Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
– Президент өз Үндеуінде елдің ертеңі, ұрпақтың болашағы үшін барлық отандасымыз 5 маусымда өтетін референдумнан қалыс қалмауы қажеттігін баса айтты. Жалпы, осы референдум тарихи бетбұрыстың бастауы деп айта аламыз ба?
– Иә, расында бұлай айтуға негіз бар. Себебі біз тек 1995 жылы ғана Конституциямызды референдум арқылы қабылдадық. Одан бері барлық заң Парламент пәрменімен қабылданып келді. Осы уақытқа дейін елге маңызды мәселелер неге халықтың талқылауына ұсынылмайды деп талай мәрте шырылдадық. Енді көпшіліктің көкейіндегі бұл тілек жүзеге асқалы тұр. Мемлекеттің басты байлығы халық десек, елде болатын әрбір саяси бастамалар жергілікті жұртшылықтың талқысынан өтіп, жан-жақты сарапқа салынып іске асқаны абзал. Жалпыхалықтық деңгейде қолдау тауып қолданысқа енген заң халық игілігіне, қоғамдық әділет орнатуға негіз болады. Президент осыны терең талдап отыр. «Келісіп пішкен тон келте болмас». Шынында бұл референдум халыққа не береді, оның мән-маңызы қандай, заңгерлер қауымы осы жағын бұқараға түсіндіру жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Мемлекетінің келешегіне бейжай қарамайтын кез келген ойлы азамат осынау тағдыршешті сәтте шет қалмауы тиіс. Бұл Жаңа Қазақстанның жарқын болашағына жасалған жауапты қадам. Заңы күшті елдің ертеңге деген сенімі де мықты. Ал берік сенім барлық істің алғышарты. Суперпрезиденттік басқару формасынан бас тарту арқылы азаматтардың мемлекет ісіне толыққанды араласуына мүмкіндік туғызу – Конституциялық реформалардың басты басымдығы. Мұны қалайтын әрбір азамат осы реформаларды қолдайтынын республикалық референдумда дауыс беру арқылы көрсете алады.
– Ата Заң баптарының үштен бірі өзгереді деп жатырмыз. Осы арқылы Конституциямыз жаңаша сипатқа енеді деген сенім басым. Өзгеріске енген баптардың ішінде нақты қайсыларын екшеп атаған болар едіңіз?
– Мен 2007-2017 жылдары арнайы жұмыс тобының мүшесі болдым. 2017 жылы біз Президенттің өкілеттігін Парламентке беру туралы бастама көтердік. Ал қазіргі өзгерістер Парламентке айтарлықтай көп құзырет беріп отыр. Айталық өлім жазасына қатысты мәселе толық шешімін тапты. Енді бұдан былай өлім жазасы қолданылмайды. Екіншіден, Конституциялық кеңестің орнына Конституциялық сот пайда болды. Бұл өз кезегінде азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға зор үлес қосады. Бұған дейін тек арнаулы субъектілер кеңеске жүгінетін болса, енді билік мінберіндегі басшыдан бастап қарапайым шаруаға дейін Конституциялық сотқа жүгінуге құқылы. Бас прокуратураның, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсменнің де құзыреті артты. Азаматтық құқы бұзылып, күрмеуі көп күрделі мәселеге тап болғандар оларға шағымданып, талап-тілектерін білдіре алады. Сайлаушылардың көзқарасын барынша ескеру үшін Мәжіліс пен облыстық мәслихаттар депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалдық моделі енгізілмек. Өңірлердегі тұрмыс сапасын арттыруға аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың мажоритарлық жүйесінің толық енгізілуі оң ықпалын тигізеді деп есептеймін. Енді сайланушылар өткелден өтіп кеткенше ғана емес, сайланғаннан кейін де өзіне сенім артқан жұртшылықтың талап-тілегін ескеруді негізге алады. Талапқа сай емессің бе, халық үнін жеткізіп сенімді ақтай алмадың ба, орныңды босатуыңа тура келеді. Міне, осындай артықшылықтарды жіпке тізуге болады.
