16 Сәуір, 2014

Көлік көпірмен бірге суға кетті

327 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Дарияның екі бетіндегі елді мекендерді жалғайтын қалқыма көпірлер бар. Қыс мезгілінде бұдан келер қауіп жоқ. Ал көк­тем шыға, дарияның арнасы толған кезде қалқыма көпір арқылы өту қиындай түседі. Сондықтан Сырдариядағы нөпір су азайғанша мұндай өткелдерден көліктердің  өтуі сирейді. Биылғы тасқын кезеңі Қызылордада ың-шыңсыз өтті. Бүгінде өзеннің қос қапталын байланыстырып тұрған қалқы­ма көпірлер де қалыпты жұмыс істеп тұрған. Дегенмен, Шиелі ауданының Қарғалы елді мекенінің тұсында оқыс оқиға орын алды. Бұрнағы күні түс әлетінде «КазСтепСтройМонтаж» серік­тес­тігіне қарасты «Howo» жүк көлігі қалқыма көпірге ке­леді. Көпірден өте бергенде Хайдарбек Сайтов тізгіндеп отырған жүк көлігі көпірмен қоса суға батып кетеді. Қуа­ныштысы, оқиға кезінде зардап шеккен немесе қайтыс болған ешкім жоқ. Оқиға болған жерге Шиелі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің жедел тобы жеткен. Сондай-ақ, аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері де сол арадан табылған. Осы­лай­ша, 2 техника мен 6 адам жұ­­мылдырылып, құтқару жұ­мыс­тарын жүргізген. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.