмен жүріп, барымызды жоғалтып, байлығымыздан айырылып қалған жағдайымыз бар. Оны несіне жасырамыз. Айталық, адамдары туып-өскен жерінен амалсыз басқа жаққа қоныс аударған ауылдардың көбі артынша «болашағы жоқ» ауылдар деген негізсіз сылтаулармен сыпыра жабылды. Оның айқын да нақты мысалын оңтайландырылып, ірілендірілген аудандар мен ауылдардың өмірінен көруге болады. Сөйтіп, барымыздан айырылдық. Қаншама баспаналар қаңырап бос қалды, қирап, бүлінді. Мүлде жойылып кеткендері де болды. Мәселен, бір кездері 50 мың қой, мыңдап жылқы және ірі қара өскен Жорға елді мекені тап осындай жағдайды бастан кешті.
Ал енді сол кездерде көшкен халық қайда барды дейсіз бе? Олардың біразы ірілендірілген аудандардың орталығына барғанымен, басым көпшілігі Алматы, Астана сияқты халық қалың шоғырланған үлкен қалалар мен облыстардың орталықтарына ағылды. Осындай ішкі урбанизация кезінде оларды ол жерлерде салулы төсек, салқын үй күтіп тұрған жоқ еді. Соның салдарынан азаматтардың көбі базар жағалады, амалсыз арба сүйреді, жүкші және аула сыпырушы сияқты денсаулыққа зиян ауыр жұмыстарды атқарды. Ал әйелдер қауымы ала қапты арқалап жер өңірді аралады. Енді біреулері оны-мұны, ұсақ-түйек, бәкін-шүкін заттарды сатып алып, тиын қосып қайта саудалап, мардымсыз бірдеңе табумен айналысты.
Шұбартау ауданының аты бір кездері Одақ көлеміне белгілі болып, даңқы алысқа кеткен тұстарда қол жеткен табыстары мен көрсеткіштері назар аударарлық. Айталық, 1970-1990 жылдардың аралығында Шұбартаудағы қой саны 350-400 мың, ірі қара 14-15 мың, жылқы 15-20 мың аралығында болғанын білеміз. Аудан сол жылдарда әр жылы мемлекетке жеке секторды қоспағанда 7-8 мың тонна қой етін, 5-6 мың тонна сиыр етін, 2-2,5 мың тонна жылқы етін тапсырып отырған. Бұл дегеніңіз таратылған аудандар қайта құрылған жағдайда егемен еліміздің арзан да сапалы ет өнімдерінің экспортын анағұрлым арттыруына үлкен үлес қосатынын көрсетеді. Сондықтан біздің ел мұндай мүмкіндіктерді мүлтіксіз пайдалануы керек деген ойдамыз.
Сондай-ақ осы тұста кеңес өкіметінің отызыншы жылдарында Шұбартау өңірінде мал санының қанша болғандығын да жұрт назарына ұсына кеткенді жөн көрдік. Бұл ретте нақты статистикаға сүйене отырып, ел мен жер жайында деректі кітап жазған Нәстілек Сәменбетов ағамыздың жазбасына үңілген едік. Ауылдың академигі дейтіндей көпті көрген, көп нәрсені көңілге түйген, бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып «Аягөз ауданының құрметті азаматы» атанып отырған шежіре ағамыздың айтуынша, байларды жаппай кәмпескелеуден бұрынғы 1930 жылғы есеп бойынша Шұбартау өңірінде 336 973 мың қой-ешкі, 49 287 бас жылқы, 17 214 сиыр, 16 141 түйе болыпты. Бұл цифрды Нәстілек ағамыз ғана емес, 90 жастан асып дүние салған, ғұмыр бойы есеп-стат саласында жұмыс істеп, осы саланы ұзақ жылдар басқарған салиқалы қария Сейсебай Бауов аға да жазған. Сейсекең өзінің көрген-білгені, басынан кешкені жайлы жазған тамаша ғұмырнамалық кітабында ол туралы архивтен алынған нақты деректерді оқырман назарына ұсынған.