– Конституциялық реформаларға қатысты әлемдік тәжірибе қандай? Заңгер ретінде айтып өтсеңіз.
– Мемлекеттік заңды уақыт талабына сай реформалап отыру әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар дүние. Сондықтан бұған үрке қарауға болмайды. Енетін өзгеріс қоғамды, мемлекетті әділетті арнаға тартатын болса неге одан қашуымыз керек. Конституциясы бәлен жылдан бері өзгеріске ұшырамады деген АҚШ-тың өзінде заңға тиісті толықтырулар енгізіліп отырады. Біз кеше ғана өркен жайған жас мемлекетпіз. Қоғамдық қатынастар өзгереді, жаңа сұраныстар пайда болады. Мәселен, кешегі қаңтар оқиғасы қоғамда сілкініс туғызды. Көп дүниенің бетін ашып, бізге мықты болу керек екенін көрсетті. Жас мемлекет болғаннан кейін қоғамдық қатынастарға сай заңға толықтырулар енгізіп отыру – қалыпты құбылыс. Құқық та жаһанданып, оның интеркоммуникативті сұлбасы күн өткен сайын күшеюде. Президентіміздің бастамасымен еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасы ұсынылды және бұл құжат ең алдымен, қоғам қажеттілігіне, сұранысына негізделді. Әр мемлекет өзінің даму бағытын өзі айқындайды. Әр бетбұрыстың түпкі өзегі жақсы өмір сүруге, дамуға, әділетті қоғам құруға негізделсе, ол реформадан игі нәтиже күткеніміз абзал.
– Сіздіңше жаңа өзгерістер елдің әлеуметтік-экономикалық өміріне қалай әсер етеді?
– Елдегі экономикалық, әлеуметтік-саяси мәселелердің жылдам шешілмеуі нәтижесінде жыл басындағы «Қасіретті қаңтар» көптеген жайдың басын ашып көрсетті. Етек-жеңімізді жинайтын кез келгенін жоғарғы биліктен бастап қарапайым халыққа дейін түсінді. Келеңсіз жағдай әлемдік аренадағы беделімізге нұқсан келтіргенімен, саяси жаңғыру арқылы жаңа арнаға түсуімізге түрткі болды. Осы орайда елдігімізді сақтап, елімізді өркендету жолындағы Президент бастамасын қолдауға тиіспіз. Ақиқат пен әділдікке сүйенбей, Жаңа Қазақстан құру мүмкін емес. Билік басындағы шенділерден бастап, қарапайым ел тұрғындарына дейін ізгіліктің жолына түсіп, мемлекеттік жүйе мен құрылымдардың барлығы сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жоюға тиіс. Біздің қоғамға жегі құрттай жабысқан жемқорлық індеті мемлекет дамуына тосқауыл болып отыр. Заң үстем әрі күшті болса мұны ауыздықтауға болады. Олай болған жағдайда халық өз байлығының игілігін өзі көреді. Әділдік бар жерде тазалық бар. Ал тазалық пен адалдық – адамдықтың бастау бұлағы. Бұл жолды ұстанған қоғам шүбәсіз алға басады. Саясаттағы, экономикадағы жасанды монополияларды жою қажеттігін Мемлекет басшысы тайға таңба басқандай етіп көрсетті. Тұтас мемлекеттің байлығы жүздеген адамның қолында деген не сұмдық? Осыны жүйелі реттеу үшін бізге тас қамалдай берік заң керек. Осылай болғанда ғана бұқараның тіршілігі түзеліп, ертеңге деген сенім де нығаяды.
Әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы негізгі бастамалардың алғышарты көрсетілді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына ауқымды Ұлттық құрылтай құру, Президент туыстарының басшылық қызметтер атқаруына тыйым салу, сайлау рәсімдерін жетілдіру, бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетті және еркін болуын қамтамасыз ету секілді байыпты қадамдар оң нәтижесін беруге тиіс. Жерінің асты да, үсті де бай халық шалқып өмір сүруі керек емес пе!? Бір Ыстанбұлдың халқындай ғана еліміз бар. Жұртшылықты баспанамен қамту жайы, жұмыс орындарын ұлғайту күн тәртібіндегі мәселелер. Бізде мұның бәрін жүйелі жолға қоюға мүмкіндік мол. Тек соны іске асыру үшін заңымыз үстем болуы керек. Әркім өз орнын біліп, заң шеңберінде жұмыс істесе, басқаның мүлкіне қол сұқпаса, халықтың байлығы өз игілігіне жұмсалса, көшіміз түзелетін күн алыс емес.
– Халықтың құқықтық сауат деңгейі қандай және оны арттыруға қандай қадамдар жасалып жатыр?
– Құқықтық сауаттылық – қоғамды алға жетелейді. Өкінішке қарай, көп азаматтарымыз өзінің заңды құқығын білмегендіктен түрлі жағдайға ұрынып жатады. Әсіресе, ауыл-аймақтардан келген қаракөздеріміз қарапайым дүниелерді ескермей, басын тасқа соғып жатқан жайттар аз емес. Сол секілді заңның үстемдігіне бағынбай, өзінің қызметін, мансабын асыра пайдаланып ойына келгенді істеп жүргендер бар. Бір сөзбен айтқанда, заң қараға да, ханға да бірдей болуға тиіс. Осыны жіті сезінбей қоғамға әділет орнату қиын. Өзім басқарып отырған Д.Қонаев атындағы Еуразиялық Заң академиясының қабырғасынан заң клиникасын ашып азаматтарымызға хал-қадеріміздің жеткенінше қызмет көрсетіп келеміз. Академия ұстаздары мен шәкірттері таңнан кешке дейін кеңес сұрап келгендерге бағыт-бағдар көрсетуден жалыққан емес. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, зейнеткерлерге кәсіби білігі жоғары мамандар көмек көрсетуге дайын. Олар қарапайым өтініш яғни арыз-шағым жазудан бастап өз құқын қорғауға дейінгі барлық қызметті заң шеңберінде жүзеге асыру үшін бізден тегін көмек ала алады.
– Ел ағасы ретінде қоғамдағы қордаланып қалған тағы қандай мәселелер алаңдатады?
– Жан-жаққа тартқанды қойып, бізге жұдырықтай жұмылатын кез жетті. Жүзге бөліну, жершілдік, рушылдық дейтін ұсақ дүниелерді доғаруға тиіспіз. Ел мүддесі, халықтың болашағы бәрінен биік тұруы керек. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», дегенді айтқан біздің бабаларымыз еді. Әділеттен айныды ма, жолынан тайды ма, аманатқа адалдық таныта алмады ма ешкімнің бет-жүзіне қарамауымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстан идеясының өзегінде осындай әділетті принциптер жатыр деп есептеймін. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бізді осындай сара, таза жолға жетелеп, ынтымаққа ұйыстырады. Халықтың бар байлығы, қасиет-құнары – оның салт-дәстүрі мен тілінде. Тілінен, ділінен, дәстүрінен ажыраған ұлт алысқа бара алмайды. Демек, ел, халық, Отан үшін еңбек ету басты рухани құндылыққа айналуы тиіс. Президенттің: «Мақсатқа жету үшін тек мемлекеттік аппаратты жаңарту жеткіліксіз, әрқайсымыз өзгеруіміз керек. Мен барша қазақстандықтарды біртұтас организм ретінде Жаңа Қазақстанды құруға кірісуге шақырамын. Біздің басты байлығымыз – тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, ұлттық бірегейліктің іргетасын нығайтып, елді өзгертуге жұмылуымыз керек. Бұл біздің болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті парызымыз» деген сөзін толық қолдаймын. Бізге әсіресе тап қазіргі кезеңде бірлік бұрынғыдан да қажет. Дүние дидары құбылып тұрған шақта болашаққа терең зердемен, пайым-парасатпен қарайтын, ұлтына жаны ашитын, тәуелсіздіктің қадірін білетін ұрпақ тәрбиелеу – ұлы аманат.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