«Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің мемлекеттік тілді оқытудың жай-күйіне, қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік материалдардың сапасына кеңейтілген отырыс арнауы – халықтық партияның ел руханиятының өзекті мәселелеріне ұдайы көңіл бөлуінің бір көрінісі. Кеше Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жетекшілігімен өткен отырыста басты назар оқулықтардың жай-күйіне аударылды. Отырысқа кеңес мүшелерімен қатар осы іске тікелей қатысты министрліктер басшылары, оқулықтар дайындаумен, шығарумен айналысатын ғалымдар, баспа директорлары шақырылды.
Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің баяндамасында салада осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс әңгімеленіп, шешуін күткен мәселелердің түйінін табу жолдары сөз етілді. Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының сөзінде дайындалған оқулықтардың сапалы жарық көруінің мәселелері қозғалды.
Қоғамдық кеңес осыдан біраз уақыт бұрынғы отырысында қазақ тіліндегі оқулықтарды сараптау жөнінде жұмыс тобын құрып, оған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаеваны жетекші етіп белгілеген еді. Динар Жүсіпәліқызы партиялық тапсырмаға барынша жауаптылықпен қарағанын көрсетті. Оның баяндамасында оқу әдебиеттеріне сараптама жүргізу нәтижесі нақты айтылып, жетістіктер мен кемістіктер терең талданды. Бұл жұмысқа 51 оқытушы тартылып, 173 оқу әдебиетіне сараптама жүргізілген екен. Олардың 56-сы бастауыш сынып оқулықтары, 78-і орта буын оқулықтары, 39-ы жоғары сынып оқулықтары. Тексеру барысында кейбір оқулықтардың типтік оқу бағдарламасына сәйкессіздігі, тақырыптарда ауытқулардың кездесуі, оқу бағдарламасын толық қамтымауы сияқты қағидатты кемшіліктер анықталған. Білім алушылардың дайындық деңгейі мен жас ерекшеліктерінің ескерілмеуі, түсініктер мен терминдерді енгізу әдістемесіндегі олқылықтардың орын алуы, оқушылардың шығармашылық белсенділігін және интеллектуалды әлеуетін, логикалық ойлауын дамытуды қамтамасыз ететін материалдардың жетілдірілмеуі сияқты жайлар нақты мысалдармен дәйектелді.
Ұлт руханиятындағы тұғырлы тұлғалардың бірі Мырзатай Жолдасбековтің сөзімен айтқанда, «тіл тағдыры үшін торғайдай шырылдап сөйлеген» қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханның баяндамасы эмоциялық жағынан қуатты, мағыналық жағынан салмақты шықты. Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайылдың баяндамасы қатпары қалың мәселені терең қозғауымен ерекшеленді. «Тілдауа» қоғамдық қорының құрылтайшысы, әдіскер мұғалім Төлеу Аймағанбетованың, Мәжіліс депутаты, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтановтың, «Хабар» агенттігі акционерлік қоғамының продюсері Меруерт Құмарованың, Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, деңгейлік оқу әдебиеттерінің авторы Фаузия Оразбаеваның, Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Оқытудың мазмұны мен әдістемесі институтының директоры Алма Әбілқасымованың, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының президенті Ермек Аманшаевтың, «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Бейбіткүл Кәрімованың, Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасының орынбасары Алтай Әбибуллаевтың, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұражайының директоры Нұрсан Әлімбайдың сөздерінде баршаны толғандырар тақырып әр қырынан, белсенділікпен, жауапкершілікпен, біліктілікпен талданды.
Отырысты қорытқан сөзінде «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы Мәулен Әшімбаев ортаға салынған пікір-ұсыныстардың бәрі жинақталып, тиісті министрлікке жолданатынын, белгілі бір уақыттан кейін бұл бағытта атқарылған жұмыс жөнінде нақты ақпарат талап етілетінін айтты.
«Мирастың» шамамен маусым айында өтетін келесі отырысында Мәдени саясаттың ұзақ мерзімді тұжырымдамасының жобасын талқылау көзделіп отыр. Мұндай тұжырымдаманы әзірлеу қажеттігін ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында көрсеткен болатын.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».