Бүгін – Халықаралық мүзей күні
Қазақ елінің тәуелсіздігі ертеңгі өмірдің кемелдігі үшін жасалатын қам-қарекетпен шектелмейді, ол ең әуелі халықтың кешегі тарихи-мәдени құндылықтарымен, теңіздей терең тағдырымен, асқаралы шыңдарымен, нешеме ғасыр өтсе де құмдауыт толқындар құндағында сақталған ғажайып өрнектерімен тиянақталса керек-ті. Өткенсіз бүгінің, бүгінсіз ертеңің тұл деген ғой батыр бабалар. Ендеше, халықаралық музей күнінде Қазақстанның да әлем жұртшылығына ұсынар ұстындары ұлан-ғайыр, тылсымнан тарқатар сырлы сазы да толайым екені сөзсіз. Осыған байланысты біз Мәдениет министрлігі тарихи-мәдени мұра басқармасының бастығы Базарбай АЛТАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Базарбай мырза, қазір елімізде бас-аяғы қанша музей бар? Олардың тыныс-тіршілігі хақында жұртшылыққа қысқаша баяндап берсеңіз.
– Бүгінде еліміздегі тарихи-өлкелік, этнографиялық, көркемсурет және мемориалды тұрғыдағы жалпы музейлердің саны 164-ке жеткен. Олардың 89,8 пайызы мемлекеттің тікелей қамқорлығына алынса, ал қалғандары жеке меншік түрінде халыққа мәдени қызмет жасап келеді. Осынау теңдессіз мұралардың әлемге ең танымалдары негізінен ауылды жерлерде сақталған. Қазіргі таңда ондай мекемелердің саны – 67. Ал музей экспозициялары мен қорында 2 млн-ға жуық мәдениет ескерткіштері бар. Жыл сайын орта есеппен 20 мыңнан аса жылжымалы, жекелеген көрмелер мен лекциялар өткізілсе, оны 1 млн-ға жуық халық келіп тамашалайды. Олардың ішінен республикалық маңыздағы 5 музейді айрықша атап өткім келеді. Мұның үшеуі ірі ұжым саналады. Өйткені, Орталық мемлекеттік музей, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік Өнер музейі және Президенттік мәдениет орталығы тарихымыз пен мәдениетіміздің, сондай-ақ музей ісіне қатысты өзекті мәселелерді ғылыми тұрғыда зерттеп, жетілдіру жұмыстарын қоса атқарады.
– Музей ғылыми жұмыспен айналысатын адамдар үшін нағыз мол қордың ордасы емес пе?
– Рас, соңғы жылдары мұнда ғылыми-зерттеу және жинақтау жұмыстары барынша жандана түскені байқалады. Мәселен, өткен жылы бір ғана Орталық мемлекеттік музейден 10 монография, жинақтар мен каталогтардың (Қазақтың дәстүрлі ұлттық киімдері, безендірілген ғылыми каталогы; Қазақстандағы ежелгі көшпелілер мәдениеті, безендірілген ғылыми каталогы; т.б.) жарық көргені соның дәлелі. Жақын және алыс шетелдердің кітапханалары мен музейлеріне, мұрағаттарына ғылыми іссапарлармен бару нәтижесінде қор тың деректі құжаттармен, баға жетпес дүниелермен толықты. Орталық мемлекеттік музей қоры Шілікті қорымының бүкіл дүние жүзіне белгілі алтын бұйымдарымен молықса, ал Президенттік мәдениет орталығы біздің дәуірімізге дейінгі VІІ-ІІІ ғасырлардағы Берел көсемінің ат әбзелдерімен байыды. Шетелдегі музейлер мен бірқатар ғылыми-зерттеу, мәдени мекемелерімен арадағы ғылыми, мәдени байланыстар нығая түскені көңілге қуаныш ұялатады.
– “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы туралы сөз қозғалғанда, қазақтың шет елде қалған тарихи тұлғаларына соқпай өте алмаймыз. Сол жайында білсек пе деп едік?
– “Мәдени мұра” бағдарламасы барысында Шығыстан шыққан ғұлама ғалым Әл-Фарабидің Дамаскідегі кесенесі мен тарихи-мәдени орталығының құрылысы жүріп жатқаны мәлім. Бұйыртса, алдағы жылы философ ғалымның өмірі мен қызметіне арналған музей ашылмақ.
