
Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Тегін тестілеу тапсырыңыз
Сонымен, тестілеуге қалай дайындалған тиімді? Әр талапкердің өз тәжірибесі, өзіндік таңдауы бар. Бірақ біз үйден шықпай-ақ, жолға уақыт, энергия жоғалтпай-ақ ҰБТ-ға дайындалудың әуелгі екі жолына тоқталмақпыз. Оның бірі – тегін дайындық.
Білім және ғылым министрлігі жақында Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы тегін сынақ тапсырып көруге болатынын хабарлады. Тегін сынақ тапсыру үшін https://prob-ent.testcenter.kz/ сілтемесіне өту керек. Сілтемеге өткеннен кейін тестіленуші алдымен ЖСН нөмірін енгізеді. Әрі қарай бейінді пәндер комбинациясын таңдап, сынаққа қатыса алады.
Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев: «Министрлік тестілеу кезінде ғана емес, оның басталуына дейін де қолайлы жағдай жасау үшін тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Сондықтан талапкерлерге ыңғайлы болу мақсатында біз ҰБТ-ға дайындалу үшін онлайн сынақ тестілеуді іске қостық. Бұл жүйе барлық талапкерге тегін қолжетімді. Сынақ тестілеуінен өту кезінде талапкер тест тапсырмаларымен танысуға және таңдалған пәндер бойынша өзінің білім деңгейін тексере алады», деді.
Шыны керек, елордалық бірнеше ата-анадан сынаққа арналған ҰБТ туралы сұрадық, олардың көбі әрбір сынақ тестілеуге 5 мың теңгеге жуық ақша төлейтінін айтты. Көпбалалы немесе әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға баласының тамағы, киімі, жүріс-тұрысы, қосымша білім алуынан бөлек ай сайын сынақ тестілеу тапсыруға ғана осыншама қаражат бөлу қиынға соғатыны сөзсіз. Сондықтан тегін тестілеу – жақсы мүмкіндік.
Ауылда жүріп, астанадан білім алу
Тестілеуге үйден шықпай-ақ дайындалудың екінші бір жолы – онлайн, алайда ақылы дайындық. Көптеген талапкер, әсіресе ауылдық жерлердегі соңғы сыныптың оқушылары немесе мектеп бітірушілері қаладағы оқу орталықтарында дайындалу үшін қатынайды. Оған жол шығыны мен уақытын, күш-қуатын жұмсайды. Амалсыздан барады, себебі ауылда арнайы орталықтар жоқ және қаладағы дайындайтын білім беру ұйымдарында машықтанған талапкерлердің ауылдағылардан жоғары балл алғанын жыл сайынғы көрсеткіштерден көреді. Сондықтан оларға бір ғана тегін сынақ тестін тапсыру жеткіліксіз. Сол себепті де қосымша білім беретін онлайн мектептерге жазылады.
Біз бірнеше онлайн мектептің операторларымен сөйлесіп, ақпарат алып көрдік. Іздеу жолағына «ҰБТ-ға онлайн дайындық» деп жазсаңыз болғаны, орталық пен қашықтан қосымша білім беретін мектептердің сайтына сілтемелер шығады. Сондай ұйымдар әртүрлі бағада, ҰБТ-дағы 5 пән бойынша дайындық жүргізеді. Айталық, биыл 5 пәнге дайындаудың бір айлық құны астаналық бір онлайн мектепте 15 мың теңге тұрады. Егер жарты немесе бір жылға бірден төлесе, жеңілдіктер қарастырылады. Мектеп менеджерінің мәлімдеуінше, сабақтар zoom платформасында өтеді. Талапкер түсінбеген сабағын қайта көре алады, себебі сабақтардың видеосы сақталады. Бастысы, онлайн мектептердің басым бөлігі нәтижелерін сайтына жариялап қойғанына, дерегінің ақиқатына көз жеткізіп барып әрекетке көшкен жөн. Өйткені біздің объектіге іліккен әлеуметтік желілердегі қолданушылардың жазуынша, сондай-ақ өзіміз сөйлескен елордалық ата-ананың айтуынша, қашықтан оқыды деп қатыспаған күндеріне де белгі соғып қоятын жекеменшік орталықтар бар.
