Аймақтар • 11 Мамыр, 2022

Жүйкесі сыр берген орынбасарға сөгіс жарияланды

360 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызметші қарапайым болып, жалпыға бірдей қабылданған моралдық-әдептік нормаларды сақтауға, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға, азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік танытуға, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмауға тиіс. Мемлекеттік қызметшілерге қатысты заң талабында осылай жазылған.

Жүйкесі сыр берген орынбасарға сөгіс жарияланды

Алайда өзінің теріс әрекеті арқылы сынға ұшырауы былай тұрсын, мәселесі Әдеп кеңесінде, соттарда қаралып жатқан шенеуніктер қаншама?! Түркістан облы­сындағы Әдеп жөніндегі кеңес оты­ры­сында мемлекеттік қызметшіге қойы­ла­тын этика талаптарын сақтамаған, жер телімін беру заңдылығын бұзған шенеуніктердің тәртіптік ісі қаралды. Сары­ағаш ауданы әкімінің орынбасары Нұрполат Талипов көпшілік алдында ауданның су шаруашылығы мекемесінің бастығына дөрекі, балағат сөздерді айт­қан. Бұл Сарыағаш ауданы әкімі аппаратының жоспардан тыс тексеруі кезінде дәлелін тапқан. Жиналыс барысында қажетті ақпаратты бере алмаған мекеме басшысына эмоциямен ашу үс­тін­де дөрекілікке жол беріп қойғанын Н.Талиповтің өзі де мойындаған. Ал жоға­рыдағы басшыдан балағат сөз естіп қалған шенеунік Талиповқа қояр еш­қан­дай кінә­сінің жоқтығын мәлім еткен. Де­­ген­мен келеңсіз оқиға Әдеп жө­нін­де­гі кеңесте қаралып, тиісті шешім қа­был­­­данды.

«Жұмыс барысында адамның кейде ашуға берілетінін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ мемлекеттік қызмет жүйкенің жұқалығын көтермейтінін есте ұстаған абзал», деді Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігінің Түркістан об­­лысы бойынша департамент басшы­сы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілманов. Кеңес мүше­лерінің шешімімен, Сарыағаш ауда­ны әкімінің орынбасары Нұрполат Талиповке «сөгіс» жазасын беру туралы ұсыныс аудан әкіміне жолданды.

Соңғы уақытта ауыл әкімдеріне қатыс­ты істердің дені жермен байланысты болып отыр. Парамен ұсталып, сот­тал­ған да, қызметтен кетуге негіз бол­ған жайттар да жер мәселесіне барып тіреледі. Бұл жолы Әдеп кеңесінде жерге қатысты төрт шенеуніктің ісі тал­қы­ланды. Жетісай ауда­ны Жылы су ауылдық округінің әкімі Ермек Дауыл­баев пен аталған ауылдық округ әкімі аппа­ратының бас маман-заңгері Сапарғали Абдуллаев жерге қатысты біраз келеңсіздіктерге жол берген. Нақтырақ айтқанда, шенеуніктер жер телімін сатып беру туралы өтініштер бойынша ұсынылуы тиіс құжаттар пакетін толық тапсырмаған, жер пайдаланушылардың өтініштерін қанағаттандыру және ол бо­йынша шешімдерді уақтылы қабыл­да­мау фактілеріне жол берген. Тек­се­ру барысында сондай-ақ құры­лы­сы аяқталмаған нысандар бойынша пай­да­ла­нуға қабылдау актісін есепке алу, жер телімін жекеменшік құқығымен бекі­тіп беру туралы шешімдер қабылдау, жеке және заңды тұлғаларға құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруына ашық ке­дергі жасау жайттары анықталған. Осы­ған ұқсас фактілерге Жетісай ауданы Қарақай ауылдық округінің әкімі Бәйдібек Иманбердиев, аталған ауылдық округ әкімі аппаратының бас маман-заңгері Сапарғали Бишораев та жол бер­ген. Төрт шенеунік қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жазасына ұсынылды.

 

Түркістан облысы

Соңғы жаңалықтар