Тарих • 15 Мамыр, 2022

«Қазақты» қайта тірілтіп, «Айқапты» елімен қауыштырған

368 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Мен ол кезде республикалық «Жа­лын» баспасының директоры едім. Ойла­маған жерден бұрынғы курстас досым, филология ғылымдарының докторы, Қазақ Совет энциклопедиясының бас редакторы Рымғали Нұрғалиев телефон соқты.

«Қазақты» қайта тірілтіп, «Айқапты» елімен қауыштырған

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Амандық, саулық сұрасқан соң:

– Анау біздің курстас досымыз Бан­зай-Банзайдың жұмыссыз жүргенін біле­сің ғой, – деді.

Біз студенттік шақтардан өзімізбен бірге оқыған досымыз Қоғабай Сәрсе­кеевті сыртқы кескін-келбетінің жапон­дықтарға ұқсастығына қарай өзара әңгі­­мемізде жапон сөздерімен «Банзай-Бан­зай» деп те атай беретін едік.

– Қазір сенде бас редакторыңның орны бос тұр ғой, сол орынға Қоғабайды алсаң қайтеді? – деп ұсынысын қоса айтты Рымғали.

 – Алуға қарсы емеспін. Бірақ әуелі Қоғабайдың өзімен сөйлесіп алайын, – дедім мен.

– Мен сөйлестім. Сен шақырсаң, ол барады, – деді Рымғали.

Қоғабай Сәрсекеев ол кезде есімі елге танылып келе жатқан жазушы, «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан», «Қа­зақ әдебиеті» сияқты газеттерде жауапты қыз­меттер атқарып, тәжірибе жиған, «Друг читателя» сияқты апталық басылымда бас редактор болып ысылған қызметкер еді. Cоған дейін ол бұрынғы жұмысынан өтініш жазып босанған соң халық батыры Амангелді Иманов туралы роман жа­зып жүргенін де білетінмін. Шамасы, енді қызметке қайта тұруды ойлай бастаған секілді.

– Жарайды, онда. Алайын, – дедім.

Сөйтіп, Қоғабай досымыз мен директор болып істейтін «Жалын» баспасына бас редактор болып келген еді.

Баспаға түскен қолжазбалармен танысу, әрбір жылға тақырыптық жос­пар құру, оған тәуір деген дүниелерді ірік­теп енгізу, шығармаларды редакция­лау, тергізу, шығатын кітаптарды көркем­деу, суретшілермен, баспаханамен жұ­мыс істеу, дайын болған кітаптарды облыс­тық кітап саудасы мекемелеріне жө­нелту сияқты өндірістік, баспагерлік жұмыс­тардың барлығын тез арада меңгеріп алып кетті.

Ол кездерде жыл сайын Мәскеуде ха­лықаралық кітап жәрмеңкесі өтетін. Оған өз еліміздің де, шетелдердің де бас­­пагерлері қатысатын. Шығарылған кітап­тар сол жәрмеңкеде барлық жағынан сын­ға түсетін. Тәуір деген кітаптарға гра­мо­­талар берілетін. Шетел баспалары өзде­ріне ұнаған шығармаларды өз елінде бас­тырып шығаруға біздердің баспалармен шарт жасасатын. Ол жәрмеңкелерден де «Жалын» баспасы олжалы болып оралып жүрді. Осындай жұмыстардың бәрінде Қоғабайдың да айтарлықтай үлесі бар еді.

Одан кейінгі кезеңде мен жоғары жақ­­тың шешімімен республикалық кітап саудасы мекемесі «Казкнигаға» басқа­рушы болып тағайындалдым. «Қазақ кітап­тарының тиражы өспей қойды, соны қалайда өсіру керек» деген міндет қо­йылды маған. Көрші республикалардың кітап саудасы мекемелері «Өзбеккітап», «Қырғызкітап» деп өз тілдерінде, ал біз­дің мекеме «Казкнига» деп орысша аталатын. Осыны Мәскеудің рұқсатымен «Қазақкітап» деп өзгертуге жарты жылдай уақыт кетті. Қазақ кітаптарының тиражын өсіру мәселесі де ойдағыдай шешілді.

