16 Сәуір, 2014

Люба

289 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қалам ұстаған қауымның қызығы талай ақ парақтарға жүк бола берер. Себебі, қай жерде де мақалаларға арқау болар кейіпкер іздеп жүргенің. Кейде арнайы іздеп барсаң, кейде кейіпкерің өзі жолыға кетеді. Любамен де аяқ астынан сапарлас болдық. Қызығы, әріптес болып шықтық. l.wapownikovaҚазақ баспасөзінің қарашаңырағына 90 жыл толған жылы, қысқы демалысты ауылда өткізейін деп, елге бет алдым. Ауылға тура билет табылмай, Ақтөбе арқылы қайтатын болдым. Жол қысқарту үшін Хромтаудан түсіп, Ақтөбеге баратын бір топ жолаушы көлік жалдадық. Мен қатарлы апалы-сіңлілі екі орыс қызы үшеуміз бір көлікке отырдық. Жол қысқартайық деп, жөн сұрастық. «Егеменде» істейтінімді айтқаным сол еді, сол жағымдағы отырған сүйкімді сары қыз «Саша ағайды білемін ғой», дегені жымиып. Бірден түсіне кеттім, «Саша ағайы» – Александр Тасболатов. Сүйкімді сары қыздың қазақша сөйлегеніне көңілім жылып, қайда істейтінін сұрадым. Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің ресми өкілімін, әріптесіңмін деп қойды. Ел басылымының 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, өткізіліп жатқан шаралардан хабардар екендігін аңғартты. Діттеген жерге жеткен соң сүйкімді сары қызбен телефон алмасып, қош айтыстық. Сол кездесуден 5 жыл өткен соң Любамен әңгімелесудің сәті түсті. Сөйтсем, Любовь Ырғыздың тумасы екен. «Мен Ақтөбе облысындағы Ыбырай Алтынсарин атамыз алғаш мектеп ашқан, ұлы Абай бабамыздың атасының кіндік қаны тамған Ырғыз деген киелі жерде Шапошниковтар әулетінде дүниеге келдім. Отбасымызда менен өзге Надежда есімді апам бар. Мектепке дейін қазақ балабақшасына бардым, балалық шағым қазақ балаларының арасында өтті. Кейін Ырғыз орыс орта мектебін бітірдім. Мектепте оқып жүрген кезімде «Қазақ тілі және әдебиеті» пәнінен аудандық, облыстық, республикалық олимпиадаларда, сайыстарда жүлдегер атанып жүрдім. Мектеп бітірген соң Қазақ-Ресей университетінің психолог мамандығын таңдап, оқуға түсіп кеттім. 2006 жылы республикалық «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» атты Абай оқулары байқауында жүлдегер атанып, кейін Төтенше жағдайлар министрлігі жариялаған кастинг арқылы талайға арман болған елордамызға келдім. Министрліктің ресми өкілі ретінде қызмет атқардым, бүгінгі күні аталмыш министрліктің жүйесіндегі республикалық Дағдарыс орталығында жұмыс істеймін. ТЖМ-ге қызмет ете жүріп, Көкшетау техникалық институтында өрт қауіпсіздігі мамандығы бойынша білім алдым. 2011 жылы Қарулы Күштер ведомстволарының әйел қызметкерлері арасындағы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған алғашқы «Жас қыран» байқауында жүлделі орынға ие болдым. 2012 жылы дәм айдап, Бақыт есімді қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Жұбайым Бақыт көпбалалы отбасынан шыққан. Ата-енем Алматы қаласында тұрады. Қазақ халқының салт-дәстүрі мен жөн-жоралғысымен құда түсіп, ұзату тойы жасалып, келін болып түстім. 2013 жылы отбасымыз қуанышқа бөленді. Мәриям есімді бөпеміз дүниеге келді. Ананың баласына деген сезімін ешбір сөзбен жеткізу мүмкін емес екен. Бақыт та ТЖМ Азаматтық қорғаныс департаментінде аға офицер лауазымында қызмет етеді. Ата-аналарымыздың құда-жекжат болып, сыйластықпен түсініскенін көріп шүкіршілік етіп, өсіп-өніп жатырмыз. Екі ұлттың да дәстүрлерін құрметтейміз. Өз мемлекетін сүйетін отбасында өсіп келе жатқан кішкентай Мәриямның да өз елінің патриоты болып өсетініне сенімім кәміл. Туған елім Қазақстан, мемлекеттік тілді білу әркімнің парызы деп санаймын. Өйткені, еліміздің болашағы ел тілімен бірге көркеймек. Әке-шешемнің ата-бабасы азаматтық соғыстан кейін Орынбор губерниясынан келген екен. Ал ата-анам осы Ырғызда туып-өскен, таза ырғыздықтар. Әлі күнге дейін сол Ырғызда тұрып жатыр. Ал атамның Ұлы Отан соғысына қатысқанын мақтанышпен айта аламын. Әжем Мордовиядан келген. Қазақ топырағында өсіп, жапырақ жайған Шапошниковтар әулетінен тараған ұрпақпын. Бақытты шаңырағымыз ел дамуының бір сипаты шығар деп ойлаймын. Өйткені, тыныш елде бақытты ғұмыр кешіп жатырмыз. Әдемі әлемімізді ешқашан кір шалмасын деп тілеймін. Ұрпақ саналы болса, ұлт дамуы ілгерілейді. Ал бұл үшін барлығымыз жауапкершілікті болуымыз қажет. Қоғам дұрыс бағытта дамуы үшін әркім өз-өзіне жауап берсе жөн, дейді Люба қыз. Мен іштей жеңгеме сүйсіндім. Әр қазақстандық осындай болса игі. Венера ТҮГЕЛБАЙ, Егемен Қазақстан.