Иә, осылайша, ауылда жүріп ел астанасындағы білікті мұғалімдерден, Алматы секілді оңтүстік астанадағы мықты педагогтерден білім алуға болады. Тек шалғайдағы интернеттің күші соған мүмкіндік беріп тұрса, қанеки.
Тестілеуден де маңызды дайындық бар
Тестілеуден де маңызды дайындық бар. Бұл – талапкерлердің жалпы білім беру гранты, келешектегі мамандығы, оқығысы келетін университеті туралы танымдық және ақпараттық дайындығы. Мұндай дайындық неліктен маңызды?
Жоғары оқу орнында тегін оқуға мүмкіндік беретін мемлекеттік білім беру грантының саны жыл сайын артып келеді. Соған қарамастан әр жылы грантқа ілікпей, көзінің жасын тыя алмай жүретін түлектер кездеседі. Олардың көбі ақпараттың аздығынан, анығын айтқанда білместіктен грантсыз қалады. Себебі мемлекеттік білім беру гранттарын бөлетін комиссияның құрамында болғанымызда көзіміз жеткендей, бір талапкер 60 балмен грант иеленсе, келесі бірі 110 балмен құр қалып қояды. Сонда аз балмен тегін оқуға мүмкіндік алған талапкер өзінің мүмкіндігі қай салада, қандай мамандықта көбірек болатынын болжаған болуы мүмкін. Мұны қалай білуге, болжауға болады?
ІТ-мамандардың бастамасымен 2020 жылы JOO.KZ қосымшасы іске қосылған еді. Онда грантты сала немесе мамандық бойынша іздей аласыз. Қосымшадағы «Мамандық» деген бөлімде жұмысқа орналасу мүмкіндігі мен түлектің орташа жалақысы қанша болатыны да көрсетілген. Жоба жетекшісі Қанат Бекниязұлы қосымша арқылы NEET тобындағы жастарға көмектесуді қалайтынын жеткізді. Оның айтуынша, Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы мектеп бітірушілері көбіне оқуын жалғастырмайды, жұмысқа да орналаспайды.
«Біздің қосымша арқылы грант қарайтындардың басым бөлігі – Түркістан облысы және Шымкент қаласының түлектері. Олар барлық қолданушының шамамен 20 пайызын құрайды. Бір қызығы, мектептен соң оқуын жалғастырмайтындар, жұмысқа да орналаспайтындар әдетте осы өңірлерде екен. 2018 жылғы Білім беру жүйесінің дамуы мен жағдайы туралы ұлттық баяндамадағы деректерге қарағанда, түлектердің 27 пайызы 11 сыныптан кейін оқымаған және жұмысқа тұрмаған. Ал сондай түлектердің 50,4 пайызы Түркістан облысынан, 41,6 пайызы Шымкент қаласынан, 36,1 пайызы Алматы облысынан екен. Демек, оңтүстік өңірлерде NEET (Not in Empoloyment, Education or Training) – еңбектенбейтін, білім алмайтын және өзін жетілдірмейтін жастардың үлесі өте жоғары. Біз қосымшамыз арқылы осы категориядағы жастардың білім грантын алуына көмектесуді көздейміз. JOO.KZ-те ҰБТ-ға дайындалуға, мамандық және ЖОО таңдау, оқуға түсу, болашақ мамандығының нарықтағы сұранысы, тіпті жалақысы туралы ақпараттар алуға, Қазақстандағы бүкіл ЖОО жайлы, ондағы оқытылатын мамандықтар жөнінде білуге болады», дейді Қанат Бекниязұлы.
Жоба жетекшісінің мәлімдеуінше, қосымшаға 400 мыңнан аса қолданушы тіркелген. Оның ішінде іздеу қызметінен 2 518 156 мәрте грант іздепті, 741 829 рет мамандық қаралған. Қоғамдағы «мұғалімдікке ешкім тапсырмайды, балы жетпей, аз алғандар ғана тапсырады» деген пікірдің дәурені өткен. Себебі қосымшада ең көп таңдалатыны білім беру саласы екен. Қосымшаны қолданатын талапкерлердің 24 пайызы осы саланы таңдайды. Ең жиі таңдалатын ЖОО Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті екен.