Осыдан кейін мен республиканың Ақпа­рат және кітап баспасы министр­лігінің Бас редакторы болып тағайын­далдым да, «Қазақкітапқа», менің орныма «Жалын» баспасынан бастық болып Қоға­бай барды.

Сол уақытта республикамызда жеке­шелендіру науқаны басталды. Әр уақытта ширақ қимылдайтын Қоғабай бұл бөлісте құр қалмай, Алматының Көк базары маңындағы жедел басылымдар баспаханасын меншігіне алып, мемлекеттік баспа комитетінен бөлініп шығып, баспахана жұмысын тиімді коммерциялық жолға қойды. Сөйтіп, біздің қатарымыздағы алғашқы «ақшалы мырзалардың» біріне айналды. Сөйтсек, ол тапқан табысын тек өз игілігіне ғана жұмсамай (сол кезде Алматыда екіқабатты коттедж салып, астына жарқыраған қымбат көлік алып мінгеннен басқа), жинақтап қор құруға кіріскен екен. Ондағы ойы өзінің жерлестері, алашордашыл ағалары рево­люцияға дейін-ақ туған халқына жаны ашып, соның келешегі жарқын болсын, соған қызмет етсін деп шығарған «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналын қайтадан тірілту екен ғой. Ол өзінің бұл ойын сол кездері араласқан, сырлас жақын достары болған біздерге де білдірген емес. Газет шығаруға тиісті қаржыны жинап бо­лып, «Қазақ» газетін қайта шығару­ға үкі­меттен лицензия алып, редакция ұжы­мын жасақтап, өткен ғасырда, 1918 жылы 265 саны шыққаннан кейін қаражат тапшылығынан тоқтап қалған ұлт газетін № 266 деп қайта жалғастырып, тірілтіп, 2006 жылдың 22 наурызы күні қайтадан шығара бастағанында бір-ақ білдік. Оның бұл ісі шындығында ерлікке тән қаре­кет еді.

Жұртқа ұнайтын, оқылатын, сонымен бірге республика өміріндегі маңызды жаңалықтарды дер кезінде жариялап отыратын, елеулі, өзекті мәселелер көтере­тін, еліміздің гүлденіп, көркеюіне белсен­ді атсалысатын газет шығарудың оңай еместігін осы салада қызмет атқаратын жур­налистер жақсы біледі. Қоғабай соң­ғы демі таусылғанша осылайша, өз еркі­мен, бар машақатын ауырсынбай арқа­лап, үзбей шығарған «Қазақ» газеті де көп­шіліктің көкейінен шыққан басылым болғанын айтуға тиспіз.

«Ақсақ қойдай басқадан кейін қалға­нымыз ба? Жоқ, қалмас амалын іздеп қамданамыз ба? Қалмаймыз десек, қа­рап жатпалық. Көп ісіне көп болып жабы­лайық. Саңылаулы, саналы, халық азаматтары көмек етіп, күш қосып, демер деген үміт зор...

Аталы жұртымыздың, адуынды ұлты­мыздың аруақты аты деп газетіміздің есі­мін «ҚАЗАҚ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмек­тесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы. Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жет­кенінше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қа­рын тойғанына мәз болып, мал өлімінде өлмейік.

Ұлт халын ойымызға алып, қызмет етуді мойнымызға алып, арнаған бір ісіміз. Құдай сәтін салсын, «әумин» деп қол жайып, «әуп» деп күш қосып, «Алла» деп іске кіріселік! «Қазақ», № 1, 1913 жыл.»

Өткен ғасырда, 1913 жылы «Қазақ» газеті алғаш шыққанда Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов қазақ халқына осындай үндеу тастап, елшілдік мінез танытып, халқымызбен осылайша дидарласыпты. Байыптап қарасақ, осы сөздің, осы ұранның бүгін де маңызын жоймағаны, ұлтымызға әлі күнге керек екені, қызмет ете беретіні анық.