Шұбартау өңірі бүгінде көзден бұл-бұл ұшқан ойсылқараның өсіп-өнген отаны болды дегенге кім сенеді. Бұрыннан қалған жұқана болса керек, алпысыншы жылдардың аяғы, жетпісінші жылдардың басына дейін көнекөз қарттардың айтуынша, бұл өңірде 350-400 басқа дейін түйе болыпты. Алайда кеңес өкіметі түйе түлігінің пайдасына дұрыс баға бермеу себебінен оның тұқымы түбірімен жойылып кеткен. Әйтпесе, Шұбартаудың еңбеккер халқы аз шығынмен мол өнім өндіруге мүмкіндік беретін осы аса тиімді түлікті бүгінге дейін өсірер еді. Амал не, қазір ойсылқараның отаны болған өңірде емге деп іздесең бір түйе таппайтын жағдайға жеттік. Жалпы, түйе малын өсіруге бұл өңір өте қолайлы екенін астын сызып тұрып айтқымыз келеді. Бір сөзбен айтқанда, Шұбартау ауданы қайта құрылған жағдайда осы өте тиімді түлік түйе шаруашылығын өсіруге де тамаша мүмкіндік туар еді. Оған жері жартылай шөл және шөлейтті болып келетін өңірде қолайлы жағдай бар. Өйткені түйе малы сүйсініп жейтін ащылы-тұщылы көкпек пен изен, баялыш пен жантақ өсетін далалар көңілге осындай ойларды оралтады.
Әрине, малды көптеп өсіру үшін судың мол қоры керек. Жері шөл және шөлейтті аймаққа жатады дегенмен Шұбартау өңірі соншалықты сусыз да жер емес. Айталық, Шұбартаудың жерінің Абыралы, Аягөз өңірлерімен шектесетін шығысы мен батысындағы екі кіндік қазығы іспетті Қамбардың Көкшетауындағы Тұлпар мен Ақшатаумен шендесетін Сұлушоқы аралығында, олармен ортадағы қарт Шыңғыстың күнгейіндегі жерлерде жағасы жасыл құрақ, бұлқына аққан бұлақтар жетерлік. Бұл өңірде жаз жайлауда мыңғырған төрт түлік малдың мейірін қандыратын сол тас бастаулардан басқа көктемде бұлқына, жұлқына ағатын ондаған өзендер, қар суымен молайып жаз бойы жағасы көк шалғын болып жататын шағын көлдер мен көлшіктер де аз емес. Оған дәлел ретінде Шұбартау жеріндегі Еспе, Сары, Дағанды, Малкелді, Бабаң, Құр, Қорық, Байқошқар, Балқыбек, Бақанас, Игілік, Арсалаң, Көксала, Бүрген, Айғыз, Қурайлы өзендері мен Сандықтастағы Иттің көлі тәрізді ондаған шағын көлдер мен көлшіктерді айтуға болады.
Шұбартау бұрын аудан болып тұрған кезде көктемде сай-саладан аққан қар суымен арналары асып-толып, жөңкіле ағатын жоғарыдағы өзендердің суларын қолайына қарай бұрып, алдын ала жасалған бөгеттер арқылы өзен жағалауларындағы жазықтарға шығарып, оны барынша тиімді пайдалануға тырысатын. Сол су жайылған жерлерден қысқа қажетті мал азығының мол қорын дайындайтын. Мәселен, Бақанас өзенінің өн бойында осындай ондаған бөгеттер мен тоспалардың барлығы бізге мәлім. Ондай істі тіпті қуатты техникалық құралдар жоқ кездің өзінде қарапайым қайла, күрекпен жүзеге асырған еңбеккер жұрттың ерлік ісіне қайран қаласың. Мысалы, ертеректе Баршатасқа таяу тұстан канал қазып, суды жетелеп қырға шығарған. Сол сумен осы маңдағы 437 гектер жерге егін еккен. Ол жайында жоғарыда аттары аталған ағаларымыз жазған кітаптарда жақсы айтылады. Сол егін салған жерлердегі атыздар мен арықтардың сұлбасы бүгінге дейін тайға таңба басқандай сайрап жатыр. Ал енді өзеннің «Қос ағаш» ауылының маңындағы «Ақтоған» каналы арқылы алынатын сумен бүгінге дейін осы өңірдегі тұрғындар қажетті мал азығын дайындауда. Көксала, Бүрген, Айғыз, Қурайлы сияқты өзендердің бойындағы топырағы құнарлы жерлерден де сонау бір жылдардағы егістікпен айналысқан ерлік істердің ізін көруге болады.
