Бизнес • 13 Мамыр, 2022

Бизнес үшін білім керек пе?

14646 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2022 жылы елімізде жоғары білімі бар кәсіпкерлер үлесі 61,3 пайыз­ды құ­рапты. Бұл – 2021 жылмен са­лыс­­тыр­ғанда 12,7 пайызға төмен. Solva компаниясы жүргіз­ген арнайы зерт­теу­ге қатысқан кәсіпкерлердің көбі бизнес жүргізу үшін білім аса қажет емес деп ойлайтындарын айтқан.

Бизнес үшін білім керек пе?

Зерттеуге 12 мың респондент қатысқан. Оның ішінде шағын және орта бизнес өкілдері де, жеке кәсіпкерлер де, ірі компания өкілдері де бар. Қатысушылардың 55 пайызы 35-40 жас аралығындағы азаматтар болса, 23 пайызын 20-25 жас­тағы кәсіпкерлер құрайды. 45-50 жас аралы­ғын­дағы аға буынның үлесі 12 пайызға жетеғабыл. Ал жасы 55-тен асып кеткен кәсіпкерлердің үлесі 10 пайыз екен.

Олардың 61,3 пайызында жоғары білім болса, 14 пайызы арнаулы орта біліммен шектелген, 3 пайызында аяқталмаған жоғары білім бар. Өзгелерінде арнаулы білім де, жоғары білім де жоқ. Тиісінше, жастар (20-25 жас аралығындағылар) кәсіп тізгінін ұстау үшін университетте оқу міндетті емес деген ұстанымда. Олар арнайы білім алмай, Instagram мен TikTok желілерін пайдаланып-ақ кәсіптерін дөң­гелете алатынын жеткізген. Ал 25 пайы­зы білім бәрібір қажет деген пікірде. Бірақ солай ойлайтындардың өзі алған білім­дері­мен кәсіп атқармайды. Демек олар жоғары білімсіз де бизнесте табысты бола алаты­нын дәлелдеген жандар.

30-45 жас аралығындағы респондент­тер­дің пікіріне қарағанда, кәсіпкерлік қыз­метті алып жүру үшін білім қажет. Сауал­­дамаға қатысқандардың 20 пайызы семинар, шеберлік сыныбы, өзге де кәсіпке қатысты курстарды жібермей баратындар тобынан болып шыққан. Олар қосымша білімге аямай ақша төлеп, сол арқылы бизнестегі қабі­леттерін жетілдіре түсуді көздейді. Білім қажет деушілер жоғары білім алған аза­мат­тар кез келген қосымша ақпаратты тез сіңі­реді, көзі ашық болады, қоғамдық процестерде жедел бой үйретеді деп санайды.

Зерттеуге қатысушылар неліктен бизнеске келгендерін де айтқан. Олардың 30 пайызы – жоғары табысты болу үшін биз­неске келсе, 25 пайызы – басшылыққа тәуелді болмас үшін, 24 пайызы – өз-өздерін дамыту мақсатында, 15 пайызы – отбасы мен денсаулығына көңіл бөлу қамымен, 5 пайызы – белсенділігін қоғам мойын­дау үшін, 1 пайызы – өмірлік қажет­тілігіне орай бизнес жолын таңдаған.