Осы жерде мен енді Қоғабай Сәрсекеев бас редакторы болып шығарған «Қазақ» газетінің сыр-сипатына, мән-маңызына, мазмұнына азырақ тоқталып өтуді жөн көріп отырмын. Ең алдымен айтылар нәрсе – өткен жиырмасыншы ғасырдың бастапқы жылдарында, дәлірек айтсақ 1913 жылдың 2 ақпанында алғашқы саны жарыққа шыққан «Қазақ» газеті қаражат жоқтығы, жаңа өкіметтің қырын қарағаны мен басқа да қиындықтар салдарынан 1918 жылы шығуын тоқтатқаны – тарихи факті. Бұл газет бар ғұмырла­рын халқының, туған ұлтының алға басуына, әлемдегі өркениет көшінің соңын­да қалмай, өсіп-өркендеуіне бағыштап, сол жолда жан аямай қызмет еткен Алаш арыстарының жанқиярлық еңбектері арқасында дүниеге келген еді. Араға 88 жыл салып, «Қазақ» газетін қайта тіріл­тіп, «Айқап» журна­лын елімен қай­та қауыштырған досымыз Қоғабай Сәр­се­кеевтің еңбегі де шын мәнінде ерлікке балауға тұрарлық іс еке­нін мақтанышпен, сеніммен айта аламыз.

Алаш арыстары шығарған «Қазақ» газетінің 100 жылдық тойы республи­камызда кеңінен аталып өтті. Облыстар­да, жер-жерде осы тойға арналған әртүр­лі іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазақ ұлттық университетінде, Еуразия ұлт­тық университетінде, Ахмет Байтұрсы­нов атын­дағы университетте және өзге де жо­­­­ғары білім шаңырақтарында, кітапха­наларда әртүрлі ғылыми конферен­ция­­лар өтті. Қ.Сәрсекеев өзі басқарған ұжым­ның ұйытқы болуымен, газетке жанашыр азаматтардың белсенді қатысуымен Алматыдағы «Достық» үйінде зиялы қауымның басы қосылған үлкен жиын өткізілді. Оған ақын-жазушылар, ғалым-академиктер, БАҚ өкілдері қатысты. Есімдері елге танымал тұлғалар Әбді­жәміл Нұрпейісов, Серік Қирабаев, Мұх­тар Шахановтар, тағы басқалары сөй­леп, қалың оқырманды ұлттық маңы­зы жоғалмаған ұлы газетпен қайта қауыш­тырған Қоғабай Сәрсекеевке алғыстарын айтты.

«Қазақ» төрт жылдан артық шығып келе жатыр. Оның бетінде тәуелсіз елдің өзекті проблемалары, ұлт тағдыры және оның дәстүрі, тілі, діні, ел тіршілігіне тә­уелсіздік рухын енгізіп, оны көтерудің жолдары, тағы басқа заман мен қоғам­ның өзекті мәселелері талқыға түсуде. Ойлы ұсыныстар, сын пікірлер айтылу­да. Бәрі де елдің қамы үшін! Қазақтың зиялы қауымы, жалпы оқырман жұрт газеттің шығуын қуана қарсы алып, ол көтерген мәселелерге үн қосуда», деп жазған еді сол тұста әдебиетіміздің абыз тұлғасы Серік Қирабаев. Газет оқырмандары­мен кездесулері кезінде Алаш арыстары шығарған, олардың ісін жалғай отырып, өзі шығарған «Қазақ» газеті жайында кейбір сырлардың тиегін ағытқан еді Қоғабай досымыз. Мәселен, өткен ғасыр­дың отызыншы жылдарында өзінің туған нағашысы Жүсіпназар Байтұрсынов М.Дулатовтың «Оян, қазағын» сандықта сақ­тап, өлеңдерін жатқа оқып, әнге салып орындағаны үшін ұсталып, атылғанын айтатын. Жүсіпназар ешкімге қиянат жаса­маған, өкіметке зиян келтірмеген, ішпеген-жемеген, не ұрандатып халық арасына шықпаған, тек табиғи дарынды әнші болған адам екен. Оның осындай әңгімесін естігенде еріксіз отызыншы жыл­дардағы репрессияның аязды суық ызғарын арқамызбен сезінгендей күй ке­ше­тінбіз. Ал газеттің жүз жылдығы той­ланған кезде өзіне республикамыздың әр өңірінен танымайтын талай азамат­тар хабарласып, алғыстары мен ізгі тілекте­рін айтқанын әңгімелеген кезінде жүзі де жадырап, жайнап кететін. «Солардың бірі – Бошай Кітапбаев деген ағамыз, жасы тоқсаннан асқан, сонау Өскеменнен әлі күнге дейін жиі-жиі қоңырау шалып, хабарласып тұрады, ақыл-кеңесін беруден жалықпайды», дейтін еді Қоғабай досымыз.