Сонау бір жылдары «Қой шаруашылығы – жастардың төл ісі!» деген бастама көтерген ауданның еңбеккер жұртшылығының игі ісі кезінде лайықты бағасын да алды. Айталық, оған дейін бір ғана қарапайым еңбек адамы Рыздықбай Тілеуберлин ақсақал Социалистік Еңбек Ері атағын алған болса, шұбартаулықтар бастама көтерген жылдарда ондай еңбек майталмандарының қатары көбейе түсті. Соның бірі алғашқылардың бірі болып «Тұлпар» атты қой өсіруші комсомол-жастар бригадасын ұйымдастырып, оған ұзақ жылдар ұстаздық еткен Жанарбек Шүленбаевтың Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атануы. Сондай-ақ «Алтын жұлдыз» қой өсіруші комсомол-жастар бригадасына жетекшілік еткен Тілеуқабыл Өмірбековтей еңбек адамы да Социалистік Еңбек Ері атанды. Өйткені олар және олардың замандастары иен даладағы бір сарынды малшы өміріне үлкен өзгеріс, тың жаңалықтар әкелді. Мал баққан қауымның заманауи үлгідегі мәдениетті өмірін қалыптастырды. Мал бағудағы ұжымдық еңбектің артықшылығын көрсетті. Көп көтерген жүктің жеңіл екенін, күш топтастырылған жерде көрсеткіштердің арта түсетінін дәлелдеді. Осындай еңбектері үшін еңбеккерлердің тағы бір тобы лайықты марапаттарға ие болды. 3 адам Ленин орденімен, 5 адам І және ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы», жүздеген адам Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» сияқты тағы басқа да ордендер мен «Еңбектегі ерліктері үшін» берілетін әртүрлі медальдардың иегері атанды. Осы тұста әсіресе 18 бен 20 жастың ар жақ, бер жағындағы уыздай жастардың атақтары жер жарып, ел құрметіне бөленуі. Мысалы, Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жанарбек Шүленбаев сынды еңбек майталманының шәкірті Тілек Ықсанов небәрі 20 жасында сол кездегі ең жоғары марапаттың бірі Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Жәкеңнің тағы бір шәкірті Рағына Әбілахатова «Құрмет белгісі» орденін омырауына тақты. Тағы бір қой өсіруші комсомол-жастар бригадасының мүшесі Зинат Сармурзина Берлинде өткен жастар мен студенттердің бүкілдүниежүзілік фестиваліне қатынасып, лауреат атанды. Қой баға жүріп ой баққан олар еңбек ете жүріп жоғары білім де алды.
Ал енді жастардың еңбекке деген құлшынысын, патриоттық сезімдерін оятып, отансүйгіштікке баулыған Шұбартау аудандық комсомол ұйымы сол жылдарда Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған-ды. Осы комсомол ұйымының бірінші басшысы болған Тілек Шәкәрімұлы Ахынов Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Мұндай атаққа бастама көтерген ауданды ұзақ жылдар басқарған Шаймағамбет Оразбекұлы Мақашев ағамыз да ие болған еді.
Мал шаруашылығының көптеген үздіктері түрлі съездердің делегаты, одақтық, республикалық, облыстық кеңестердің депутаттары болды. Одақтық және республикалық көрмелердің алтын, күміс медальдарының иегері атанды. Ондай құрметке бөленген еңбек адамдары мен білікті басшылар жүздеп саналады. Солардың бірі – кезінде 55 мыңнан аса қой, мыңнан аса жылқы және ірі қара малын өсірген үлкен шаруашылықтың басшысы болған Біліс Кәрімбекұлы Оспанов. Ол асыл тұқымды еділбай қойын өсірудегі көпжылдық тәжірибесінің негізінде өндірістен қол үзбей жүріп-ақ ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты атанды. Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі ордендерін иегері болды. Аупарткомның екінші хатшысы, ауаткомның төрағасы, Жаңа Семей ауданының әкімі болып, ел ісін ілгері бастыруға үлес қосты.
Өткен жылдардың тарихына зер салсақ Шұбартау ауданының еңбеккер жұртшылығы сол бір жылдарда қыстамаға кіретін қыруар малға қажетті жем-шөптің жеткілікті қорын өздері туып-өскен, құт-береке дарыған құнарлы даладан өндіріп келгендігін көреміз. Сондай-ақ әр-жылы 30-35 мың гектар жерге әртүрлі дәнді дақыл егіп, оның әр гектарынан орта есеппен жыл сайын 10-15 центнер астық жинауға жетісті. Қазірде сол егістік алқаптар қаңбақ басқан, құйын ойнаған құла түз, қу медиенге айналып, елсіз-күнсіз, қаңырап бос жатыр. Ал ірілендірілген Аягөз ауданында қазір жыл сайын 8-10 мың гектар жерге астық егіледі. Міне, біздің аудандарды біріне-бірін қосудан тапқан пайдамыз. Мұндай бадырайып тұрған келеңсіз кемшіліктерді өмірдің кез келген саласынан табуға болады.
