Спорт • 13 Мамыр, 2022

Жеңісті дәстүрдің жұрнағы да қалмады

196 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Таиландтың бас шаһары – Бангкокта көгалдағы хоккейден ерлер арасындағы ХІХ жазғы Азия ойындарының іріктеу турнирі аяқталды. Аталған жарыста тоғыз команда күш сынасты. Өкінішке қарай, жерлестеріміз Тай елінде тым сүреңсіз өнер көрсетіп, өз жанкүйерлерін жерге қаратты. Алғашқы айналымдарда алаң иелері мен Оманға есе жіберген олар үшінші турда Өзбекстанмен тең ойнады. Одан кейін Гонконгтан ұтылды. Соңғы матчтағы сәтсіздік Қазақстан құрамасын Азиадада өнер көрсету мүмкіндігінен айырды.

Жеңісті дәстүрдің жұрнағы да қалмады

Иә, жоғарыдағы жағдай жанкүйерлердің көңіліне селкеу түсіргені рас. Өйткені кезінде көгалдағы хоккей Қазақстанда керемет қарқынмен дамығанын көзіқарақты оқырмандар жақсы біледі. Жер шарының алтыдан бір бөлігін бауырына басқан Кеңес Одағында Алматының «Динамосына» тең келер коман­да жоқ еді. Нақты деректерге сүйенсек, 1970-1991 жыл­дар аралығында КСРО чемпио­натының жалауы 22 мәрте жел­біресе, жерлестеріміз сол жарыстардың 18-інде жеңімпаз атанды. Тек 1970, 1971, 1974 жыл­дары Ульяновскінің «Вол­гасы» мен 1980 жылы Сверд­ловскінің СКА-сына жол беріп, күміс медальды қанағат тұтты. Одақ кубогын бес рет төбесіне көтерді. Еуропа чемпиондары кубогын екі мәрте олжалап, тағы бір рет қола жүлдені қоржынға салды.

Ал Еуропа чемпиондары кубогының тұсауы 1974 жы­лы Нидерландтың Утрех қаласында кесілген екен. 1991 жылға дейін бұл турнирдің шымылдығы 18 мәрте түрілді. КСРО-ның өкілдері арасынан тек «Динамоның» ғана дүбірлі додада дара шығуға күш-жігері жетті. 1982 жылы Францияның Версалі мен 1983 жылы Нидерландтың Гаагасында алматылықтар алдарына жан салмады. Сондай-ақ топ жарғандар қатарында Германия (7 рет), Англия мен Нидерландтың (4 реттен) және Испанияның (1 рет) клубтары бар. 1985 жылы Германияның Франкенталь қаласында ұйым­дастырылған жарыста «Дина­моның» ойыншылары қола медальды мойындарына ілді.

Спортсүйер қауым атағы алыс­қа жайылған «Динамоның» жарқын жеңістерінің барлығын Эдуард Айрихтің есімімен ты­ғыз байланыстырады. Әрине оған ешкім дау айта алмайды. 1964 жылы Поволжьеден Қазақстанға қоныс аударған ол әуелі республикамызда доп­­ты хоккейдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Айрих пен Қазыбек Байболовтың тұсында Алматының «Динамосы» КСРО чемпионатында 1 алтын, 4 күміс және 4 қоланы олжалады. Бір рет Еуропа чемпиондары кубогын жеңіп алды. Кейіннен Эдуард Фердинандович көгалдағы хоккейге түбегейлі бет бұрды. Ал спорттың бұл түрінен қол жеткізген табысымыз жайында жоғарыда  баяндадық.

Көгалдағы хоккей Олимпия ойындарының бағдарламасына сонау 1908 жылы енді. Сол аралықта КСРО құрамасы бір рет қана жүлдегерлер қатарына қосылды. 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында Одақтың туы астында өнер көрсеткен 16 ойыншының жетеуі қазақ­стандық клубтың өрендері еді. Олар – Миннеула Әзизов, Сос Айра­петян, Фарид Зигангиров, Олег Загороднев, Михаил Ничи­пуренко, Александр Мясников және Александр Гончаров. Төрт жылдықтың басты дода­сын­да жеңіс тұғырына көтеріл­ген саңлақтардан бөлек, Мұрат Жексенбеков, Саян Шаймер­денов, Серік Қалымбаев, Бе­рік­­қазы Сексенбаев, Бір­жан Қыдырбеков, Ержан Құ­мар­ғалиев және тағы басқа қандастарымыздың жасындай жарқылдағаны күні кешегі­дей көз алдымызда. Бұл дүлдүл­дердің барлығының да есімдері отандық спорт тарихында алтын әріптермен жазулы.

Міне, кезінде КСРО мен Еу­ропада қарсылас шақ келтірмей, өрелі өнерімен төрткүл дүниеге танылған Қазақстанның көгал­дағы хоккейінің қазіргі жай-күйі осындай. Жасыратыны жоқ, спорттың бұл түрі елімізде қалт-кұлт күй кешіп жатқанына талай жылдың жүзі болды. Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында республикалық федерацияның президенті Саян Шаймерденов осы саланың еңсесін көтеремін деп көп тер төкті. Іскер басшының алға қойған мақсаты айқын, жос­пары көп еді. Алайда сұм ажал абзал азаматты арамыздан тым ерте жұлып әкетіп, Саян Сафуанұлының бастаған істері аяқсыз қалды. Кейінгі кездері Берікқазы Сексенбаев та көгалдағы хоккейдің көсеге­сін көгерту жолында біраз еңбектенді. Бірақ одан да әзірге еш нәтиже жоқ. Өкінішті-ақ!