Апта сайын көлемді, жұрт риза боп оқитын газет шығарудың қамымен жүрген досымыз Қоғабай сол күндері елімізге пайда келтіретін тағы бір ма­ңызды мәселені ойлап жүріпті, ол – «Қазақ» газетіне қоса ұлтымыздың бас­пасөзінде, тарихында ұмытылмас орны бар «Айқап» журналын да қайта тірілтіп, елімізбен қайтадан табыстыру екен.

Осы орайда казактың тұңғыш қоғам­дық-саяси және әдеби журналы «Айқап» туралы да азырақ мәлімет бере кеткеніміз артық болмайтын секілді. «Айқап» «Қа­зақ­тан» бұрын шыққан. Ол 1911 жылдың қаңтарынан 1915 жылдың қыркүйегіне дейін Тройцк қаласында шығып тұрған, содан кейін қаражат жетімсіздігінен жабылып қалған. Көлемі 16-24 бет, тиражы 1000-2000 дана болған. Барлығы 88 нөмі­рі жарық көрген. Редакторы демократ-­жазушы, ұлттық журналистикамыз­дың негізін қалаған Мұхамеджан Сералин болатын. Журнал жұмысына С.Торайғыров, С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Дөнентаев, С.Көбеев сынды ұлтымыздың талантты ақын-жазушылары белсене атсалыс­қан. «Айқап» қазақ халқының жиырмасыншы ғасырдың басындағы саяси-әлеуметтік өмірінің түйінді мәселелеріне, мәдениет пен әдебиеттің, тілдің дамуы­на, халық-ағарту жұмысына көңіл бөлді. Көшпелі қазақ шаруаларының қоғам­дық-экономикалық жағдайын то­лық көрсе­тіп, отырықшылық тұрмысқа кө­шудің қажеттігін жазды. Әйел теңдігі мәселеле­рін көтерді. Бүгінгі жиырма бірінші ғасыр­да Қоғабай досымыз хал­қымыздың сол тұңғыш журналы «Айқап-қа» да екінші өмір сыйлады. Өзі өмірге келген, қазақтың қасиетті кең даласының қастерлі бір пұшпағы Торғай өңірінде «елім, ұлтым, жұртым» деп өзінен бұ­рын ғұмыр кешкен алашшыл ағалары­ның күрескен ісін бүгінгі заманымызда жалғай түсті. Сөйтіп, «Қазақ» газетіне қоса «Айқап» журналын шығаруды да қолға алды. Қоғабай­дың бұл ісіне ақындарымыз да лайықты бағасын берген еді.

«...Ахаң-Жахаңның белінен

Жаралған жоқ қой» деме, сен.

Солардың туған елінен,

Шыққан ұл – бұл да ересен!

Бабасы оның Қобыланды,

Қара Қыпшақ қой – түп төрі!

Ұрпағы Қоқаң оғланды,

Демессің қалай көкбөрі! –

деп жырлады ақын Хамитбек Мұсабаев.

... Сөзі бөлек, ісі бөлек,

Бейнет-суға түсіп әлек.

