15 Сәуір, 2014

Ертіс өзенінен жайылмаларға су жіберу жұмыстары жүріп жатыр

681 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

15-04-14-irtysh-1

Шығыс Қазақстан облысындағы су қоймаларынан Ертіс өзенінің жағалауындағы жайылмаларға су жіберу жүріп жатыр. Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. «Алдын ала жасалған кестеге сәйкес су жіберудің негізгі кезеңі 5 мен 23 сәуір аралығын қамтиды. Су жіберуді аяқтау 28 сәуірге жоспарланған», - делінген хабарламада. Ертіс каскады су қоймаларының су ресурстарын пайдалану туралы Ережеге сәйкес су жіберу туралы шешімді ведомствоаралық тұрақты комиссия қабылдады. Онда орын алған ауа райы жағдайына байланысты Ертіс өзені су жайылмасына су жіберу мерзімі мен су мөлшері анықталды. Су жіберу кестесіне сәйкес және гидрометеорологиялық жағдайды ескере отырып, су жіберу тікелей Шүлбі су қоймасынан жүзеге асуда. Биыл Ертіс өзені жайылмасына судың жайылуын мониторингілеу үшін облыстық бюджеттен 4 млн. теңге бөлінді. Мониторинг жүргізетін мердігерлік ұйым мемлекеттік сатып алулар конкурсы қорытындысы бойынша анықталатын болады. Жұмысқа тапсырыс беруші – облыстың жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы. Су жіберу кезеңінде Павлодар облысы аумағында Ертіс өзеніндегі су деңгейіне бақылауды 9 гидрологиялық бекет жүргізеді. Судың көтерілу деңгейін мердігерлік ұйым мен жауапты басқарма күнделікті бақылап отырады. Алынған мәліметтер күніне 4 рет су жіберу жөніндегі комиссия штабына, облыс әкімінің аппаратына, облыс бойынша төтенше жағдайлар департаментіне ұсынылып тұрады. «Ертіс бассейні су шаруашылығы инспекциясы» ұсынған ақпаратқа сәйкес бүгінгі таңда Бұқтарма су қоймасына жиналған су мөлшері - 41,1 км3. Алдын ала болжам бойынша 5,7 км3 мөлшерінде су жіберіледі. Ертіс өзені бойында орналасқан аудандар мен қалалар әкімдіктеріне жайылмаға су жіберілгендігі туралы хабар таратылып, Ертіс өзені суы деңгейіне мониторинг жасалды. Мұрат Айтқожа. Дереккөз: Павлодар облысы әкімдігі. Фото: Павлодар облысы әкімдігінің сайты.