Спорт • 13 Мамыр, 2022

Арно Демар дара шықты

191 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Джиро д’Италия» көпкүндігінің бе­сінші кезеңі 30 жастағы Франция­­ның велошабандозы Арно Демардың ­(Grou­pama-FDJ) жеңісімен аяқ­талды.

Арно Демар дара шықты

Катания мен Мессина аймақтары ара­­лы­ғын жалғаған 174 шақырым қашық­тық­ты Демар 4 сағат 03 минут 56 секундта жүріп өтті. Одан кейінгі сатыларға колум­биялық Фернандо Гавирия (UAE Team Emirates) мен италия­лық Джакомо Ниццоло (Israel-Premier Tech) жайғасты. Ал жалпы есептегі жағдай өткен кезеңмен салыстырғанда еш өзгерген жоқ. АҚШ-тың Trek-Segafredo клубы сапында өнер көрсететін Хуан-Педро Лопес әлі де ал­дына жан салар емес. Немістер­дің BORA-hansgrohe командасының велоша­бандозы Леннард Кемна оны өкшелеп келеді. Үшінші орынды эстониялық Рейн Таарамяэ (IntermarchéWanty-Gobert Matеriaux) иеленуде.

Апеннин түбегіндегі жарыста «Астана» әлі де құлашын кеңінен жая алатын емес. Қазақстандық клубтың мүшелері арасында озған 25 жастағы колумбиялық легионер Харольд Техаданың нәтижесі – 28-орын.