«Шектеулердің банктер қызметіне айтарлықтай әсер ететінін түсініп, «Сбербанк Қазақстан» мен «ВТБ Қазақстан» банк иелерін ауыстыру үшін жаңа инвестор іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Банктерді сатып алатын әлеуетті инвестор анықталғаннан кейін банктерді санкциялық тізімнен шығаруға байланысты АҚШ өкілетті органдары тарапынан рұқсат алу мәселесіне орай агенттік қажетті шараларды көрсетеді. Қазақстандағы үш ресейлік банк клиенттерінің шоттарында бұғатталған сома көлемі – 3 млрд теңге. Сәйкесінше, қарыз алушылар өздері жұмыс жүргізуге тиіс. Егер олар санкциялық тұлғаға жатпайтын болса, онда олардың активтері бұғаттан шешіледі. Олар АҚШ Қаржы министрлігіне тиесілі шетелдік активтерді бақылау басқармасына жүгіне алады. Осылайша, олар өз активтерін босатады», деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова.
Бұған дейін «Бәйтерек» холдингінің «Сбербанк Қазақстанға» қызығушылық танытқанын және холдингтің еншілес банкті Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлесе отырып сатып алуы мүмкін екенін жазған едік. Соңғы ақпараттар бойынша «Сбербанк Россия» да қазақстандық еншілес банкін сату жолдарын іздестіріп жатыр. «Біз Қазақстандағы еншілес банкті сатып алу бойынша түрлі ұсыныс алып жатырмыз және Ресей, Қазақстан, сондай-ақ Түркия, Қытай, БАӘ елдерінің инвесторларынан да қызығушылық бар», депті қаржы институтының баспасөз қызметі.
«Сбербанк Қазақстанның» көп ұзамай сатыларына күмән келтіруге болмас. Өйткені банк Қазақстан нарығындағы аса ірі, қуатты ойыншылардың бірі де бірегейі болды. Несие портфелінің, резервтері мен капиталының сапасы бойынша да үздік қаржы ұйымы саналады және өтімділігі әр кез жоғары бағаланады. Банк бұған дейін өзінің 330 млрд теңге көлеміндегі несие портфелін Halyk Bank-ке сатты. Аталған келісім аясында Қазақстан Даму Банкінің жеңілдетілген несие бағдарламасы аясында рәсімделген автонесие, ипотекалық кредит және шұғыл қажеттілікке орай алынған займдар ауысты. Сонымен қатар екі банк арасында шағын және орта бизнес секторындағы 7 500 кәсіпорынға займ беру бойынша мәміле жасалды. Соған орай «Сбербанк Қазақстанның» 105 млрд теңге көлеміндегі және «Даму» қорының мемлекеттік бағдарламасы бойынша берілген 4,9 млрд теңге сомадағы коммерциялық портфелі Halyk Bank-ке берілді.
Бұған дейін АҚШ Қаржы министрлігі шетелдік активтерді бақылау басқармасы (Office of Foreign Assets Control – OFAC) «Сбербанк» АҚ ЕБ-мен сатып алу келісімінің мерзімін 2022 жылдың 13 сәуірінен 2022 жылдың 12 шілдесіне дейін ұзартатын лицензияны жариялаған еді. Яғни аталған мерзім ішінде банк штаттық режімде жұмыс істейді, ал оның клиенттеріне теңге және рубльдегі кез келген сомадағы төлемдер мен аударымдар (салық, баж салығы, әлеуметтік аударымдар, т.б.) операциясы қолжетімді болады.
Осыған дейін «Банк ЦентрКредит» ресейлік еншілес «Альфа-Банктің» 100 пайыз акциясын сатып алып, өзінің жеке қаражаты есебінен сатылымды толықтай жүзеге асырған еді. Қайта тіркеуден өткеннен кейін банк ECO BANK жаңа брендімен нарықтағы жұмысын жалғастырмақ. Қазіргі клиенттері үшін барлық банк өнімдерінің шарттары бұрынғы қалпынша қала береді. Банк санкциялық тізімнен шығарылғаннан кейін клиенттерге барлық банк қызметтері қолжетімді болмақ. Сатып алмас бұрын БЦК «Альфаға» қатысты өзінің бес жылдық бизнес-жоспарын ұсынған.