Құрбандықтар саны 70 адамнан асты
Нигерияның астанасындағы автовокзалда жасалған екі жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны, соңғы деректер бойынша, 71 адамға жетті. 124 адам түрлі деңгейде дене жарақатын алды делініп отыр. Барлық зардап шеккендер ауруханаларға жеткізілген. Бұдан бөлек, жарылыстардан 40 автобус бүлінген.
Ел астанасы – Абудже қаласындағы қосарланған террорлық акт 14 сәуір, дүйсенбі күні ертеңгісін жасалған болатын. Әзірше лаңкестікке жауапкершілікті ешқандай террорлық ұйым өз жауапкершілігіне ала қойған жоқ. Бірақ, сарапшылардың пікірінше, жарылыстарға «Боко Харам» террорлық ұйымы радикалды исламистерінің қатысы болуы ықтимал. «Боко Харам» жасақтары 2009 жылдан бері елдің солтүстік аудандарының тәуелсіздігі үшін күрес жүргізіп келеді.
Индонезияның алғашқы президент ұшағы
Американың «Боинг» ұшақ жасау концерні Индонезия тарапына жаңа ВВJ2 жолаушылар ұшағын пайдалануға берді. Бұл ұшақ енді Индонезия президентін таситын болады. «Боинг 737-800» жолаушылар лайнері базасында жасалған ұшақтың құны 89,6 миллион доллар тұрады.
Бұған дейін ел билігі президенттің сапарларын қамтамасыз ету үшін Garuda Indonesia әуе компаниясынан ұшақтарды жалға алып келген көрінеді. Индонезия министрлер кабинетінің хатшысы Суди Силалахидің сөзіне қарағанда, бұл ел осыдан 69 жыл бұрын Нидерландтан тәуелсіздік алған кезеңнен бергі алғашқы президенттік ұшақ болып табылады. Аталған ұшақ 50 жолаушыны алып ұша алады. Ол кеңес өткізетін және демалатын бірнеше бөлмелермен жабдықталған.
Жириновскийдің кезекті күлкілі қылығы
Ресей либерал-демократиялық партиясының серкесі Владимир Жириновский кеше Мемлекеттік думаның пленарлық мәжілісіне Ресей қарулы күштері полковнигінің формасын киіп келген. Көптеген депутаттар кейде аузына ие бола алмай, артықтау сөйлеп қоятын атышулы парламентарийдің суретін өздерінің Twitter-лерінде орналастырып, мәз болғанға ұқсайды.
Мәселен, депутат Светлана Журова былай деп жазыпты: «Бүгін Владимир Вольфович Думада әдемі сөз сөйледі. Мінберде камуфляжбен тұрған өзіне қатты жарасады екен». Ал Роберт Шлегель: «Команданте мінберді бір оқ шығармастан басып алды», деп қағытыпты. Владимир Вольфовичтің өзі болса, мәжіліс алдында журналистерге былай деп түсінік беріпті: «Бүгін мен заң бойынша киіп жүруге құқым бар полковник формасын киіп келдім. Мұның еш сөкеттегі жоқ қой деп ойлаймын».
Жоғалғанды табудан үміт үзер емес
Өткен айдың 8 наурызына қараған түні Малайзияның астанасы Куала-Лумпур қаласынан ұшып шығып, Қытай астанасы Бейжің қаласына бағыт алған, бірақ күні бүгінге дейін із-түзсіз жоғалып кеткен малайзиялық «Боинг 777-200» жолаушылар ұшағын іздестіру әлі де жалғасып жатыр.
Іздеу нәтижесінде Үнді мұхитында мұнай дағы табылған болатын. Іздеу шаралары да сол маңда жалғастырылып жатыр. Алайда, алдымен бұл дақтың қайдан шыққанын, бұл жерде қайдан пайда болғанын анықтау қажет, дейді Австралияда орын тепкен іздестіруді үйлестіру орталығының басшысы Ангус Хьюстон. Оның сөзіне қарағанда, «қара жәшіктер» бір аптадан бері қандай да бір белгі беруді тоқтатқан. Сондықтан жоғалған ұшақты іздестіру жұмыстары да қиындай түспек. Қысқасы, іздеушілер ішінде көптеген жолаушылары болған әуе кемесін табудан үміт үзбейміз дейді.
Мектептің жабылуына жыландар кінәлі
Қырғызстанның Ош облысындағы Бірінші мамыр айылындағы жергілікті мектепте оқу тоқтатылған. Оған оқу орнында жыландардың көптеп пайда болуы себеп болған. Дерек көзінің мәліметінше, күніне мектепте 20-30 жыланға дейін пайда болады екен.
«Азаттық» радиосының хабарларына қарағанда, жыландар оқушылар мен мұғалімдерге әбден қауіп төндіруі ықтимал көрінеді. Ондаған жыланды мектеп жанынан көргендер де бар екен. Жергілікті тұрғындар санэпидемиялық қызмет пен ветеринария басқармасына көмек сұрап барса, олар жәрдемдесе алмайтындарын айтыпты. Кеше кешкісін айылға облыстық ТЖМ басқармасының бастығы Дайырбек Каримов барып, мәселені оқиға орнында шешуге кіріскен сыңайлы. Аталған мектепте 150 бала білім алады екен. Ал мазаны қашырған жыланның қай түрі екені нақтыланбайды.
Банкті 89 млн. рубльге алдаған алаяқ
Мәскеу полициясы банкті 89 млн. рубльге алдаған Чешенстан тұрғынын ұстаған. Бұл туралы Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігі хабарлады. Тергеу нұсқасына қарағанда, 57 жастағы ер адам жалған құжатты пайдаланып, банктердің бірінен 89 млн. рубль кредит алыпты. Айыпталушы сырттай алты жылға бас еркінен айырылу жазасына кесілсе керек.
Осыдан кейін күдікті із жасыруға әрекет жасаған. Яғни, ол пластикалық хирургияның көмегімен өзінің сыртқы бет-бейнесін өзгерткен. Оның үстіне, басқа адамның атындағы жалған құжатты пайдаланған. Күдікті бүкіл Ресей аумағы бойынша бір жыл бойы іздестіріліпті. Сөйтіп, ол 15 сәуірде Мәскеуде қолға түскен. Операцияға Мәскеудегі көптеген құқық қорғау органдарының жасақтары қатысқан. Ішкі істер министрлігіндегілердің хабарлауынша, күдіктіден басқа біреудің атына ресімделген жалған төлқұжат табылған.
Қысқа қайырып айтқанда:
Ресей ішкі істер министрлігінің тергеу департаменті Федералды шекараны жабдықтау жөніндегі агенттіктің бұрынғы басшысы Дмитрий Безделовқа іздеу жариялады. Оған өзінің сыбайластарымен 1 миллиард рубль ұрлады деген күдік келтіріліп отыр. Ақша Абхазия шекарасында бекет салу үшін бөлініпті.
Нидерландтың Осса қаласында қараңғыда жарық беріп тұратын алғашқы 500 метрлік жол салынды. Жол қараңғыда күндіз күн жарығынан алған энергиясымен жарық беріп тұрады екен. Оны салған «Roosegaarde Heijmans Infrastructure» компаниясы жолға электромобильдерді зарядтайтын арнайы индукциялы жабылғы төсеуді де жоспарлап отырған көрінеді.
АҚШ-тың Колорадо штатындағы Эйвоне қаласында медициналық мақсатта марихуана сататын алғашқы автомат пайда болды. «Емдік» есірткіні арнайы тіркеу карталары бар пациенттер ғана сатып ала алады екен. Колорадо марихуананы медициналық мақсатта өсіруге, сатуға және пайдалануға болатын алғашқы штат саналады.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.