16 Сәуір, 2014

Ауа қашан түтіннен тазарады?..

629 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Жуырда ғана облыстық мамандандырылған экономикалық соттың баспасөз қызметі арқылы Екібастұздағы ГРЭС-2 АҚ стансасы қоршаған орта, өңір экологиясына зиян келтіргені үшін 2 млрд. теңгеден артық айыппұл төлейтіні хабарланды. Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне қарасты облыстық экология департаменті ГРЭС-2 стансасы АҚ қоршаған ортаға залал келтіріп, рұқсатсыз эмиссия жасағандықтан, станса келтірген шығынды өтеуін талап етіп сотқа шағымданған көрінеді. Заң жүзінде бұл өндiрiстiк экологиялық бақылауды жүргiзу талаптарын бұзу, қоршаған ортаға экологиялық рұқсатта белгiленген эмиссиялар нормативтерiнiң асып кетуi, не экологиялық рұқсаттың болмауынан деген сөз. Жалпы, өткен жылы еліміздің бірқатар кәсіпорындары экологиялық талаптарды бұзғандары үшін 45 млрд. теңге айыппұл төлесе, 8 мыңнан астам экологиялық заң бұзу әшкереленіпті. Карикатура-6Қоршаған ортаға эмиссия жасауға арнайы рұқсат беріл­гендіктен, жалпы, ауаға таратылатын ластаушы заттар рұқсат етілген шамадан асқан жоқ деп отыр мамандар. Өндірісті өңір Павлодар облысында да түтіннен айықпай тұрған экологиялық ахуалдың себептері аз емес. Бү­гінде өңірде ауаға жылына 600 мың тонна өндірістік қалдықтар тарайды екен. Эколог мамандар бұл сан еліміз көлеміндегі қалдық заттардың төрттен бір бөлігі дейді. Жұртшылықтың жанайқайы об­лысқа жаңадан келіп қызметін бастаған Қанат Бозымбаевқа да жетті. Дереу Астанадан арнайы мамандар шақырылды. Сөйтіп, еліміздің Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің Эко­логиялық реттеу және ба­қы­лау комитетінің төрағасы Данияр Ереншінов бастаған арнайы топ келіп қайтты. Жиында өңір тұрғындарын экологияға қатысты алаңдатқан мәселелерге комитеттің назар аудармағаны айтылды. Мысалы, облыс орталығы солтүстік өнеркәсіптік аумақтағы Былқылдақ көлінің жағдайы талай жылдардан бері айтылып келеді, оның маңындағы сынап көму полигоны тұрғындар үшін аса қауіпті. Мамандар сынаптың ауа мен топырақта мөлшерінің артқанын айтып, алаңдауда. Қазір облыстық әкімдік бұл улы полигон мен көлдің кімнің меншігінде тұрғанын анықтау үшін жұмыстар жүргізуде. Жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, зерттеу жұ­мыстары жүргізіліп, аумақтың ғылыми-техникалық негіздемесі әзірленеді. Жалпы, облыстағы үш қала – Екібастұз, Ақсу, Пав­лодарда ауаға тарайтын зиянды қалдықтар осы төңіректе ор­наласқан зауыттар есебінен көбейетіні белгілі. Бұған қоса, облыстың 37 пайызға жуық жері бұрыннан қалған полигон аумағын қамтиды. