Күндізгі бағдарламада үш қызымыз жарыс көрігін қыздырып, екеуі жеңіске жетті. Атап айтсақ, Жайна Шекербекова (52 кило) Пурто-Риконың өкілі Мелоди Варгастың тас-талқанын шығарды. Карина Ибрагимова (57 кило) румыниялық Клаудия Нечитаға бас көтерткен жоқ. Бұл бәсекенің екеуінде де 5:0 есебі тіркелді. Ал Аида Әбікееваның алжирлік Имане Хелифке әлі жетпеді.
Кешкі бағдарламада Надежда Рябец түркиялық Бусра Ишильдармен күш сынасты. Былтыр Токио Олимпиадасында Қазақстанның намысын тек Рябец қорғаған еді. Өзгелері іріктеу сынынан өте алмаған. Сол себепті тәжірибесі мол спортшыға мол сенім артылып еді. Алайда Надежда үкілеген үмітімізді ақтай алмай, Ишильдарға есе жіберді.
Қазақстан чемпионатына қатысудан бас тартып, IBA-ның туы астында өнер көрсетуді құп көрген Ангелина Лукас тұсаукесер кездесуінде оңбай сүрінді. Каролин Де Алмейдемен болған жекпе-жектен соң бес төрешінің барлығы да бразилиялық боксшының мықтылығын мойындады.
Естеріңізге сала кетейік, осы күнге дейін екі боксшымыз шаршы алаңға шығып, екеуі де жеңіске жеткен еді. Валентина Хальзова (70 кило) кениялық Лорна Куса Симбиді бірінші раундта-ақ сұлатып салса, Алуа Балқыбекова (48 кило) канадалық Приянки Дилонға бас көтертпеген болатын.