Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ақылынан аңғалдығы басым қазекем тілімен өрт сөндіріп, сөзімен ел сендіріп кететін «Алдарлар» құрған қақпанға тұтылып қалып, құтылып кетер жол таба алмай жүр. Таяуда ғана елордада қаржылық пирамида ұйымдарының бірінен зардап шеккен келіншек Ішкі істер министрлігі ғимаратының алдында наразылық білдіріп, өз-өзін өртеуге бел буғаны да жанымызды аяздай қариды.
Халықты қанау мен тонауды әдетке айналдырған қаржы пирамидаларынан жұрт қандай зардап шекті? Ақшасынан айырылған жәбірленушілердің саны қанша? Қылмыстық іске қатысы бар ұйымдарды не күтіп тұр? Бүгінде осы өзекті сұрақтар күн тәртібінен түспей келеді.
54 млрд теңге қолды болды
«Өткен жылы еліміз бойынша қаржы пирамидаларының құрбаны ретінде 31 мыңнан астам азамат тіркелген болатын. Оларға жалпы сомасы 54 млрд теңгеден астам қаржы көлемінде залал келтірілген. Қазіргі кезде ішкі істер органдарының өндірісінде осы санаттағы 65 қылмыстық іс бар. Үш мыңнан астам адам жәбірленуші болып танылды», дейді ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов жағдайды түсіндіріп.
Әлбетте, кісінің қаржысын алаяқтық жолмен иемденіп кету қылмыс саналатыны әлімсақтан белгілі. Ол – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Әйтсе де, әлеуметті әбігерге салатындардың арбауына түскен азаматтардың саны 30 мыңнан асып жығылғаны ойландырмай қоймайды. Бұл әріден қарасақ, бұқара халықтың аңқаулығын аңғартса, беріден зерделесек, жұрттың санасында «алма піс, аузыма түс» деген масылдық психологияның өршіп кеткенін байқатады.
Танымал адамдарды тыңдап жаңылғандар аз емес
Қаржы пирамидаларының құрылтайшылары алдап соға ма, арбап ала ма, әйтеуір бет-жүзі елге таныс әншіңіз де, кейде өнер әлемінде ақ тер, көк тер болып жүрген актеріңіз де солардың сойылын соғып, жарнамасын жасап жүретіні бар. Қысқасы, басқаны білмедік, «қиналғанда» солардың қасынан табылып жатады. Тіпті әлгілер келтіретін кесірді түсінгеннен кейін кешірім сұрап тікелей эфирге шығып та қалады. Сондайда бармағыңды тістеп, «осылар не «жеп» ақылды болады екен, ә?» деп те ойлап үлгересің. Олай ойламасқа амалың да қалмайды. Біраз уақыт бұрын жұрт танитын блогерлер Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов, Әзім Саидбаев секілді азаматтардың да басы дауға қалғанын жұртшылық жақсы біледі.
«Алматы қалалық соты танымал вайнерлер Мейірхан Шерниязов пен Мейіржан Төребаевты екі айға қамауға алуға санкция берді. Тергеу сотының шешімімен тергеу органдарының өтініші қанағаттандырылды. Шерниязов пен Төребаевқа қатысты қамауда ұстау мерзімін екі айға ұзарту туралы санкция берілді», деген мәтіндегі ақпарат та тарап үлгерді таяуда.
20 сәуір күні Төребаев пен Шерниязов 10 тәулікке қамауға алынғаны мәлім болған. Сәуірдің 19-ы күні кешке Мейіржан Төребаевтан Алматы полиция департаментінде Mudarabah Capital қаржылық пирамидасына қатысты қылмыстық іс бойынша жауап алынып жатқаны туралы ақпарат жарияланған еді. Әлбетте, блогерлердің қорғаушылары айыпты жоққа шығарып жататыны мәлім. Расында да, кімнің айыпты, кімнің қандай жазаға лайықты екенін уақыт көрсетеді. Кінәсі жоқ болып, «сүттен ақ, судан таза» екенін дәлелдеп шықса, қанеки?..
«Сайттарды бұғаттау, ұйымдастырушыларды, филиалдарды, құрылымдық бөлімшелерді орнату секілді шаралардың нәтижесінде 180-нен астам инвестициялық компания мен фирманың қызметі тоқтатылды. 138 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олардың 50-і сотталды. Қалғандарына қатысты сот жүріп жатыр» деген болатын ІІМ өкілі осы тақырыпқа орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында.
Шыны керек, адамның басы дауға қалғанда кімнің адал дос, кімнің амал дос екені байқалып қалып жататыны бар. Жоғарыда біз аттарын атаған блогерлердің достары арасынан осы мәселеге үн қатқандар болды ма деген оймен әлеуметтік желілерді қарап шыққанбыз. Байқағанымыз, шоумен, продюсер Марат Оралғазин ғана фейсбукте ойымен бөлісіпті. «Мейірхан да, Мейіржан да досқа адал, пейілі кең, еш арам ойы жоқ, көңілі ашық, жайдары жігіттер. Екеуі де отбасылы, көпбалалы әкелер. Қаражатқа мұқтаж жандар да емес. Шығармашылықпен айналысып-ақ шаруашылығын домалатып отырған жігіттер. Неге бұлай болып қалғаны менің де миыма кіріп шықпайды. Әттең, осындай жағдайға душар болып қалды. Бәлкім өздері де алданып қалды ма екен?» деп жазба қалдырған ол достарына қатысты мәселенің әділ шешілгенін қалайды.
