«Борис Джонсонның Финляндия мен Швецияға Ұлыбритания атынан жолдаған қауіпсіздік туралы жазбаша кепілдемесі НАТО құрамына кіру мақсатында жасалған үгіт-насихаттан да асып түсті», дейді швед сарапшылары. Солтүстік Еуропа бойынша Атланта кеңесінің директоры Анна Висландер Борис Джонсонның қол қойған құжаты халықаралық келісімшарттың кепілдемесі емес, саяси декларация екенін жеткізді. Сонымен қатар ол қазіргі аумалы-төкпелі кезеңде британдықтардың бұл әрекеті ел қауіпсіздігі үшін маңызды қадам болып отырғанын атап өтті.
Борис Джонсон екі елге сапары кезінде халықты Ресейден қауіп төне қалған жағдайда тұтас НАТО-ның өзі болмаса да, негізгі мемлекеттердің оларды қорғауға дайын екендерін айтып, сендіруге тырысты. Өзге мемлекеттер де Джонсонның сөзін растағандай болды. Швеция Сыртқы істер министрі Энн Линденің Вашингтонға сапары кезінде АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ететінін жеткізді. Сондай-ақ Германия канцлері Олаф Шольц те Швеция премьер-министрі Магдалена Андерссон мен оның фин әріптесі Санна Марин Берлинге барған кездерінде олардың НАТО-ға мүшелігін қолдауға уәде берді.
Финляндия тәуекел етті
Ұлыбритания премьер-министрінің үгіт-насихат жұмыстарынан соң көп күттірмей Финляндия президенті Саули Ниинистё мен премьер-министрі Санна Марин НАТО құрамына кіретінін мәлімдеді.
«НАТО-ға мүше болу еліміздің қауіпсіздігін нығайтады. Сондықтан біз кідірместен НАТО-ға мүшелікке өтініш береміз», деді Финляндия басшысы мен премьер-министрі бірлескен мәлімдемесінде.
Бұл мәлімдемеден кейін елдің саяси тұлғалары мен қоғам белсенділері пікірлерін білдіре бастады. Финляндия саясаткері Элина Валтонен Финляндия президенті мен премьер-министрінің НАТО-ға дереу кіру туралы шешіміне байланысты Ұлыбританияның Sky News басылымына сұхбат берді.
«Финляндия ондаған жылдар бойы бейтарап ел болды, бірақ біз шығыстағы көршіміздің қауіптерін ешқашан ұмытқан емеспіз. Біз ешқашан Кеңес Одағының құрамында болған емеспіз, өйткені біз бұрын Ресей мен Кеңес Одағына қарсы соғысқанбыз. Бірақ қазір заман басқа. Көршіміздің одан бетер агрессивті, тосын мінез танытқанын көріп отырмыз. Сондықтан ел қауіпсіздігі үшін НАТО-ға кірудің кезі келді», деді саясаткер.
Финляндияның НАТО-ға кіруіне байланысты Ресей қауіп төндіруі мүмкін бе деген сұраққа ол «НАТО – қорғаныс одағы. Сондықтан Финляндия болсын, мүмкін Швеция болсын болашақта өз еркімен немесе халықтың шешімімен НАТО құрамына кіретіні сөзсіз. Біз демократиялық елміз және ғасырлар бойы сақтап келе жатқан құндылықтарымызды қорғағымыз келеді», деді Элина Валтонен.
Швеция НАТО құрамына ене ме?
«Швеция үкіметі елдің НАТО-ға кіруіне ресми шешім қабылдау үшін алдағы дүйсенбіде қосымша отырыс өткізеді. Кездесуден кейін айтарлықтай өзгерістер орын алмаса, НАТО құрамына ену туралы өтініш дереу беріледі», деп хабарлады швед ақпарат көздері. Швед саясаткері Энни Лёф Финляндияның НАТО-ға кіруін Швецияны да әрекет етуге шақыру ретінде қабылдағанын жеткізді.
«Сыртқы дүниенің көзі енді Швеция мен Финляндияға ауды. Швеция Финляндиямен бірге Скандинавия және Балтық жағалауы аймақтарындағы қауіпсіздікті жақсартуға тиіс мемлекет», деп жазды ол өзінің Twitter парақшасында.
Осылайша екі ғасыр бейтарап позицияны ұстанған Швеция бұл көзқарасына тұсау салмақ. Сыншылар болса Швецияның өз ұстанымы жоғын алға тартып, өзге елдермен бір бағытта жылжып отырғанын айтады. Сонымен қатар Борис Джонсонның үгіт-насихаты мықты болып, Швецияны НАТО құрамына енуді итермеледі деушілер де табылды. Мұндай пікір иелеріне Швеция сарапшыларының жауабы да дайын.