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев барлық құжаттар заң жүзінде реттелген соң барып, Былқылдақ көлін тазарту және ластанған аумақты жоюда шетелдік мамандар көмегіне жүгіну қажет дейді. Нысанның техникалық-экологиялық негіздемесін жасау қажет. Халықаралық эколо­гиялық ұйымдар көмегіне жү­гінуге тура келуі де мүмкін. Жал­пы, Былқылдақ көлі мен оның маңындағы полигон туралы комитет әбден хабардар. Комитет төрағасы Данияр Ереншінов қаржыландыру көздерін қарастыруға уәде берді. Өйткені, жұртшылық қаптаған кәсіпорындардан ауаға тарайтын зиянды қалдықтардан әбден зәрезап болды. Зауыттардағы қол­даныстағы құрылғылар қор­шаған ортаға түсетін қалдықтарды тазалай алмайтынын біледі. Еліміздің Салық кодексіне енгізілген өзгер­тулер нәтижесінде 2009 жылдан бастап төлем жүргізілуі тиіс зиянды заттар қатары 1,5 есеге азайтылыпты. Табиғатты пайдаланушы кәсіпорындар айналаны ластайтын қалдықтардың 30-ға жуық түріне ғана төлем жасайтын көрінеді. Сондықтан, комитет экологиялық салық салынатын зиянды қалдық түр­лерін 87-ге дейін жеткізуге жұ­мыстар жүргізуде екен. Ал, біздің облыста «Қазгидромет» мекемесіне қарасты бар-жоғы 10 экологиялық бекет бар. Соң­ғы 10 жылда өндірістік кәсіп­орындардан шығатын қал­дықтар мөлшері 46 пайызға артқанын ескерсек, әлі де болса экологиялық бекеттер қажет-ақ. Бекеттердегі құрылғылар ауа­ға тарайтын заттардың 9 түрін белгілейді. Облыстық экология департаментінің бақылау құрылғылары 6-7 затты тіркей алады. Ауаға тарайтын қалған заттарды ешкім білмейді. Бұл кәсіпорындардың қоршаған ортаға қойылатын талаптар қал­тарысында қалуларына мүмкіндік беріп тұр деуге болады. Облыс бас­шылығының айтуынша, енді зиянды қалдықтардың рұқсат етілетін шектік нормалары бекі­тіледі. Бұл жоба алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде де жүзеге асырылады. Яғни шектік мөлшер белгіленгеннен кейін табиғат пайдаланушыға нақты талап қойылады. Санитарлық қорғау аймақтарында ауаға шығатын қалдықтардың рұқ­сат етілген шектік нормалары белгіленеді. Осы орайда қажетті құрылғылар сатып алынады. Қазіргі уақытта ауаға шыға­тын зиянды заттардың небары 15-16-сының қалыптылығын дәлелдеп беретін жүйе бар екені де белгілі. Көрсеткіштер табиғатты пайдаланушыларға дәлел ретінде ұсынылады. Эколог мамандардың айтуларынша, өңірде мұндай қалдықтардың тізімі 150-ге жуық­тап қалыпты. Сондықтан, биыл өңірдің экологиялық жағдайын жақ­сарту үшін тиісті құрал-жаб­дықтар, зертхана сатып алынады. Комитет өкілдері қатысқан жиында экологиялық ахуал ашық талқыланды. Біз кәсіпорындардан түскен салық немесе өндірілген айыппұл есебінен бюджетті толтыру ниетінде емеспіз. Мақсат – халық алаңдап отырған эколо­гиялық ахуалды бірлесіп жақ­сарту, дейді облыс әкімі Қанат Бозымбаев. Айтса айтқандай, облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының мәліметіне сүйенсек, облыста жыл сайын тыныс жолдары ауруымен 4-5 мың адам ауруханада емделеді. Олардың 80 пайызы – балалар. Дәрігерлер балаларды таза ауаға жиі серуендету қажет десе, халық қоршаған орта ластанды, түрлі аурулар осыдан келген болар деп отыр. Қазір өзі айналаға, жұтар ауа, ішер суға күмәнмен қарайтын болдық. Ауадағы улы зат адамның тыныс алу жолдарының шырышты қабатын күйдіруі әбден мүмкін. Мысалы, Екібастұздағы тубер­кулезге қарсы диспансерде және қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде тазартқыш құрылғылары жоқ. Ауруханалардан шыққан зиянды сарқынды сулар залалсыздандырылмайды әрі биологиялық тұрғыдан тазартылмайды. Ал, бұл санитарлық тұрғыдан тиісті нормаларға қайшы келеді, дейді дәрігерлер. Табиғаты сұлу Баян­ауылда тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны жоқ. Күл-қоқыс далада шашылып жатыр.  