Аймақтар • 12 Мамыр, 2022

Алматыда төрт жасар бала шұңқырға құлап кетті

183 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда 4 жасар бала шұңқырға жиналған суға құлап, көз жұмды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда төрт жасар бала шұңқырға құлап кетті

Жазатайым оқиға 9 мамыр күні Алатау ауданы Қарасу ықшам ауданында кәріз сорғы станциясының құрылыс жұмыстары орнында болған.

«Кәріз сорғы станциясын орнату жұмыстарын Алматы қаласы энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының тапсырысы бойынша мердігер ұйымдар жүргізгендігі анықталды», деді Алматы қаласы Алатау ауданының прокуратурасы.

Прокуратура атап өткендей, құрылыс жұмыстары 2021 жылғы желтоқсан айында аяқталуы тиіс еді, алайда мердігер ұйымдар белгісіз себептермен белгіленген мерзімде объектіні тиісті түрде тапсырмаған, оның мән-жайы анықталып жатыр.

«Бұл факті Алатау аудандық полиция басқармасында тіркелді. Қазіргі таңда соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Заң аясында жауапты адамдарға шара қолданылады», деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Аяна Тоғанбек