«Ұлыбритания – әлемдік тарихта өз орнын ойып алған елдердің бірі. Оның Brexit немесе Partygate саясаты Швецияның көзқарасын мүлдем өзгертпейді. Біз Ұлыбританияның Украинаны әу бастан қолдағанын көрдік, бұл аталған елге сенім арттырды. Біз әлі де Ұлыбританияның ЕО мүше болуын қалаймыз», деді швед сарапшысы Фегерстен.
Қалай десе де ең бастысы халық бұл мәселеде үкіметті қолдап отыр. Күн сайын шығатын швед баспасөзінің бірі Aftonbladet газеті жүргізген сауалдама нәтижесі елдің НАТО-ға кіруін қолдайтын тұрғындардың саны күн сайын өсіп отырғанын көрсетуде. Мәселен, қазір мүшелікті қолдайтын халықтың саны 61 пайызға жеткен. Ал баспасөздің 20 сәуірде жарияланған сауалдамасы шведтердің 57 пайызы НАТО-ға қосылуды қолдайтынын көрсеткен еді, наурыз айында бұл көрсеткіш 51%-ды құрады.
Одақтас екі елдің НАТО құрамына кіруге шешім қабылдауынан гөрі олардың қауіпсіздік альянсына толық мүше болуы қиынға соқпақ түрі бар. Стокгольм мен Хельсинкидің өтпелі кезеңі 12 айға созылуы мүмкін. Өйткені НАТО-ның 30 мемлекетінің әрқайсысы олардың мүшелігін ратификациялауы қажет.
Ал қауіпсіздік сарапшыларын Скандинавия елдерінің пікірталасына Ресейдің үнсіз қалып отырғаны таңғалдырып отыр. Әдетте Ресей мұндай саяси әрекеттерге жалған ақпарат таратумен жауап беретін еді. Бұл жолы тыныш отыр. Олар Ресей келесі кезеңде мүшелікті толықтай қолдайтын 30 мемлекеттің біріне қарсы әрекет етуі мүмкін деген болжам жасап отыр. Оның ішінде кибершабуыл, жалған ақпарат тарату науқандары, электронды араласу, әуе кеңістікке кіру секілді қадам күтетіндерін жасырмады. Ресей барлық әрекетін өзге елдерге түсініксіз болу мақсатымен ойластырып, күтпеген жерден шабуыл жасайды дейді сарапшылар.
НАТО неліктен Украинаға әскер жібермей отыр?
Украинаға қанша жақтас болғанымен НАТО зардап шегуші елге әскер жібере алмай отыр. Оның себебін олар «Украина НАТО-ға мүше болмағандықтан, альянс оны жақтауға міндетті емес» деп түсіндірді. Егер НАТО елдерінің әскерлері Украинадағы ресейлік әскерлермен қақтығысатын болса, бұл Ресей мен Батыс арасындағы жанжалға ұласуы мүмкін деп қауіптенеді. Сондықтан НАТО мүшелері Украинаға қолдау көрсету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға ниеттіміз, бірақ әскерлеріміздің Украинаға өтіп кетпеуін қамтамасыз етуіміз керек деп отыр. Алайда олар Словакия, Мажарстан, Болгария және Румынияда көпұлтты ұрыс тобын құру идеясын мақұлдады, өйткені аталған елдердің үшеуі Украинамен шектеседі, сондықтан бұл кезде НАТО-ның қатысуы міндетті әрі қажет-ақ. Сонымен қатар бүгінде НАТО елдері Ресейдің басқыншылығына қарсы әрекет көрсету үшін Украинаға миллиард долларды құрайтын қару-жарақ жеткізуде.
Шығыс Еуропада НАТО-ның қанша әскері бар?
Осы уақытқа дейін НАТО-ның Балтық теңізінен (солтүстігінде) Румынияға (оңтүстігінде) дейін созылған әскерлері болды. Олар 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап алғаннан кейін орналастырылған. Қазір НАТО Ресей және Украинамен шектесетін елдерді 40 мың адамнан тұратын қауіпсіздік күштерімен қамтып отыр. Олар әскери ұшақтар мен кемелер арқылы теңіздердегі қауіпсіздікті қадағалауда. Оған қоса АҚШ НАТО-ның Эстония, Латвия, Литва және Польшадағы төрт көпұлтты ұрыс тобына, сондай-ақ Румыниядағы көпұлтты бригадаға қосымша әскер жібереді деп күтілуде.
Неліктен Ресей НАТО-ға қарсы?
Өйткені Украина 2008 жылы НАТО-ға мүшелікке енуге ұсыныс берді. 2014 жылы Ресей Қырымға басып кірер алдында қойған талаптарының бірі Украинаның НАТО-ға қосылуына жол бермеуі болды. Ресей НАТО Шығыс Еуропа елдері арасынан жаңа мүшелерді қабылдау арқылы өздерінің саяси ықпалды аймағына басып кіріп жатыр деп есептейді.