Референдум • 13 Мамыр, 2022

Қоғамдық бақылау: Жергілікті бюрократия алдында әлсізбіз

14811 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Конституциялық реформа және қоғамдық бақылау аясында Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуы бойынша жүргізілген мониторинг қорытындысы» тақырыбы талқыланды.

Қоғамдық бақылау: Жергілікті бюрократия алдында әлсізбіз

Осы мақсатта құрылған «Ел намысы» арнайы мониторинг тобының төрағасы Рафаэль Гасанов және топ мүшелері атқарылған жұмыстарды жариялады. Қоғам белсенділері бірқатар келеңсіз жағдайды анықтағанымен, ресми орган­дардың оны шешуге құлықсыз екенін алға тартты.

Жиын барысында Р.Га­санов алты айда атқа­рыл­ған жұмыстарға тоқталды. Алдымен ол қоғамдық ба­қылаудың маңыздылығын атап өтті. «Мемлекет басшысы Жолдауда мемлекеттік ор­гандардың және квази­мем­лекеттік сектордың халық алдында ашық болуын қамтамасыз ететін қоғамдық бақылау қажет екенін ай­рықша атап өтті. Қ.Тоқаев қо­ғамдық бақылау туралы заң қабылдау қажет екенін айт­қан еді. Бүгінде заң жобасы әзірленгенімен әлі нақты шешім қабылданған жоқ», деді Р.Гасанов. Сонымен қатар бар­лық деңгейдегі әкімдердің жұ­мысын атап өткен ол өңір­лер мен кіші қалалар бас­шы­ларының халықпен байланысы бүгінде дұрыс жолға қойылып келе жатқанын, алайда шалғай ауыл-аймақ әкімдерінің әлі де кабинеттен шықпай жұмыс істеу әдісін ұстанып отырғанын жеткізді.

Мониторинг тобының мүшесі Дидар Смағұлов болса «Әділдік жолы» рес­пуб­­ликалық қоғамдық бір­лес­­тігінің мемлекеттік тап­сы­рыстардың орындал­уын бақылайтынын айтты. Мә­селен, бірлестік мем­ле­кет­тік қызметшілердің жеке кәсіпкерлік ашып, мем­лекет­тік тапсырыс бойынша бел­гілі қызмет көрсетуге қар­жы алып отырғанын анық­та­ған. «Әділдік жолы» мектеп құ­рылысына бөлінген қар­ж­ының қолды болғанын анықтады. Соның салдарынан жоспарланған білім ордасы салынбаған немесе сапасыз бой көтерген. Мұндай жағдайлар еліміздің көптеген облысында болған. Сондай-ақ мұғалімдерден заңсыз ақша талап еткен бірқатар мектеп директорының заңсыз іс-әрекеттері әшкереленді. Бүгінде қоғамдық бақылау­дың ұйытқы болуымен заңға қайшы әрекеттерге қарсы 12 қыл­мыстық іс қозғалды», деп мәлімдеді ол.

«Ел Президенті мемле­кет­тік басқару жүйесіндегі қоғамдық рөлдің ерекше рөлін айқындап берді. Сонымен қатар біз өзіміздің қаржылық тәуелсіздігімізді сақтап қалдық – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды немесе гранттарды тағайындауларға қатыспай, қаражатты жеке ұйымдардан алып отырғанымыз бізге барынша объективті болуға мүмкіндік береді. Кез келген бағыт бойынша серіктестер таңдауға мүмкіндігіміз бар. Президент Жолдауында қо­ғамдық ұйымдардың елдің тұ­рақты және жан-жақты ілгері­леуінің маңызды факторы екенін атап өтті, сондай-ақ реформаларды дайындау мен іске асыруға қоғамдық ұйымдар мен белсенділерді жан-жақты жұмылдыруды тапсырды. «Ел намысы» арнайы мониторинг тобының құрылғаны, жұмыс істеуі Президенттің тікелей тапсырмасы деуге болады. Мұндай топтардың көп болуы және белсенділігі Президенттің тапсырмаларын орындаудың белгісі», деді Д.Смағұлов.

Мониторинг тобының тағы бір мүшесі Әсет Әссан­ди Шымкент қаласы мен Түркі­стан облысының мемле­кет­тік органдары мен квази­мем­лекеттік сектордың қыз­метіне бақылау жүргізуге қатысады. Бұл өңірлердегі қоғамдық бақылау тобында 60 адам бар. Оның айтуынша Мемлекет басшысының бюрократиядан арылу қажет деген тапсырмасы өңірлерде әлі де жүзеге асырыла қоймаған. «Жергілікті бюрократия алдында біз әлсізбіз» деді ол.

Қазіргі таңда ел бойынша қоғамдық бақылау то­бы­ның құрамында мыңға жуық ерікті бар. Олар әр салада мемлекеттік органдардың қоғам алдында ашық болуын қамтамасыз етуге ықпалын тигізіп келеді. «Әрине, бізді бар­­лық әкімдер құшақ жая қар­­сы алып жат­қан жоқ, қиын­­дықтарға қара­мастан жұ­мы­сы­мызды жалғас­тыра­мыз», дейді қоғамдық бақылау мүшелері.