Кімнің ақ, кімнің қара екенін тергеу амалдары анықтайтыны сөзсіз. Десе де, кезінде бейнежазба арқылы Mudarabah Capital компаниясын әбден жарнамалап, «халал инвестиция» деп атаған Төребаевқа сенбейтіндер де бар.
«Асауларға» тұсау салатын кез келді ме?
Қаржы пирамидаларының жетекшілері қазған орға түсіп опық жегендердің саны жыл өткен сайын арта түспесе, кеміген емес. Жұрт ішінде «алаяқтық бизнес» атанып кеткен «кәсіп» иелеріне имандай сенетіндердің саны сиремегені қоғамды ойландырады. Ойландырған соң шығар, Парламентаризм институты өкілдері ұйымдастырған басқосуда осы мәселе кеңінен талқыланып, ұтымды ұсыныстар айтылған.
«Расында, қаржы пирамидаларының жұмысын жарнамалап жүргендердің көбісі өнер адамдары, вайнерлер, әлеуметтік желілерде мыңдаған, миллиондаған оқырманы бар жұлдыздар екені мәлім. Қысқасы, танымал тұлғалардың соңынан ергендер олардың айтқанына сеніп, ақшаларын аямай салып жатқанын білеміз. Нәтижесінде, алданып қалғандар аз емес. Қаржы пирамидаларының айтқандарына сенген «құрбандардың» басым бөлігі 31-60 жастағы азаматтар. Олардың басым бөлігінің жұмысы да, жоғары білімі де бар», дейді Қаржылық мониторинг агенттігінің тергеушісі Орын Тұрлыбаев мәселенің мәнісіне үңіліп.
Бұл мәселеге қатысты әртүрлі пікірлердің бар екені мәлім. Мәселен, Парламент Мәжілісінің депутаты Юрий Ли мәселені заңға өзгерістер енгізу арқылы шешуге болатынын айтады. Оның ойынша, әкімшілік құқық бұзушылық кодексін, қылмыстық кодексті және жарнамаға қатысты заңдарды реттеген ләзім. «Қазақстан халқын қаржы өнімдеріне қатысты жалған жарнамалардан қорғағанда ғана мәселе шешімін табады», дейді ол. Кім біледі, расында да заңға айтарлықтай өзгерістер енгізілсе, жұрт танитын азаматтар «аңдамай сөйлегеннің ауырмай өлетінін» түсінетін шығар.
Әлемнің бірқатар елінде расында да қаржылық пирамида секілді алаяқтық сипаты бар кәсіпке бет бұрған компанияларға, жалпы, осы бағытта жұмыс істеуге ниеті барларға заңмен тыйым салынғаны мәлім. Олардың қатарында Франция, Канада, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Германия секілді бірнеше ел бар. Әлбетте, бұл тізімді ары қарай жалғастыра беруге болады. Ал Қазақстанда «қаржылық пирамида» деген сөз тіркесінің қандай ұғым беретіні туралы нақты түсініктеменің жоқтығы да ойландыруы керек. Қалай алып қарасақ та, бұқара халықтың қалтасын қаққандарға тосқауыл қоятын кез келіп жетті. Құзырлы орган да осы мәселеге мықтап назар аудармаса болмайды.
«Бүгінде қаржы пирамидасына жарнама жасағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны белгілі. Ал мамандар жағы айыппұлмен шектелуді доғарып, қылмыстық жаза кесу қажеттігін айтып отыр. Оны халық қалаулылары да қолдап отырғаны мәлім», дейді Парламентаризм институтының директоры Мансұрхан Махамбетов мәселеге қатысты ойымен бөлісіп.
Естияр адамдар неге есін жоғалтады?
Заң расында да алаяқтық сипаттағы қылмысқа бет бұрғандарды жазалау үшін керек екені айтпаса да түсінікті. Бұл мәселеге қатысты ешкімнің дауы да жоқ. Өйткені әрбір адам заң мен қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге тиіс. Әйтсе де, бізді басқа жағдай алаңдатады.
Деректерге көз жүгіртсек, қаржылық пирамиданың сойылын соққандардың жарнамасына алданып, ақшасынан айырылғандардың 74 пайызы жұмыспен қамтылған естияр азаматтар екен. Оны қойшы, қармаққа түскен балықтың күйін кешкендердің 62 пайызының жоғары білімі де бар. Олардың жалған жарнаманың жетегіне еруіне не себеп? Осы жағдай кімді де болса толғандырса керек. Осындайда олар кімдер, мына статистика нені білдіреді деген сауал сананы сансыратпай қоймайды. Былайынша айтқанда, есті адамдарымыз осылайша жарнама жасағыштардың байбаламына қатысты байлам жасай алмай жатқанда, тағдырдың тауқыметін тартып, жоқтан бар жасаймын деп жүрген қарапайым азаматтардан не қайран? Иә, әлеуметтік желілерде миллиондаған жазылушысы бар адамдардың айтқанына сеніп, айтағына ергендер көзі ашық, көкірегі ояу болуға тиістілер екенін аңғардық. Осындайда бір кездері ел ішінде кеңінен тараған ауыл қариясының «Балам, жасың отыздан асты әлі ертегіге сенесің...» дейтін уытты әзілі еске түседі...
Қысқасы, сана жаңғырмайынша аңғал қазақ арбаушылар қазған апанға түсуді тоқтатпайтын секілді. Оны заңға енуі ықтимал өзгерістер өзгерте ала ма, жоқ па, кім білсін?! Өкініштісі де сол.