16 Сәуір, 2014

«Тың – біздің ұрпақтың тамаша тағдыры»

672 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

ДАЛАДАҒЫ ДҮБІР

тусыраған тыңды түлетіп, халықты туыстастыра түскен еді

дала ду Қазақстанның ұлан-байтақ даласында тың игеру науқаны­ның басталғанына биыл 60 жыл толып отыр. Тың игеру мәселесіне қатысты соңғы жылдары әр­түрлі пікірлердің айтылып қалып жүргеніне қара­мастан,  халқымыз басынан өткерген осынау елеу­лі оқиғаның ел тарихында үлкен бір белес болып қалары айдан анық. Таяқтың екі ұшы болаты­ны сияқты, тың көтеру ісінің жерді эрозияға ұшы­рату тәрізді белгілі бір зиянды жақтарының бол­ғанына қарамастан, түптеп келгенде, Қазақ­­­стан­да елді мекендер санын көбейту, астық мол­­шылығын орнату сияқты көптеген пайдалы жақтарының болғанын да жоққа шығара алмаймыз. Ең бастысы – тың төсінде тағдыр табыстырған адамдар бүгінгі Қазақстандағы берік достықтың, баянды бауырластықтың тамаша дәстүрін орнық­тырғаны – біздің баға жетпес байлығымыз. Төменде беріліп отырған топтамада тың иге­ру науқанына қатысты осы және өзге де жәйт­тер сөз болады. __________