Көлдердің маңындағы ауылдарда кәріз жүйелері өмірі болмаған. Ал, топыраққа сіңген су жер астымен көлдерге құйылуда. Біздің облыс экологиясы ауыр өңірлердің бiрi. Елiмiз бойынша онкологиялық ауруға шалдығудан алдыңғы орында тұр. Кәсіпорындардың бірқатары Еуразиялық топтың құрамында. Мәселенің мәнісі де сонда, осы кәсiпорындардың жұ­мысы экологиялық талапқа сай келмейтiнiн айтып, тұрғындар қазір ашықтан-ашық дабыл қаға бастады. Өйткені, тазаланған, залалсыздандырған дегеннің өзінде бұрнағы жылдары ауаға 676 тонна зиянды қалдықтар тараған. Бұлардың 65,1 пайызы энергия өндiретiн кәсiпорындардан, 34,7 пайызы өңдеушi кәсiпорындардан бөлiнiптi. Былтыр облыстың бас экологиялық инспекторы бол­ған Қанат Қалмаханов ENRC-ге қарасты кәсiпорындардың эко­­­логиялық заңнаманы өрескел бұ­зып отырғандарын, облыс ор­та­лы­ғындағы «Алюминий зауыты» АҚ пен Ақсу ферроқорытпа за­у­ыт­­­тарындағы тазалағыш филь­тр­­­­­­­­­­лердiң 70-жылдары ор­натыл­ғанын, ал, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-та мұн­­дай сүзгілердің жоқ еке­нiн айтқан болатын. Осы­дан ке­йiн, өкінішке орай, Қанат Қал­маханов қызметінен кетті. Бізге экологиялық апатқа қарсы тұратын Қалмаханов сияқты па­триот экологтар қажет-ақ. Өн­­дірісті өңір үшін күн тәр­ті­бінен түспейтін экология, та­би­ғатты қорғау, сақтап қалу бас­­ты мәселе. Өйткені, қазір алып «Қазхром», «Қазақстан Алю­­миний», «Қазақстан электорлиз зауыты», «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ сияқты өндіріс орындарында қоршаған ортаны қорғау жөнінде экологиялық саясат қажеттігі туындап отыр. Зауыттардың айналасына көгалдандыру, көріктендіру, жұмыстары жасалуда. Ағаштар отырғызылуда. Көгалдандыру, жасыл желек, гүлзарлар өсіру жалғасуда. Бірақ, сонда да, өнді­ріс орындарының табиғатқа тигізетін зиянды жағдайларына жұртшылық көңілі толмайды. Залалды қалай жою керектігі жайлы мәселе мазалауда. Жалпы, әлемдік деңгейде қолдауға ие болған заманауи технологияларды пайдалану арқылы ғана табиғат тазалығын сақтап қала аламыз. Өңірде өндіріс орындары көп шоғырланғандықтан, әрине олардан шығатын зиянды қалдықтар аз емес. Бұл адамдар денсаулығына өте зиян. Қоршаған ортаны да әбден ластайды. Түрлі аурулар да көбейеді. Екінші мәселе, өндіріс орындарының табиғатқа тизігіп отырған залалдарына орай төлейтін өтемақы төлемдері, яғни табиғатты ластаушылар жай ырымын жасай салмай, сәйкесінше тиісті қаржыларын төлеп отырулары тиіс. Бюджетке бұдан түскен қаражат әлеуметтік салаларға жұмсалуы қатаң түрде қадағаланса. Табиғатқа зиян кел­тіруші өндіріс орындарының төлемақылары әлемдік көрсет­кіштерге жақындаулары керек. Уақыт соны талап етеді. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы. _________________ Суретті салған Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ.