Алғаш балаң қиялы бүр жарған, асқақ арманы арна тартқан көне мекен өз перзентіндей болған өнерпазды ұмытқан жоқ. Ол да көзі тірісінде тағдырына араша болған өлкені жанындай сүйген, жүрегінде өмір бойы тербетіп өткен. Жанарының жасын сүрткен Жамбылдың жасыл көктемі мәңгі жадында қалған...
Ұлы таланттарға тән тар жол, тайғақ кешу, қилы күндер Анна Германның да басынан айналып өткен жоқ. Оның тағдырында Жамбыл жерімен байланысы да балаң күнінен басталған. Дерек бойынша, ол Өзбекстан Республикасының Үргеніш қаласында дүниеге келген. Әкесі Евгений Герман наубайханада есепші болып жұмыс істеген делінеді. Ал анасы Ирма Мартенс неміс тілінің мұғалімі болған екен. Болашақ әйгілі әншінің сәби күнінде әкесі тыңшылық жасады деген айыппен қамауға алынып, кейіннен атылып кетеді. Артынша Анна анасы Ирма екеуі Қырғыз Республикасының Талас облысы Орловка ауылына жер аударылады. Сөйтіп, көп ұзамай тағдыр айдап Әулиеата өңіріне келеді. Бұл жер Анна Германның өміріндегі ұмытылмас естеліктерге толы киелі мекені еді. Жалпы, өнер иесінің ән әлеміндегі жетістіктері, әлемнің көптеген еліне жасаған концерттік сапарлары, орындаған әндері туралы мәліметтер бар. Алайда оның Жамбыл жерінде болған кездері жайлы деректер тапшы. Анна Герман өміріне қатысты, оның ішінде Әулиеата өңірінде болғаны туралы шағын мәліметті Иван Ильичевтің өнерпаз туралы жазылған «Белый ангел песни» деген кітабынан кездестірдік. Аталған кітапта «В период 1944-1946 гг. Анна с мамой и бабушкой жила в Джамбуле, где училась в школе имени Н.А.Некрасова», деген жолдар бар. Сондай-ақ Анна Германның өзінің атынан жазылған «Мы долгое эхо» кітабында да «В 1943 году семья переехала в Джамбул, Ирма устроилась учителем немецкого языка», деген деректер ұшырасады. Дегенмен, анасы Ирма өз естелігінде Жамбыл өңірінде тұрмыс жағдайлары ауыр болғанын, соғыс біткен соң Польшаға қайтуларына рұқсат берілген соң, қайтадан сонда кеткенін жазады. Бірақ Анна Германның жанарында, көңілінде бұл топырақтың суреті мен естелігі мәңгілікке қалып қойды. Ол өз тағдырында әйгілі әнші болатынын, балалық шағының бір бөлігі өткен Жамбыл қаласына қайта айналып соғатынын сол кезде білмеген де шығар...
Дүние әлеміне поляк халқының ұлы әншісі, неміс тектес композитор ретінде танылған Анна Германның таланты талайды тамсандырғаны хақ. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында оның қоңыр үні, әуезді әні жер бетінде асқақтай түсті. Шабыты шалқыған өнер иесін халық тілі мен ұлтына қарамай жоғары бағалады. Америка, Ұлыбритания, Италия сияқты атақты елдерде концерт өткізіп, талантын танытты. 1964 жылы Сопот қаласында өткен өнер фестивалінде Dancing Eurydice әнін орындаған соң, шынайы даңққа ие болады. Бұдан кейін өнерпаздың даңқты жолы жалғаса береді. Тағы бір деректерге сүйенсек, 1979 жылы Кеңес Одағының көлемінде Анна Германның екі айлық гастрольдік сапары жоспарланады. Ән сапарымен Варшава, Сан-Ремо, Мәскеу, Сопот сияқты көптеген қаланы аралаған әнші балалық шағының ізі қалған Жамбыл қаласына да гастрольдік сапармен келеді. Араға отыз үш жыл салып Жамбыл өңірімен қайта қауышқан өнер саңлағын жергілікті тұрғындар да жылы шыраймен қарсы алады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұлов сол бір керемет өнер кешінің куәсі болғанын айтады. Ән әлемінің жарық жұлдызының Жамбыл жеріне келуі де сол кезеңде айта қаларлықтай оқиға болған. Сол 1979 жылы 25 сәуір күні облыстық «Знамя труда» газетінің №89 нөміріне журналист Борис Кан «Песни Анна Герман» деген сұхбат жариялайды. Не себепті концерттік бағдарламамен Жамбыл қаласына келгені туралы журналист сұрағына әнші балалық шағында анасымен бірге мұнда тұрғанын, мектепте оқығанын, бірақ қай мектепте оқығанын білмейтінін айтып, жауап береді. Сондай-ақ жасыл қала, көрікті қаланың келбеті, мұндағы тамылжыған табиғаттың, мектеп жанында ағып жататын арықтың суреттері көз алдында, көңілінде мәңгі қалып қойғанын жеткізеді. Сонымен қатар өзі туған жері деп санаған Жамбыл жұртшылығының өзіне деген көл-көсір көңіліне риза болған өнерпаз 1979 жылы 26 сәуір күні Мәскеудегі құрбысы Анна Качалинаға хат жазыпты. Мұнда өнер иесі өзіне деген құрмет пен қошеметтің мол болғанын, балалық шағы өткен өңірмен қимай қоштасып бара жатқанын жеткізеді. Сол кезде жергілікті тұрғын Зайтуна Скрипаченкоға өзі пайдаланған бірнеше заттарын сыйға тартқан екен...
