Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Наурызда банк секторының жиынтық активі салымдардың 22,6%-ға немесе 386 млрд теңгеге төмендеуі, сондай-ақ бағалы қағаздар портфелінің 5,6%-ға немесе 439 млрд теңгеге азаюы есебінен 1,1%-ға төмендеді. Актив көлемі – 37,8 трлн теңге. Банк секторында өтімділіктің жоғары деңгейі өте маңызды фактор болып саналады. Бұл тұрғыда біздің банктер ұятты емес. Олардың активтердің 30,6 пайызын құрайтындай (11,5 трлн теңге) өтімділігі бар. Жоғары өтімділік банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Клиенттер салымдарының 3,4 пайызға азаюына байланысты сектор міндеттемесі де 1,2 пайызға қысқарып, биыл сәуірде 33,1 трлн теңгені құраған. Міндеттемелердің құрылымы, көбіне, банктердің жиынтық міндеттемелерінің 77,5%-ын немесе 25,7 трлн теңгені құрайтын депозиттік портфельден тұрады.
«2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банк секторында капиталдың жеткілікті қоры бар. Негізгі капитал жеткіліктілігінің коэффициенті (k1) – 18,9%, меншікті капитал жеткіліктілігінің коэффициенті (k2) – 22,8%, бұл орташа алғанда, жүйе бойынша заңнамада белгіленген нормативтерден әлдеқайда көп. 2022 жылғы наурыздың қорытындысы бойынша банктердің таза табысы 358,9 млрд теңгені құрады. Банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 2022 жылғы 1 сәуірде 3,8% (2021 жылғы 1 сәуірде – 2,5%), капиталдың рентабельділігі (ROE) – 31,3% (2021 жылғы 1 сәуірде – 19,8%) болды. Экономикаға кредиттер 2022 жылғы наурызда 0,6%-ға ұлғайып, 19,2 трлн теңгені құрады. 2022 жылғы наурызда жеке тұлғаларға берілген кредиттер 1,2%-ға 11,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды, ал заңды тұлғаларға берілген кредиттер 0,2%-ға 8,1 трлн теңгеге дейін төмендеді», деп мәлімет ұсынады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Ал теңгемен берілетін несие наурыз айында 1,7%-ға, 17,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Теңге курсының нығаюы нәтижесінде шетел валютасындағы кредиттер көлемі 8%-ға, 1,9 трлн теңгеге дейін төмендеген. 2022 жылғы наурызда 1,9 трлн теңгеге жаңа кредиттер берілді, бұл 2022 жылғы ақпанға қарағанда 5,5%-ға көп.
Экономикаға берілген кредиттердің басым бөлігі өнеркәсіп (14,3 пайыз), сауда (11,4 пайыз), құрылыс (3,4 пайыз) және көлік (2,7 пайыз) салаларына тиесілі. Басқа саладағы кредиттердің үлесі – 68,2 пайыз.
«2022 жылғы наурызда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 14,5%-ды (2022 жылғы 1 наурызға – 12,2%), жеке тұлғаларға – 18,0%-ды (жылдың 1 наурызына – 18,4%) құрады. 2022 жылғы наурыздың қорытындысы бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттердің үлесі кредит портфелінің жалпы көлемінің 3,6%-ын құрады (2022 жылдың басында – 3,3%). Шағын және орта бизнесті есепке алғанда заңды тұлғалардың портфелінде 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың деңгейі 4,3%-ды құрады (2022 жылғы қаңтарда – 3,4%). Жеке тұлғалардың портфелінде – 3,7% (2022 жылғы қаңтарда – 3,7%)», делінеді агенттік дерегінде.
Айта кетейік, бұған дейін «Банк ЦентрКредит» ресейлік еншілес банк – «Альфа-Банкті» сатып алғанын мәлімдеген еді.
«Санкцияға ұшыраған банкті сатып алу тәжірибесі Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Және өте қысқа мерзімде. Клиенттерден келіп түсіп жатқан сауалдардың шешімін табу – біз үшін ең басты басымдық. Біз командаға көбірек мән беріп, жаңа банктің бизнес-процестеріне қызметкерлер ынтасын арттыруға күш салуымыз қажет. Мұның бәрі келешекте позициямызды нығайтып, жаңа тиімді, қолайлы банктік өнімдер жасап шығаруға және ұзақмерзімді серіктестік қатынастар құруға көмегін тигізеді», деді «Банк ЦентрКредит» басқарма төрағасы Ғалым Құсайынов.
Сондай-ақ «Сбербанк» ресейлік еншілес банкін «Бәйтерек» холдингі сатып алады екен деген әңгіменің де ұштығы шыға бастады. Frank Media мәліметінше, холдинг Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесе отырып сатылым келісімін іске асыруы мүмкін.
Сенімді дереккөздердің айтуынша, дәл қазір Еуропалық қайта құру және даму банкі «Сбербанктің» еншілес банкін тікелей сатып ала алмайды, сондықтан ол мәмілеге екінші кезеңнен бастап араласпақ.
Аталған еншілес банктердің түп атасы өзге елдікі болғанымен, олар біздің елде қызмет етеді және қазақстандық жеке және заңды тұлғаларды несиелейді. Сондықтан оларда туындап жатқан өзгеріс отандық нарыққа сөзсіз әсерін тигізеді. Ол әсердің қаншалықты жағымды немесе жағымсыз боларын дәл қазір кесіп айту қиын. Бәрі де жасалған келісімге және сол келісімдердің мінсіз орындалуына тікелей байланысты. Нарықтағы өзгеріс мұнымен де тоқтамауы мүмкін. Тағы бір ресейлік еншілес банк «ВТБ Банктің де (Қазақстан) жағдайы жайлы арагідік айтылып қалып жүр. 25 сәуір күні директорлар кеңесінің шешімімен басқарма төрағасының екі бірдей орынбасарының өкілеттігі тоқтатылды. Қазіргі кезде банк жаңа жағдайларға бейімделе отырып бизнес-модель қалыптастыруға тырысып, клиенттер мен серіктестерге қызмет көрсетуді жалғастырып жатыр. Дегенмен директорлар кеңесі құрамындағы өзгерістердің де тегіннен-тегін болмағаны белгілі («Альфа-Банкте» де бәрі солай басталған).