Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім мекемесінің директоры Ғалымжан Құсманғали БАҚ өкілдерімен бірге қазіргі таңда елдегі өзекті мәселелердің бірі – конституциялық реформалар мен республикалық референдум жайында пікірлесті. Ашық әңгіме форматында өрбіген кездесуге БАҚ өкілдерімен қатар блогерлер және Нұр-Сұлтан қаласы этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
«Жалпы Президент ұсынған реформалар – ел өмірінің барлық саласын қамтитын кешенді жоспар. Сол себепті ол өзгерістерді өмірге енгізу бәріміздің, яғни әрбір Қазақстан азаматының атсалысуын қажет етеді. Әрбір қазақстандықтың пікірі ел тағдыры үшін маңызды. Өз кезегінде референдум сияқты саяси тетіктің 27 жыл өткеннен кейін қолданылуы, алдағы уақытта қабылданатын шешімнің тарихи маңыздылығын тағы да бір мәрте айқындатып отыр. Референдумда конституциялық реформаларды қолдауымыз – Мемлекет басшысы ұсынған Жаңа Қазақстан мен Екінші Республика идеясын жан-жақты қолдаудың нақты көрінісі болмақ. Алдағы реформалар Ассамблея қызметін де қамтиды. Қазақстан халқы Ассамблеясы тәуелсіздік жылдары халық бірлігін нығайту ісіне белсенді араласқаны баршамызға белгілі. Дегенмен, өзгерістер – қазіргі заман талабы», деді Ғалымжан Құсманғали өз сөзінде.
Бүгінгі күні қоғамдық келісімде де бірқатар өзгеріс орын алды. Мәселен, Ассамблеяның өзімен қатар құрылымдарының да, оның ішінде Журналистер клубының да жұмысы жаңа форматқа көшкен. Құрамы жаңарды. Енді клуб тізгінін Abai TV телеарнасының директоры Азамат Кеңесұлы жүргізеді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер клубы этносаралық мәселелерді қамту бағытында журналистік этика қағидаттарын қалыптастырып, жауапкершілікті күшейту үшін республикалық және өңірлік БАҚ өкілдерінің, атап айтқанда журналистердің, блогерлер мен сарапшылардың күш-жігерін бір арнада тоғыстыру мақсатында 2009 жылы құрылған болатын.