Әлем • 12 Мамыр, 2022

Хабаровск өлкесіндегі жарылыстан бір адам қайтыс болды

272 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ресейдің Хабаровск өлкесі Амур ауданы Тейсин кентіндегі әскери бөлімде жарылыс болды. Оқиға салдарынан бір адам көз жұмды, зардап шеккендер де бар, деп хабарлайды Egemen.kz ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Хабаровск өлкесіндегі жарылыстан бір адам қайтыс болды

«Оқ-дәрілерді түсіру кезінде жарылыс болып, салдарынан жеті адам зардап шекті, олар жеңіл дене жарақаттарын алған. Тағы бір адам көз жұмды», делінген агенттік таратқан хабарламада.

Сондай-ақ жарылыстан кейін өрт шыққаны белгілі болды. Өңірдің денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері зардап шеккен екі адамды күйік шалғанын хабарлады.

«Олар санавиациямен ауруханаға жеткізілді, олардың денесінің 65% және 40%-ын күйік шалды», деді денсаулық сақтау министрлігінен.

Тағы екі адамды жеңіл дәрежеде күйік шалған. Оларды медициналық мекемеге жеткізбей, оқиға орнында көмек көрсетілген.

Тейсин кенті Амурдағы Комсомольсктен оңтүстік-шығысқа қарай 82 шақырым қашықтықта орналасқан. Кентте осы атаумен аталатын теміржол станциясы мен әскери бөлім бар.