Спорт • 16 Мамыр, 2022

«Акула» мансабын аяқтайды

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл күндері Апеннин түбегінде «Джиро д’Италия» көпкүндігі өтіп жатқаны белгілі. Катания мен Мессина аралығын жалғаған бесінші кезең мәреге жеткен бетте «Астана» клубының сапында өнер көрсетіп жүрген Италияның әйгілі велошабандозы Винченцо Нибали биыл өзінің спорттық мансабын аяқтайтынын көпшілік алдында жария етті.

«Акула» мансабын аяқтайды

БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Нибали: «Мен Мессинаға жет­кен бетте өзімнің отбасым, туған-туыстарым және жо­ра-жолдастарымды жинап алып, жоғарыдағыдай шешім қабыл­дағаным жайында айттым. Иә, спорт саласында біраз белес­терді бағындырғаным рас. Сол үшін де Жаратушымызға мың да бір алғыс. Әр кездері қол­дау көрсеткен бапкерлерім мен ко­мандалық әріптестеріме және жан­күйерлеріме де зор риза­шы­лығымды білдіремін. Иә, кезінде «жарыс, жарыс» деп жү­ріп, отбасыма дұрыс көңіл де ауда­ра алмаған едім. Енді сол ол­қылықтың орнын толтыруым қажет», деп ағынан жарылды.

Үлкен спортпен қош айтысуын жария ету үшін даңқ­ты спортшының дәл осы Месси­наны таңдап алуы бекер емес. Винченцо 1984 жылдың 14 қара­шасында Апеннин түбегі мен Сицилия аралының тоғысқан тұсында орналасқан шағын ша­һарда дүниеге келді. Бозбала шағынан велоспортты серік еткен ол көптеген биік белесті бағындырды. 2005 жылы «Fassa Bortolo» клубының жейдесін киіп, кәсіпқойлар арасында бақ сынай бастады. Кейіннен басқа да белді командалардың намысын қорғады. 2013-2016 жылдары «Астананың» сапында өнер көрсетті. Ол кезде де Винченцо дара талантымен оқшауланды. Кейіннен АҚШ пен Бахрейнге кетті. Ал былтыр ол Қазақстанға қайта оралды. Бір сөзбен айт­сақ, халықаралық аренада «Аста­наның» абыройының артуына Нибалидің сіңірген ең­бегі айтарлықтай.

Италиялық велошабан­доз­дың ең зор табыстарына тоқ­талсақ, ол 2010 жылы «Ис­пания Вуэль­тасы», 2012 мен 2013 жылдары «Тир­рено-Адриа­тико» 2014 жылы «Тур де Франс», 2013 пен 2016 жыл­да­ры «Джиро д’Ита­лия», 2015 пен 2017 жыл­дары «Джи­ро ди Ломбардия», 2019 жылы «Ми­­лан-Сан-Ремо» және тағы бас­қа көптеген дүбірлі дода­­ның же­ңімпазы атанды. Даңқты спорт­­шының өнеріне сүйсінген жер-жаһанның жанкүйерлері оны «Аку­ла» деп атап кетті. Осы­­лайша, қазіргі кезде «Аста­наның» намысын қор­ғап жүрген 37 жас­тағы Винченцо Ни­бали биыл өзінің спорттық мансабын аяқ­тауға бекініп отыр.

Бұл шешімге келуіне оның осы гранд-тур барысында күш-жігерінің сарқыла бастағанын нақты сезінуі де себеп болғаны күмәнсіз.