Қайратына таңданасың

Жаны сірі кісі ме деп, –

деген жолдармен оған өзінің құрметін, сүйсінісін білдірді Жүрсін Ерман.

... Алаш мұңын жоқтаған, аға, сені

Арыстардың жалғасы деп білемін! – деп толғады Рафаэль Ниязбек.

Сол кездерде мен досымыз Қоғабай­мен жиі араласып жүретін едім. Енді бүгін ойлансам ол да бір өміріміздің сәулелі, жарқын кезеңі екен ғой. 2014 жылы жаз айында «Қоғабай ауырып қалыпты» деген жайсыз хабар жетті Алматыдан. Содан бұрын көктемде оның біраз уақытқа Америкаға барып қайтқанын білетін едім. Сол елдегі балалары мен немерелерін сағынып, соларды көріп қайтуға барған ғой деп ойлаған­мын. Бірақ соңынан бір рет сөйлескенімізде ­ол сол жолы Америкадағы дәрігерлерге ­де көрініп келгенін айтқан еді. Мен бір­ден секем алып, мән-жайын сұрастыра бастағанымда:

– Оншалықты алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Мен шылымды көп тартамын ғой, соның өкпеге азырақ әсері болған сияқты. Ол жақтағы дәрігер «шылымды қойыңыз» деп, біраз дәрілер жазып берді. Енді сол дәрігердің айтқанын орындап жүрмін, – деді.

Мен оның шылымды көп тартатынын білетін едім. «Осыны қойсаңшы» деп бірнеше рет кеңес те бергенмін. «Ол да ойда жоқ емес» деп сырғытпа жауап берген. Енді телефоннан менің абыржыған үнімді естіген соң мені тыныштандырайын деді ме, «сен уайымдама, бұл аурудан жазыламын» деді де, әңгімені басқа арнаға бұрып жіберді. Күлдіретін біраз нәрселер айтты... Содан кейін оның Америкаға қайтадан ұшып кеткенін естідім. Ұшар алдында курстас досымыз Мәткерім Әкімжановпен сөйлесіпті. «Осы жолы өткендегі көрінген америкалық дәрігерге қайта жолығып, «ауруынан жазылды» деген қағазын алып қайтпақ ойым бар. Содан кейін Алла жазса Астанаға қайта барғанымда өздерің сияқты достарды жинап, емін-еркін ойнап-күліп отырып, жақсы бір кеш өткізерміз деген жоспар бар» деп, қуантып тастапты. Мәткерім ол хабарды сол күні-ақ маған жеткізген. Ертесінде мен де үйіне, өзіне телефон соққанымда біраз уақыт жақсы сөйлестік. Күлдіргі, қызықты әңгімелер айтты. Менің де көңілім орнына түсіп, ауруынан айыққан екен, енді біржола айығып кетсе екен деген тілек көкейде тұрды.

Соның алдында, бұрынырақ, менің өмірімде де күрделі оқиғалар болған еді. Өмір бойғы жұбайым Хабиба Әубәкірқызы қайтыс болып, қатты қи­на­лып, дағдарып қалғанмын. Одан кейін, жылдан аса уақыт өткенде, досым Рымғали мен жұбайы Хадишаның дәнекер болуымен екінші рет отбасын құрдым. Сәті түскенде екін­ші жұбайым Әсия Шәкенқызы адам­гершілігі мол жақсы адам болып кез­десті. Екеуміздің Астанадағы шаңырақ құр­ған шағын тойымызға Қоғабай сонда жұбайы Гүл­баршынмен Алматыдан әдейі ұшып жеткен еді. Сөйтіп, Әсиямен танысқан. Ру сұраса келгенде екеуі де арғын руынан болып шықты. «Сен өзімнің қарында­сым екенсің ғой. Байқа, мынау курстасым Бодаубаев өте бір қиын адам, егер ренжітетін болса бірден маған хабарлас», – деп әзілдеген. «Сен, Болат, ме­нің қарындасымды ренжітпе», деп күле сөйлеп, тағы шегелеген. Содан кейін арамыздағы бұрыннан бар отбасылық достық қатынастарымыз бұрынғыша жалғаса түскен.