– Қай салада болсын білікті маман қадірлі. Осыған байланысты қандай шаралар атқарылуда?
– Министрлік бұл мәселеге өте көп көңіл бөлуде. Музей саласы қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатында, мәселен өткен жылы республикалық музейлердің 10 қызметкері “Музей ісі және тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау” бағдарламасы бойынша Мәскеудің айтулы 6 ірі музейінің озық тәжірибесін үйреніп қайтты. Кәсіби біліктілікті арттыру курсын бітірген музей қызметкерлері өз ұжымын саланың заманауи әдістемеліктерімен таныстырса, өткен жылы 12 реставратор Мәскеу, Санкт-Петербург және Омбыда біліктілік арттыру курстарынан өтті.
– Көрмелер жиі ұйымдастырыла ма?
– Былтырғы жылы республикалық музейлер 107 көрме, 14.355 экскурсия жұмыстарын өткізіп, түрлі тақырыпта 357 лекция оқылған. Қазақстанның мәдениет күндері аясында Президенттік мәдениет орталығы, мемлекеттік Өнер музейі мен Алтын және бағалы металдар мемлекеттік музейі Моңғолия, Тәжікстан, Сауд Арабиясы Корольдігі, Біріккен Араб Әмірлігі мен Германияда өз көрмелерін сәтті ұйымдастырып, өзге жұртқа Қазақ елінің баға жетпес байлығын таныстырып келді. Мәдени байланыстар аясында шетел музейлері Қазақстанға келіп, 2008 жылы елордада “Украинның ұлттық киімдері”, Египеттің, Катардың бейнелеу өнері көрмелерін, 2009 жылы Қытай зергерлік өнерінің көрмесін, Эрмитаждың “Орыстың қару-жарақтары” көрмесі сияқты бірталай шараларды жұртшылық риза көңілмен тамашалаған.
– Музей-қорықтардың басқалардан ерекшеліктері неде?
– Елімізде республикалық маңыздағы 9 қорық-музей жұмыс істейді. Оның ерекшелігі – қорында тек музейлік заттар мен коллекциялар ғана сақталып қоймайды, қозғалмайтын бірталай мәдени нысандар да енеді. Олар – Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі, “Әзірет-Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, “Берел”, “Көне Тараз ескерткіштері”, “Есік”, “Ордабасы” ұлттық тарихи-мәдени қорығы, “Ұлытау”, “Жидебай–Бөрілі”, “Тамғалы” музей-қорықтары. Бұлардың арасында “Берел” мен “Есік” санатқа кейінірек қосылса, ал келешекте тағы Атыраудан “Сарайшық”, Шығыс Қазақстаннан “Шілікті”, Батыс Қазақстаннан “Бөкей Орда” музей-қорықтары ашылады деп күтілуде.
– Музей-қорықтардағы тарихи ескерткіштердің саны анықталған ба?
– Аумағы 171,1 мың гектар болатын музей-қорықтарда 1558 тарихи және мәдени ескерткіштер орналасқан. Бұл еліміздегі барлық ескерткіштердің 13 пайызы деген сөз. Оның ішіндегі екеуі ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұрасы тізіміне енсе, 56 нысан республикалық маңыздағы ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне қосылған. 1500-і жергілікті маңыздағы нысан ретінде бағаланады.
– Ал қазіргі таңда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Бүгінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде реставрация жұмыстары жүруде. Ескі Түркістандағы Шахристан бас қақпасын қайта қалпына келтіру қолға алынуда. Хан резиденциясы жаңғыртылуда. 2008-2009 жылдары Семейдегі Абай қорық-музейі ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген, “Есік” қорық-музейінің экспозициялық корпусы мен әкімшілік мекемесінің құрылысы аяқталған.
– Осынша қыруар байлықты қорғауға бөлінетін қаржы жеткілікті мөлшерде ме?
– Мемлекет 2009 жылы қорық-музейлерді қаржыландыруға 223,2 млн. теңге бөлген. Ол алдыңғы жылмен салыстырғанда, 15 пайызға артық.
Әңгімелескен: Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.