«Тың – біздің ұрпақтың тамаша тағдыры» – дейді тың игеруші Галина НЕЧИТАЙЛО

1954 жылы ақпан айының аяғында Қостанай облысына тың игеруші қыз-жігіттер мінген алғашқы эшелон келіп тоқтаған болатын. Ал тың игерушілердің екінші толқыны 1960 жылы келді. Екінші толқынның ерекшелігі олар білімді мамандар болатын. Одессадағы Гидрометеорологиялық институтты бітірген 25 түлектің барлығына тың жерлер игеріліп жатқан Қазақстанға жолдама берілді. Солардың арасында Галина КОРЕЦКАЯНЫ Қостанайға жіберді. – Бізді Алматыға әкеліп, сол жерден тың көтерілген облыс­­­тарға бөлді. Мен Қостанайға келісімен облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Андрей Бородиннің қабылдауына кіріп, Одесса институтының инженерлік-агрометеорологиялық факультетін бітіргенімді айттым. Андрей Михайлович тыңдап болып «Корецкая жолдас, Украинаға қайтып кетемін деп ойлама, бізге гидрометеобюроның болжамы өте қажет», деді. Бірінші хатшы менің жұмысыма табыс тілей отырып, маған пәтер бергізуге, жұмысымда проблемалар туындаса көмек беруге уәде етті. Ол кезде партия айтса – заң, оның үстіне бірінші хатшының мені жылы қабылдауы қанаттандырғандай болды, қызметке зор ынтамен кірісіп кеттім. Алғашқы кезде қатардағы инженер-агрометеоролог болып жүрдім де, жарты жылдан кейін «Қостанай» гидрометеобюросының бастығы болып тағайындалдым. – Сол жылдары маман­ды­ғы­ңыздың маңызы неде еді? – Біз келген 60-жылдары Қостанайда қыс өте қатты болатын. Боран ұлыған сайын далада түк көрінбейтін, қар қалың, аяз да қатты болатын. Осындай ауа райын біз шаруашылықтарға алдын ала хабарлап жеткізетін едік. Оның үстіне, біздің болжамымыз жетпей агрономдар қимылдамайтын. Бидайды қай кезде, көктемнің қай күні себу керек, күзде қай күннен бастап егін жинау науқаны басталуы қажет, осының барлығын біздің ақпаратымызсыз шаруашылық басшылары, мамандары шеше алмайтын. Ол кезде жергілікті жердің климаты дұрыс зерттелмеген, шаруашылықтар бидайдың қандай сортын, тағы басқа қандай дәнді дақылдар себу керектігіне де ойланып қалатын. Агрометеорологтардың кеңесімен ғана дәнді себу мерзімін анықтайтын. Оған топырақ жылуы, ылғалдылығы жете ме, жетпей ме – мұны алдын ала біліп отыру өте маңызды болатын. Қазір егін шаруашылығы әбден зерттелген, дәнді дақылдардың сорттары да жетіп артылады, диқандардың екпейтін дақылы жоқ. Біз ұшақпен ылғи іссапарда жүретінбіз. Шаруашылықтар алқаптарына барып, топырақтың ылғалын өлшейміз. Әйел адамға ылғи ат үстінде жүру қалай оңай болсын. Бірақ жауапкершілік биік болатын. Партия алдында жауап бересің, жұмысқа бар ықыласыңды саласың. Сонда шаршауды, жұмыстан қалуды білмейміз. Комсомолмыз, одан кейін коммунистік партия қатарына өттік. Біздің облыстағы мен басқаратын «Қостанай» гидрометеобюросы республикада жетекші орынға ие болды. Мен «Қазақ КСР Гидрометеоқызметінің үздігі» белгісімен марапатталдым, өзге наградаларым да жеткілікті. – Алып державаның сол жыл­дары Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру саясатын қазір қалай бағалар едіңіз? – Тыңды игеру Қазақстанда топырақтың эрозияға ұшырауына, экологияның бұзылуына әкелді деген пікірлер бар. Мұның жаны бар сөз екенін жоққа шығармаймын, бірақ бұл бөлек әңгіменің желісі. Ал жалпы, тыңды игеру ісі Қазақстан экономикасының көтерілуіне ықпал еткені сөзсіз. Ұшы қиырсыз далада қаншама шаруашылықтар, елді мекендер пайда болды. Тамаша еңбек адамдарының, шаруашылық ұйым­дастырушыларының қалып­­тасқанын, еңбектің дәріптелуін айтсаңшы! Атақты «Буревестник» кеңшарының директоры Николай Козлов, даңғайыр механизатор Жансұлтан Демеев секілді Со­циалистік Еңбек Ері атағын алған кісілерге жұрт қазіргі «жұл­дыздарды» көргендей таңырқап қарайтын. Осы секілді еңбектен бағы жанған жандар әр ауылдан табылатын. Олар таза еңбегімен, маңдай терімен биікке көтерілген қарапайым ғана адамдар болатын. Тың тұрмыстың жақсаруына, тоқшылыққа бастады. Тың көтеру кезінде Қазақстанға қандай ұлттың өкілі келмеді дейсің. Жастармен бірге жаңа леп келді. Қазақстан достық еліне айналды. Сол достықтың жібі осы күнге дейін үзілген жоқ, қайта араласып, құраласып ағайындай болып кетті. Жастық шақтағы достықты эстафета сияқты біз балаларымызға, немерелерімізге ұстаттық. Тың игерушілер, яғни менің замандастарым бақытты ұрпақ. Олардың көпшілігі соғыс жылдарындағы балалар болатын, тың игеру жылдары қиындықтарға төтеп берді және оның зейнетін де көрді. – Тың көтеруге келген жас украин қызының өмірі қазақ жерінде қалай өрілді? – Мен Қазақстанға келгені­ме ешқандай өкінбеймін, жасты­ғым романтикамен өтті. Өмірлік серігімді – Степан Иосифович Нечитайлоны осыдан таптым. Біз бір ұл, бір қыз өсірдік, бақытты отбасы болдық. – Тың игеруші ұрпақтың ерекшелігі неде? – Біз ерте есейдік және өте белсенді өмір кештік. Жасымызға қарамай қазір де сол мінезден өзгерген жоқпыз, патриотпыз. Менің жасым сексеннен асты. Қазірге дейін қаладағы «Же­лез­но­дорожный» шағын ауданы ардагерлер кеңесінің төр­айымымын. Қоғамдық жұ­мыс бастан асады, қарағым. Қа­рия­лардың күнбе-күн келіп жататын туған күнімен, мерейтойларымен құттықтауды ұйымдастыру менің міндетім, ардагерлердің ән-би ансамбліне қатысамын, саламатты өмір салтын жүргіземін, оқушылармен кездесулерді қалдырмаймын, айта берсем жалғаса береді. Өзім өлең жазамын, замандастарымның туған күндеріне арнаған өлеңдерімді «Любить край родной и его людей» деген атаумен бір кітапқа жинас­тырдым. Суарылмайтын технологиямен 20 сотық жері бар саябақты күтемін. Тың игеру арқылы әр қиырдан келіп, туысып кеткен жандарға Қазақстан мәңгі мекенге айналды. Біздің ұрпаққа уақыт осындай тағдырды жазды. Бүгінде Қазақстанның тілеуін тілейміз, тыныштық болсын. Елбасына алғысымызды айтып, батамызды беріп отырамыз. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.