1982 жылы атақты Анна Герман дүние салды. Тіршілігінде талай тағдыр тауқыметін тартқан, бірақ сонда да өнерге деген құштарлығын құлатпаған қайсар қызды Әулиеата топырағы да ұмытпады. Сағымға айналған бейнесін, әнге айналған атағын аялап, рухына тиісінше құрмет көрсетті. Ол 1979 жылы Жамбыл қаласына гастрольдік сапармен келгенде «Жамбыл» қонақүйінде тұрған екен. Бұл нысан әлі де бар. 2013 жылы сол қонақүйдің алдынан Анна Германға арналып ескерткіш-тақта ашылды. Мұнда әншінің тасқа қашалған бейнесімен қатар, «Варшава – Сан-Ремо – Москва – Сопот – Жамбыл» деген және «Мемориалдық тақта ұлы әнші, біздің жерлесіміз – Анна Германның құрметіне орнатылды» деген жазу бар. Ал 2014 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінен атақты өнерпазға арналған бұрыш ашылған.
«Әнші Анна Германның Жамбыл қаласына анасымен бірге алғаш келуі туралы екі түрлі дерек бар. Бір деректерде ол 1943-1946 жылдары Жамбыл қаласында тұрған десе, енді бір мәліметтерде 1939 жылдан 1946 жылға дейін тұрған делінеді. Ол әкесі жаламен атылып кеткен соң, анасымен осында келеді. Кейін соғыс біткен соң отбасымен бірге еліне қайтады. Негізі бұл кісі туралы көп дерек сақталмаған. Тұрған үйі, оқыған мектебі де анық емес. Бірақ Жамбыл жерін, оның халқын ерекше жақсы көргені жиі айтылады. Жетпісінші жылдардың соңында гастрольдік сапармен Жамбыл қаласына келгенде де, біраз заттарын осындағы кісілерге сыйлаған екен. Ол кісілер бұл бағалы сыйлықтарды кейіннен біздің музейге өткізген. Сөйтіп, музейде ұлы әншінің экспозициясы жасақталып отыр», дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы Айдана Мекемова.
Қазіргі кезде музей бұрышында Анна Германның киген көйлегі, алқасы, даусы жазылған түрлі күйтабақтары мен өнер иесі туралы жазылған кітаптар сақталған. Музейде тұрған күйтабақтарды 2014 жылы 3 қазан күні Иван Ильичев тапсырған екен. Ал алқасын қызы Галима музейге өткізіпті. Қазіргі кезде бұл құнды дүниелердің барлығы да облыстық музейде сақтаулы.
Ән періштесінің аңызға айналған аты, ән әлдилеген асқақ рухы Әулиеата топырағында мәңгі тебіреніп тұрғандай. Оның жанарының жасын сүрткен, жанына жалау болған Жамбылдың жасыл көктемі әсем сазбен мәңгі тербеліп жатқандай. Анна Герман есімі бүгінгі Тараз шаһары үшін бір тарих. Мәңгілік естелік, сағыныш күйі.
Жамбыл облысы