Қазақстандағы барлық аудандар сияқты Шұбартау ауданы да 1928 жылы құрылған. Содан бері екі рет тараған. Алғашқысы, 1963-1965 жылдардың аралығы. Екінші рет 1997 жылдың мамыр айында таратылған. Екеуінде де ауданның темір жолдан шалғайлығы, облыс орталығынан алыс орналасқаны басты себеп болған. Біз өтпелі кезеңде орын алған екінші таралымды дұрыс дейік. Өйткені ол тәуелсіздігіміздің тағдыры таразыға түскендей қыл үстіндегі кез еді. Әсіресе еліміздің солтүстік облыстарында тұрғылықты халықтың саны тым аз болатын. Ал қазір жағдай мүлде басқаша. Елдің экономикасы нығайды, әлеуеті артты. Қаладағы қандастарымыздың саны көбейіп, сапасы жақсара түсті. Бүгінде осындай дәулеті тасып, сәулеті артқан еліміздің болашағымен алыс-жақын шетелдердің қай-қайсысы да санасады. Осы орайда барымызды бағамдап, байлығымызды арттыратын, қол жеткен жетістігімізді үстемелей түсетін игілікті істерге батыл қадам басқанымыз дұрыс деген ойдамыз. Сонда ғана Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза айтып жүрген Жаңа Қазақстанды құра аламыз.
Аудан қайта құрылған жағдайда бұрынғы құрылыстардың негізгілерінің сақталуы да бұл мақсатты іске мүмкіндік береді. Бұл ретте елді мекендердегі мал өсіру үшін іргесі бетонмен бекемделген тас қоралар мен мал бордақылау алаңдарының мұрттары бұзылмаған қалпында тұрғандығын айтуымыз керек. Оларды көп шығынсыз-ақ жеңіл жөндеп, қатарға қосуға болады. Ал аудан орталығындағы бұрынғы әкімдік үйі, мектеп, балабақша, аурухана, ішкі істер бөлімі секілді мекемелердің ғимараттары дерліктей сақталған. Бұл дегеніңіз ауданды ашуға көп қаржы кетпейтіндігін көрсетеді. Сондықтан да ел ертеңін ойлаған азаматтар батыл қадамға баруға тиіс. Сонда ғана елдегі жұмыссыздықтан, ол тудыратын наразылықтан құтылуға болады.
Енді нарықтық кезеңде кез келген аудан өзін-өзі ақтауы үшін тек қана ауылшаруашылығын алға бастыру мен мал өнімдерін өндіруге ғана қарап қалмауға тиіс. Бұл ретте Шұбартау ауданының экономикасын көтеруге мүмкіндік беретін табиғи жерасты бай-
лығының өңірде мол қоры бар екенін айтқан жөн. Мәселен, мұнда әлемде сирек кезесетін «Гавра» аталатын қара тастың мол қоры бар. Сонымен қатар қызыл, көк, ақ түсті мраморлар, алтын мен күміс, жез бен мыс, көмір мен темір, тіпті уран және басқа да Менделеев таблицасындағы байлықтың түрлері жеткілікті. Ақбастау, Құсмұрын, Жорға, Тасқора, Майлышат, Мұзбел, Шырық, Емелтау, Бәйтен, Қызыл тас деп аталатын жерлердегі осы қазба байлықтарды бүгінде жекеменшік шағын өндіріс орындары өз беттерінше жұлмалап, пайдасын көруде. Олардың мемлекетке заңды түрде қаншалықты салық төлейтін-төлемейтіндігі де белгісіз. Шұбартау ауданы ашылған жағдайда олар бір жүйеге келер еді де тұрақты түрде салығын төлеп аудан бюджетіне қыруар қаржы түсер еді.
Шұбартаудың аудан болып құрылуына мүмкіндік беретін тағы бір қолайлы жағдай – бұл өңірде бұрын кеңшар орталықтары болған тоғыз елді мекеннің барлығы дерліктей бір кездегі стратегиялық жағдайға байланысты салынған үлкен тасжолдың бойында жатқандығы. Қытай халық республикасы мен Нұр-Сұлтанды Қарағанды қаласы арқылы жалғастыратын Бақты мен Майқапшағайдан шығатын ең төте жол осы өңірді басып өтеді. Ертісті орамай, Алатауды айналмай жүретін ең тура жол – осы. Бірақ оны жөндеу неге екені белгісіз әлі күнге қолға алынбай келеді. Аудан ашылса жол да жөнделер, өңірге де, өмірге де өң кірер деген ойдамыз.
Мінеки, біз осылай өзіміз жақсы білетін Шұбартау өңірінің бүгінгі және бұрынғы жағдайын жалпы оқырман қауымның, ел басқаруға атсалысып жүрген азаматтардың назарына ұсынғанды жөн көрдік. Ондағы ойымыз ел мен жердің келешегі үшін керекті күн тәртібіндегі келелі мәселеге үн қосу. Әрине, бұл жөніндегі соңғы сөз, соңғы байлам – елдің ертеңін ойлап жүрген азаматтардың еншісінде. Сол жақсылардан жақсы қолдау күтеміз.
Ақаш КӨКСЕГЕН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қазақстанның құрметті журналисі