Бір рет Алматыға жолымыз түс­кенде Қоғабай бірден: «Ешқайда бар­майсыңдар, біздің үйде боласыңдар», деп шегелеп, вокзалдан қарсы алып, Алматыдағы жаңадан салып бітірген үйіне алып кеткен. Сол жолы Қоғабай мен Гүлбаршынның қонағы болып, ұмытылмас бір апта уақытты бірге өт­кізгенбіз. Енді міне...

Америкадан келген Қоғабайды ұшақ­тан «жедел жәрдем» машинасы қарсы алып, ауруханаға алып барыпты. Содан айыға алмай, есіл азамат, ақыры көз жұ­мыпты. Біз де, жұбайым екеуміз, бұл қаралы хабарды ести сала, досымызды ақтық сапарға шығарып салайық деп, бөгелместен Алматыға ұштық...

Қоғабай Астанада біздің үйде соңғы рет болғанында «Қазақ шаруасы» атты кітабын сыйлап: «Болат, Әсия, жандарым, Сендер менің тірегімсіңдер ғой! Алла, адасып қалмайық, бір бірімізді жо­ғ­алт­палық. Өздеріңнің Қоғаштарың. 14.04.2013 ж. Астана» деп қолтаңба жазып берген еді. Оның бұл сөздеріне ол кезде мән бермегенмін. Енді ғана ол сол кездің өзінде-ақ айықпас дертке шалдыққанын білген екен-ау, бірақ бізге сездірмеген екен-ау деген ой келіп отыр. Ол тілекке Алла жеткізбеді, не шара.

Қ.Сәрсекеев бізге, достарына ғана емес, өзі жаныңдай сүйген халқына керек үлкен жүректі, ұшқыр ойлы азамат еді. Өткен ғасырдың басындағы халқы­мызды ұлт болып ұйысуға, ел болып еңсе көтеруге жұмылдыруға тырысқан Алаш көсемдері шығарып, артынан жабылып, тоқтап қалған «Қазақ» газетін 88 жылдан кейін, «Айқап» журналын 99 жылдан кейін қайта тірілтіп, қайта шығарып, ерлік жасағанын жоғарыда айттық. Тәуелсіз­дік алған мемлекетімізді нағыз ұлттық елге айналдыру, мемлекеттік тілімізді өзі­­нің лайықты, мәртебелі тұғырына қон­ды­ру, ұлтымыздың рухын көтеріп, тәуел­сіздігіміздің іргетасын бекіте түсу жолында күш-қуатын да, қаламгерлік талантын да, кәсіпкерлікпен, еңбегімен тапқан қаржы-қаражатын да аямай жұмсап, ақтық демі таусылғанша жанкештілік­пен еңбек етті. Оның қаламынан туған шығар­малары да, қоғамымызға сіңірген еңбегі де халқы­мыздың санасынан, тарихынан өшпесі анық.

Дос туралы эссемнің соңында Қоға­бай қайта шығарған «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының содан кейінгі ғұмыры туралы да бірер ауыз айта кет­кенім жөн сияқты. Қоғабай өмірден қайтқан соң газет пен журналдың шығуы тоқтап қалған жоқ. Қоғабай жасақтаған редакция ұжымы Қоғабайдың бұрынғы орынбасары, Қоғабай қайтқаннан кейінгі бас редакторы Жасұлан Мәуленұлының басшылығымен бұл басылымдардың одан әрі шыға беруін қамтамасыз етті. Бұл үшін оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Тек 2016 жылы ғана Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ.Мұтанов жур­налды одан әрі жалғастырып шығару құқығын университетке беруді өтініп, сұрап алды.

Бұл екі басылым да бүгінге дейін хал­­­қымызға қалтқысыз қызмет етумен келеді.

 

Болат БОДАУБАЙ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты