16 Сәуір, 2014

Үздік университет үлгісі

332 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Жоғары оқу орындарының Еуропалық стандарт рейтингісі» бойынша қазақстандық 23 ЖОО-ның ішінен жоғары бағаланған 5 білім ордасының бірі Қарағанды мемлекеттік техникалық универ­ситеті болғаны белгілі. Оқу ор­ны­ның аймақтағы рөлі, ғылы­ми-оқу үдерісінің мони­то­рингі, оқу үдерісін ақпарат­тан­дыру, оқыту сапасын бағалау сияқты еуропалық стандарттар ескері­летін бұл байқауда үздіктер қа­тарынан орын алу, осы бағытта кейінгі жылдары жүргізілген сан алуан жұмыстар жемісі. Жаңа жетістікпен қанаттанған байырғы білім ордасы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүд­­де, бір болашақ» атты Жол­дау­ын­­да ғылым мен білім саласы алдына қойылған басым міндет­терге байланысты жоғары оқу ор­нын дамытудың 2014 жылға ар­налған кешенді бағдар­лама­сын қабылдады. Негізгі бағыт­тары қатарында универ­ситет­тің инно­вациялық ғылыми-техника­лық ке­шенінің тиімділігін арттыру не­гізінде Германия мен АҚШ-тың («KBL», «FLUOR») ин­жи­­ни­­ринг­тік компанияларымен бір­ле­сіп халықаралық стандарттар­ды құрылысқа енгізу жөнінде және халықаралық материалтану орталықтарын құру, соның негізінде өнеркәсіптік өнімді сер­тификаттауды ұйымдастыру жобасын іске асыру көзделген. Сондай-ақ, аймақ өнеркәсібінің инновациялық дамуы бойынша метан газын пайдаға асыру, кен қазбалары қауіпсіздігін қам­та­ма­сыз ету, геологиялық барлау, көлік инфрақұрылымы және логистика орталықтары жұмысы жетілдіріледі. Облыстың индустрияландыру картасында қарастырылған жобаларды жүзеге асыру үшін бәсекеге қабілетті мамандар даяр­лау жалғасын табады. 75 кәсіпорынмен 2015 жылға дейін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде 29 мамандық бойынша 2984 маманды мақсатты даярлау шарттары жасалды. Бағдарламада мамандарды даярлау сапасын арттыру үшін «Schneider Eleсtric» компаниясымен бірлесіп жер үсті лазерьлік сканерлеу зертханасын, оптика-талшықты кабельдерді дәнекерлеу жөнінде оқу ғылыми-оқу зертханасын құру бар. Дуальді оқыту мәселелерін шешу үшін мамандар даярлаудың барлық бейіндері бойынша бес ғылыми-оқу-өндірістік бірлестігі тағы соншасымен толығатын болды. Бұған қоса, таяу күндері университет «Армандастар ордасы» атты еліміздегі ең ірі студенттер үйін пайдалануға беріп, жүздеген шәкіртті қуантқалы отыр. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.